Үрейді үмітпен жеңген

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik
Qazaqstan».
Covid–19 індетінің таралу қарқыны бәсеңдер
емес. Ауруды әр адам әртүрлі жолмен жеңіп жатады. Мысалы, Сауран ауданына
қарасты Қарнақ ауылында тұратын Рыскүл Түлебаева пневмонияны дәрі-дәрмекпен
қатар, ертеңгі күнге деген үмітімен жеңген жандардың бірі.
Жасы жетпіске таяған әжей сол өзі тұратын Қарнақ ауылы,
Шаштөбе елді мекеніндегі мектепте ұзақ
жылдар бойы қызмет еткен, қазіргі таңда зейнетте. Жолдасы Жантөре
көкемен бірге қарашаңырақтың ұйытқысы болып отыр. Үлгілі отбасы үш ұл, екі
қыздан 15 немере сүйіп отыр. Рыскүл апа сол кезде той-томалаққа жиі барып
кеткенін айтады. Ақыры індет жұқтырып тынған ол Кентау қалалық орталық
ауруханасының инфекциялық бөліміне ауыр халде жеткізіледі.
Ауруханаға өте ауыр халде түскен Рыскүл әжей жасанды тыныс
алу аппаратына қосылып, дәрігерлердің жіті бақылауында болады. Рыскүл апаның
айтуынша, осындай дертпен түскен оның жасындағылардың көпшілігі ана дүниеге
аттанып кетіпті. Дәрігерлер Рыскүл Қасымбекқызының ерекше жігеріне, ересен
үмітіне таң қалып, оның дерттен өз күшімен айығып шығатынына сенеді. Рыскүл апа
өлім мен өмірдің арасында жатса да, өзінің де үмітін сөндірмей, қасында жатқан
науқастардың да үмітін сөндірмей ән айтумен болады. Күні-түні. Міне, осындай
көңіл-күй өте ауыр халде жатса да, оны ақыры аяққа тұрғызады. Рыскүл апа ол
күндерді былайша еске алады:
«Палатаға ауысқанда жанымда біздің ауылдың Кәрима деген
келіншегі жатты. Оның диагнозы да менімен ұқсас болатын. Оған аурудың оңай
соқпағаны қинала айқайлап мазасызданғанынан-ақ белгілі еді. Кейіннен оны басқа
палатаға ауыстырса да жағдайы еш өзгерген жоқ. Керісінше денсаулығы одан сайын
нашарлап, тәжтажалдың салдарынан көз
жұмғанын естідік. Сол сәтте көңілім құлазып, бойымда қорқыныш пен үрей ұялады.
Соның барлығын көзбен көрген соң Аллаға осы күніме шүкіршілік етіп, сабыр
еттім. Аурумын деп еш түңілмедім. Босаңсуға жол бермей, күш-жігерімді бойыма жинап, аяққа тұрып
кетуге талпындым. Менің осы індетпен бетпе-бет келгендегі түйгенім, әрбір істе
сабырлылық сақтау керек екен. Індет жоқ екен деп той-томалаққа барып,
сақтанбағандықтан кеселдің мені де айналып өтпегенін ұғындым.
Алланы тек ауырған кезде ғана еске алмай, ертелі-кеш естен
шығарма. «Мен аурумын, жазылмаймын» деген үреймен жүрсең, бұл өмірден түңіліп
кетеді екенсің. Сондықтан үрейленбеу керек. Үрейге берілмеген адамнан
коронавирус жеңіледі! Оны өз тәжірибемнен айтып отырмын» дейді әжей.
Әуелі Алла, екінші дәрігерлер мен өзінің күш-жігерінің
арқасында Рыскүл әжей бұл індетті толық жеңіп шықты.
Осылайша Рыскүл әжей алдағы уақытта қызықты шақтарын
немерелерінің қасында өткізіп, той-томалақтарға баруды тоқтата тұруды ниет етіп
отыр. Себебі, әр адамның денсаулығы өз қолында екендігін Рыскүл апа бір кісідей
түсінді.