«Алғабастың» Асқары

Сәбит Қалдыбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ елінің тарихында небір от ауызды, орақ тілді шешендер мен қара қылды қақ жарған әділ билер аз болмаған. Ханға кеңес беріп, қара халықтың сөзін сөйлеп, небір шытырман, даулы, күрмеуі қиын мәселені бір-ақ ауыз сөзбен шешіп, қазылық жасай білген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің даналығына тәнтіміз. Ел аузындағы «Төле тауып айтады, Қазыбек қазып айтады, Әйтеке жарып айтады» деген сөз бекер айтылмаса керек. Билер осы күнгі  соттың,  прокурордың төрелігін айта білген. Қазіргі күні біздің қоғамда билер институты жұмыс істейді. Әрбір ауылда, ауданда, үлкен қалаларда билердің қоғамдық ұйымдары құрылған. Ауылдық округтерде ауыл билері арасында өздеріне тиісті міндеттерді ойдағыдай атқарып, елдің алғысына бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Бірлік ауылдық округіндегі Алғабас ауылының биі, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Асқар  Елшиев.
Асқар осы ауылда 1963 жылы 16 қарашада дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті  бітірген соң АГМТ техникумын 1986 жылы «Автомобиль транспорты экс-плуатациясы» мамандығы бойынша бітірген. Отан алдындағы әскери борышын  Германияда өтеген. Асқар тау әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Бердеш ақсақал әскерде жүрген ұлына жазған бір хатында: «Балам, мен Отан қорғауда Варшава, Прага қалаларын азат етіп, Германияға жете алмай Чехословакияда ауыр жарақат алып, екінші топ мүгедегі болып елге оралған едім. Мен жетпеген жерге сенің табаның тиді» деп ризашылығын білдірген екен. Асқардың әкесі Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. Ауылдастарының айтуынша, ол кісі өте әділ,  шыншыл, үш тілде – латын, араб, кириллицада жаза да, оқи да алатын өте білімді, көзі ашық жан болыпты. Өмірін кітап оқумен өткізген, шежіре жазған. Міне, осы ардақты атаның ұлы Асқар Бердеш-ұлы еңбек жолын туған ауылы «Алғабас» ұжымшарында жұмысшы болып бастап, техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, диспетчер-статист, газтехнадзор болып қызмет атқарды. Мақтаарал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар бөлімшесінің қызметкері болып он бес жылға жуық жұмыс істеді. Қажырлы еңбегін бағалаған облыс басшылығы лауазымды қызметке де шақырды. Бірақ, туып-өскен ыстық мекенін қимады.
 Асқар Бердешұлы ауыл халқы сенім артып, Алғабас ауылының  биі етіп сайлағалы бері ауылдың ыстығына күйіп, суығына тоңып, елмен біте қайнасып келеді. Бірнеше жылдан бері Алғабас ауылының абаттанып, көркеюіне аянбай атсалысуда.  Тозығы жеткен мектепті күрделі жөндеуден өткізуге, апатты жағдайда тұрған Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуіне бар күш-жігерін салды. Ауылда шағын стадион, жаяу жүргіншілер үшін аяқжол салынуына, Қорғанбаев, Ынтымақ көшелерінің асфальтталуына және ауылдағы бірқатар көшелерге тас төселуіне де мұрындық болды. 
Мақтаарал ауданында су тасқыны болғанда Ташкент – Термез трассасы бойына уақытша жайғасқан және Алғабас ауылына үдере келген адамдарды ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге де  себепші болды. Өзі айтқандай, «Айлығы жоқ,  алайда, айқайы мен сауабы көп жұмысты» үлкен жауапкершілікпен атқарады.
Кейіпкеріміздің ел ішіндегі еңбегі ескеріліп, генерал С.Нұрмағамбетов атындағы,  Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Ел Құрметі», «Әділ би» медальдарымен және төсбелгілерімен марапатталған. 
Асқар өмірлік қосағы Зәмира екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып немере сүйіп отырған бақытты отбасы иесі. 
Пікір қалдырыңыз