Жаңа Түркістан: үмітке толы үш жыл

2018 жылы 19 маусымда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Жаңа облыстың орталығы болып Түркістан қаласы таңдалып алынды. Киелі шаһардың жаңа дәуірі басталды. Міне, осы тарихи оқиғадан бері небәрі 3-ақ жыл өтті. Яғни Түркістан облысының құрылып, Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталғанына 3 жыл толды. Тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін аз ғана уақыттың ішінде Түркістанымыз Толағайдай өсіп, көктемдей құлпырып шыға келді. Облыстың барлық аудан, қалаларында ауқымды жұмыс атқарылды.
Қазақта қала мәдениеті болған!
Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан Түркістан өңіріне, әсіресе, Түркістан қаласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Тіпті, кей ағайындар «дағдарыс кезеңінде қала салу қаншалықты дұрыс?» деген сұрақты төтесінен қойып жүр. Жөн-ақ. Дегенмен, әр істің, әр бастаманың тарихи негізі мен алда күтілетін жоспары болады. Осы екі тұрғыдан алып қарасаңыз Түркістанның қайта түлеуге, қайта жаңғыруға әбден лайық екенін аңғарасыз.
Қожа Ахмет Ясауидей ұлы ғұлама, ізгілік жаршысы өмір сүріп, білім мен дін шамшырағын жаққан көне шаһар тұтас қазақ халқы үшін қадірлі әрі қастерлі. Себебі, осы кесене маңында қазақтың 21 ханы мен жүзден астам айбынды батыр, би, ғұлама, қайраткерлері мәңгі тыныс тапқан. Мағжан ақынның «Түркістан – екі дүние есігі» деп жырлауы бекер емес. Терең тарих пен жарқын болашақ тоғысатын жер бұл.
Түркістанның қай ғасырдан бері қала болғаны туралы тарихшылардың пікірі сан қилы. 2000 жылы 1500 жылдығы аталып өтілді. Алайда, соңғы жылдардағы зерттеулер қаланың тарихы одан да тереңде екенін дәлелдеп жатыр. Профессор Жамбыл Артықбаев өзінің ғылыми мақаласында тарихшылардың зерттеуіне сүйене отырып, Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адамдардың 550 мың жыл бұрын мекендегенін жазған. Орыстың П.Рычков деген зерттеушісі Ташкент, Ходжант, Кашкар, Табат және өзге де қалалар, яғни Орта Азия үшін Түркістан қаласы орталық сипатында болғанын сөз еткен.
«Қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазір Түркістан кішкене қала болғанымен, ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы, Тұран өркениетінің алтын бесігі болды» дейді Жамбыл Артықбаев.
XVI ғасырдан бастап «Түркістан» атауы қалаға мықтап бекіп, қазіргі таңға дейін жетіп отыр. Үш ғасырдан астам уақыт бойы Қазақ хандығының астанасы болуының өзі Түркістанның халқымыз үшін аса қастерлі мекен екенін аңғартады. Италия үшін Рим, Грекия үшін Афины қандай қымбат болса, Қазақ елі үшін Түркістанның орны да соншалықты айрықша.
Бүгінде қала туралы зерттеулер әлі де жалғасып жатыр. Күлтөбе қалашығын, ашық аспан астындағы мұражайын саяхатшыларға, тарихшыларға таныстыру жолдары жүйелену үстінде. Жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде шетелдік ғалымдар мен археологтардың қатысуымен «Түркістанға – 3000 жыл» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Оған берісі Орта Азия, арысы АҚШ-тың тарихшы-ғалымдары қатысты. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев баяндады.
«Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлеулер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді» деді Бауыржан Байтанаев.
Иә, Сіз қағыс естіген жоқсыз. 3 мың жыл. Археологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған жәдігерлер бізді осы ойға жетелейді. Жалпы, қала деген не? Оның қатардағы қоныстан айырмашылығы неде? Бұл туралы ғылым былай дейді. Қала дегеніміз – ғылымы мен мәдениеті дамыған, тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және басқару мекемелерінде жұмыс істейтін, халқы тығыз орналасқан ірі елді мекен. Қалада әкімшілік басқару орындары, ғимараттар, көшелер болуы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда Түркістан ежелден-ақ қала мәртебесіне сай болған. Сондықтан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең ауқымды әрі маңызды істің бірі деп Түркістанды қайта түлетуді айтуға болады. Түркістанды дамыту – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты іске асқанының көрінісі. Түркістанды дамыту – «қазақтардың мемлекеті, өз жері болмаған» деп көкіген кейбір көкезулердің қыжыртпаларына нақты жауап. Түркістанды жаңғырту – Оңтүстіктегі шекарамызды нығайтудың, демографиялық өсімді ұлттық бағытқа бұрып, «Мәңгілік Ел» идеясын жандандырудың бір тетігі. Қазақ халқының өркениеті, қала мәдениеті мен сәулет өнері, ғылымы, тарихы мыңжылдықтарға тамыр тартқанының белгісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі істі жалғастыруымен тұтас халқымыз ұлы шаһарды қайта жаңғырту миссиясын атқарып жатыр. Осы ұлы үрдіс жалғасуы тиіс. Түркістан тарихы туралы таңнан-таңға дейін сөз қозғауға болады. Біз Түркістан облысы құрылған 3 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға, негізгі көрсеткіштерге қысқаша шолу жасап көрелік.
Инвесторға тартымды, құрылысы қарқынды
Тарихи негіз, түп-төркін деген ұғымдар бар. Түркістанның да іргетасы мыңжылдықтарға жетелейтінін айттық. Ұлы Жібек жолының бойындағы қала болғандықтан шығар, Түркістан облыс орталығы бола салысымен елімізден бөлек алыс-жақын шет мемлекеттерден инвесторлар жиі келетін болды. Инвесторды күтіп алып, есеп үшін жиналыс өткізу бір басқа, екі жаққа да тиімді шешім қабылдап, өңірге қаржы тарту өте қиын іс. Бұл ретте облыс әкімі, Елбасы, Мемлекет басшысы ерекше сенім артып отырған Өмірзақ Шөкеевтің іскерлігі мен жаңашылдығын айрықшалап айта кеткен жөн. Өмірзақ Естайұлы көне әрі жаңа шаһарға инвестор тарту бағытындағы жұмыстарды сәтімен жалғастырып келеді.
2018 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 288,1 млрд. теңгені құраса, 2019 жылы ол 441,2 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 38,5%-ға артты. Ал, 2020 жылы облысқа 703,3 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2018 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артты. Инвестициялардың өсу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы республикада 1-орынға шықты. Оның ішінде сыртқы инвестициялар 112,4 млрд. теңгеге жетіп, үлесі 16%-ды құрады. 2020 жылы жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 154,0 млрд. теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып, 3800 жаңа жұмыс орны ашылған. Жобалардың ең ірілеріне тоқталсақ, «KZT Solar» (HEVEL Kazakhstan) ЖШС-нің қолға алуымен күн электр стансасының құрылысы жүргізілді. Оның құны – 31,2 млрд. теңге. Сонымен бірге құны 19 млрд. теңгелік «ЮКСЭС 50» ЖШС-нің қолға алуымен күн электр стансасы құрылысы мен «Ecoinvest» ЖШС-нің өнеркәсіптік жылыжай кешенінің І кезеңі басталып кетті. «Turkistan Textile» БК» ЖШС-нің тігін фабрикасының құрылысы және «АБН Альянс» ЖШС-нің пластикалық құбырларды өндіру кәсіпорындары да ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.
Индустрияландыру картасы аясында 2020 жылы 1190,2 млн. теңгеге 6 жоба іске асырылып, 212 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, сым бұйымдарын жасайтын «Kaztor LTD» ЖШС арқылы 67 адам, асфальтбетон, тауарлық бетон және темір-бетон бұйымдарын өндіретін «SOUTH ALUPLAST» ЖШС ашылып, 56 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге көпфункциялы POS-терминалдарды құрастыратын «Нұрлы НазАй» ЖШС, асфальтке қажетті бетон өндіретін «Алем Бетон - 1» ЖШС, «MAKS BETON» ЖШС, «ATS Group LTD» ЖШС де іске қосылып, өңір экономикасына үлес қоса бастады.
Жуырда ел Үкіметі Түркістан облысын дамытуға 3,6 трлн. теңге бағытталатынын айтты. «Бюджеттің бәрі осы жаққа бөліне ме?» деген сұрақтар да пайда болды. Дегенмен, оның ішінде 2,7 триллион теңгесі жеке инвестиция екенін айта кеткен жөн. Қалған 530,6 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінсе, жергілікті бюджеттен 348,5 млрд. теңге қаралмақ. 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапарында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі.
АЭА аумағы 3000 гектардан асады. Аталған аймақта инвестициялық қоржыны жалпы құны 425,5 млрд. теңгені құрайтын 27 жоба жүзеге асырылуда. Облыстағы 9 индустриалдық аймақ та инвестиция тарту бағытындағы жұмыс қарқынын арттырады деген жоспар бар.
Инвестиция, өнеркәсіп, шағын кәсіпкерлікті қолдау, жұмыс орындарын ашу бойынша да облыста ілгері басушылық байқалады. Әрине, негізгі өндіріс орындары Шымкент қаласында қалып қойғандықтан, ол өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерді төмендеткені белгілі. Дегенмен, өңірде кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмысы бәсеңдеген емес. Бүгінгі таңда облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңнан асып, соңғы 2,5 жылда олардың саны 11 мыңға өсті. Осы салада 217,2 мың адам жұмыспен қамтылып, көрсеткіш өткен кезеңдермен салыстырғанда 0,3%-ға артты. Бұл секторда 823,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдармен салыстырғанда 3,1%-ға (өсім бойынша республикада 8-орын) ұлғайды. Басты көрсеткіш шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 21,3%-ды құрап, (2020 ж.) Стратегиялық картада міндеттелген индикатор көрсеткіші толығымен орындалды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 29 млрд. теңгені құрайтын 287 жоба қаржыландырылған. Бағдарламаны жүзеге асыруда өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының бюджеті 23%-ға ұлғайып, 2,9 млрд. теңгеге жетті. Нәтижесінде 400-ге жуық кәсіпорын қаржыландырылды. «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі іске қосылып, былтыр кәсіпкерлерге 33 мыңнан астам қызмет түрлерін көрсеткен. Осы арқылы тіркелген мыңнан астам бизнес-жоспардың 78 пайызына (868 бизнес-жоспар) қаржыландырылғанша көмек берілген. Нәтижесінде өңір 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингінде республикада 1-орынды иеленді.
Осы көрсеткіштер мен ауқымды жұмыс нәтижесінде Түркістан облысының экономикалық жағдайы да тұрақты түрде көтеріліп келеді. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылы 2 трлн. 353,5 млрд.теңгені құраған. Бұл – 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім +4,9%-ды құрады деген сөз. Ал, бұл көрсеткіш 2018 жылы 1 трлн. 659,9 млрд. теңге еді. Жалпы өңірлік өнімнің өсімі бойынша Түркістан облысы республикада 1-орында тұр. Жан басына шаққанда жалпы өңірлік өнім 1 159,2 мың теңгеден келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 238,2 млрд. теңге болды. Ол 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,8 млрд. теңгеге немесе 0,9 пайызға артқан.
Сөз жоқ, тәуелсіз Қазақстан тарихында қысқа уақытта Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі ең ауқымды құрылыс Түркістан облысы, оның ішінде Түркістан қаласында жүріп жатыр. Түркістан облысы десек, көз алдымызға тоқтаусыз алып құрылыс елестейтін болды. Түркістанда ғана емес, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш және өзге де аудандарда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қолға алынып, бірқатары ел игілігіне беріліп үлгерді. 2020 жылы өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 300 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 65,8%-ға артты. Үш жылда құрылыс қарқыны еселеп өсті. 2018 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 139,1 млрд. теңгені құраған болатын. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында былтыр 735,5 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, тапсырма 18,6%-ға артығымен орындалды. Оның 710,1 мың шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған.
Жалпы өңірде тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүруде. 2021 жылдың бірінші тоқсанының өзінде өңірде 96,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыс бойынша 790 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы қуатты, ауылдары шуақты
Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұрады. Сондықтан өңір экономикасының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы. Былтыр бұл салада өнім көлемі 729,7 млрд. теңгені құрап, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға артты. Диқандар мен малшылардың ерен еңбегінің нәтижесінде облыс республикада 3-орынға шықты. Ал, 2018 жылы 544,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген болатын.
Ауыл шаруашылығында өңделген өнім экспортының көлемі 105,1 млн. АҚШ долларына жетіп, 47,6%-ға артты. Оның ішінде Түркістан облысы ірі қара мал етін экспорттау бойынша елімізде 1-орында тұр. Егіс көлемі 847,9 мың гектар аумаққа артып, өткен жылмен салыстырғанда 19 мың гектарға молайды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанды еліміздегі жетекші агроаймаққа және экспорттаушы өңірге айналдыру, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында нақты мақсаттар қойып, игі істерге бастамашы болып келеді. Бірінші бағыт бойынша Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру үшін құны 46,7 млрд. теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Шаға ауылдық округінде АҚШ, Австралиясынды мемлекеттердің 29 түрлі технологиясымен 1 355 гектар жаңбырлатып суару машинасы орнатылды. Екінші бағыт бойынша «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынып, биыл 128 ауыл округінде 5,2 мың гектарға 1 999 жоба іске асырылып, 262,5 мың тонна өнім алынды. Ал, үшінші бағыт бойынша үйіргелік жерлерді игеру қолға алынды. Нәтижесінде 286 жоба жүзеге асырылды, әр отбасы 850,0 мың теңгеден табыс тапты. Жылыжайлар көлемі 132 гектарға ұлғайып, 1246 гектарға жетті.
«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандары құрылыстары жүргізілуде. Осы арқылы өңірге қосымша 200 млн. текше метр ағын су жеткізіледі. Нақтырақ айтсақ, «Түркістан магистральді арнасын күрделі жөндеу» жобасы, «Сыйымдылығы 18 млн. текше метр (м3) Кеңсай-Қосқорған–2» су қоймасын салу жобасы, «Жетікөл көлдер жүйесін қайта жаңғырту» жобасы, «Түркістан магистральдық каналын толтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық каналын салу» жобасы арқылы 200 млн. текше метрдей ағын су келіп, жыл сайын қосымша 14 млрд. теңгенің өнімін өндіру мүмкіндігі пайда болады. Мұның бәрі – стратегиялық маңызы бар жоспарлар.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, ауылдарға қолдау көрсету, аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берген болатын. «Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе» деді Президент. Бұл ретте Түркістан облысында Түркістан қаласын ғана емес, шалғай аудандар мен елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
2018 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мақтаарал ауданы екіге бөлінді. Мақтаарал және Жетісай аудандары құрылды. Сонымен қатар Сарыағаш ауданы да екіге бөлініп, Келес және Сарыағаш аудандары құрылды. Бұл – еліміздің оңтүстіктегі қақпасын, шекаралас аймақты күшейту жолындағы нақты қадамдар еді. Тарихи шешімдердің дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Небәрі үш жыл ішінде жаңадан құрылған аудандарда әлеуметтік нысандар көбейіп, құрылыс қарқыны артты. Бұрын бөлінбей тұрғанда жалпы Мақтааралдың бюджеті 40 млрд. теңгедей еді, қазір Жетісайдың өзінің бюджеті 50 миллиардқа жуықтаса, Мақтаарал ауданының бюджеті 40 миллиард теңгеге жақындады. Яғни мемлекет тарапынан бөлінген қаржы да, құрылыс та 2 есеге өсті. Бүгінде бір ғана Мақтааралдың өзінде 13 мектеп салынып жатыр. Аудан орталығы болғанына 3 жыл толған Мырзакент қазір адам танымастай өзгерген. Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының ғимараты, «Жастар» гүлзары, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион, орталық кітапхана, Мырзакент емханасы ел игілігіне берілді. Бүгінде 1200 орынды мектеп және 280 орынды балабақшаның құрылысы, дербес бөлімдер үшін әкімшілік ғимараты, Спорт сарайы, орталық саябақ нысандарының құрылысы жоспарланған. Қайта құрылып, түлеген Келес ауданы да жаңарып, ажарлана түскен. Ауданда соңғы 3 жылда жеке тұрғындардың есебінен 46 262 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2018-2021 жылдар аралығында Келесте 44 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша облыс көлеміндегі Келес ауданының үлесі 6,8 %-ды құрап, 5 орында келеді. 2018 жылы ауыл шаруашылығында жалпы өндірілген өнім көлемі 33 340,0 млн. теңгені құраған болса, қазіргі таңда ол 60 440 млн. теңгеге жеткен.
Жуырда тағы бір маңызды әрі тарихи шешім қабылданды. ҚР Үкіметінің қаулысымен Өзбекстанмен шекарадағы Бағыс және Хиебон ауылдары ресми түрде Түркістан облысына қосылды. Ауданы 750 гектар болатын Бағыс ауылы Ақжар ауылдық округіне, ауданы 45,62 гектар болатын Хиебон ауылы Сарыағаш ауданындағы, Құркелес ауылдық округінің шекарасына қосылады. Облыс әкімдігі тарапынан аталған ауылдарды инфрақұрылыммен жасақтау ісі басталып кетті. Ресми мәртебе беріліп, жылжымайтын мүлікке түгендеу жұмыстары аяқталды. Азаматтардың жер учаскелерін ресімдеу жұмыстары басталды. Бағыс ауылы тұрғындарына қолайлы болу үшін мобильді ХҚКО ұйымдастырылды. Биыл Бағыс елді мекені табиғи газбен толық қамтамасыз етілмек. Келесі жылы 300 орынды жаңа мектеп салынады.
Ауыл еңсесін көтеру бағытында жергілікті демографиялық өсімді ескере отырып, биыл жаңадан Сауран ауданы құрылды. Диқаншылық пен шағын кәсіпкерлікке бейімделген ауданның елді мекендері жаңаша қарқынмен даму кезеңін бастады.
Инфрақұрылым демекші, 3 жыл көлемінде Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында жол, ауыз су, газ, сапалы электр энергиясымен қамту іс-шаралары тұрақты түрде жүргізіліп, ауылдардың еңсесі көтеріліп қалды.
2018 жылы бюджеттен 26,8 млрд. теңге қаралып, нәтижесінде 1434,4 шақырым жол мен көше немесе 432 нысан (7 көпір) құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Оның 411 нысаны немесе 521,9 шақырымы пайдалануға берілді. 2019 жылы 719 нысан немесе 1738,4 шақырым жол, көше жөнделген. 2020 жылы автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен 54,8 млрд. теңге қаралып, 1974,8 шақырым жол мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның 1525,4 шақырымы пайдалануға беріліп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 74,1%-дан 79%-ға дейін артты.
Былтыр ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 28 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 19 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, 5 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылып, халықты ауыз сумен қамту деңгейі 92,1 пайызға жеткен. Өңірде 690 елді мекендегі 1 885,5 мың адам ауыз сумен қамтылған. Әлі де таза суға қол жеткізе алмай отырған ауылдар жоқ емес. Биыл 20 елді мекенді жаңа ауыз су жүйелерімен қамту, 14 елді мекеннің су құбырларын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
2020 жылы 23 табиғи газ нысанының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендер саны 423-ке немесе 1 млн. 274 мың адамға жетіп отыр. Электр энергиясымен қамту бойынша 2020 жылы 26 нысанның құрылысына 4,4 млрд. теңге бағытталып, 17 нысан пайдалануға берілді. Жалпы 2020-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 172 елді мекен сапалы электр энергиясымен қамтылады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2020 жылы облыста 336 жоба іске асырылып, 11 мектеп, 2 балабақша, 3 денсаулық сақтау, 1 спорт, 2 мәдениет, 9 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны және 474 шақырым жол жөндеуден өтті. Ауылға көрсетілген қолдау өз жемісін беретіні анық.
(Жалғасы бар).
Ғ.САПАРБЕКОВ.