1997 жыл: «Қазақстан-2030» стратегиясы — ұлттың ұлы мақсаттары межеленген жыл»

Осы жылды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялады.
Сол кездің ресми дерегі мынаны көрсетеді: 1997 жылы Үкіметтің зейнетақы және бюджет ұйымдарына жалақы жөніндегі барлық қарызы өтелді. Республика бойынша орташа жалақы 26,8 пайызға өсті. 1997 жылдың басында елімізде 52 мыңнан астам шаруашылық кұрылымдары, оның ішінде 3960 түрлі серіктестік, 453 акционерлік қоғам, 2900 өндірістік кооператив және 44 мыңнан жоғары шаруа қожалықтары жұмыс істеді. Бұл жыл жекешелендіруді, әсіресе, энергетика және өндіру салаларында жеделдете жүргізу жылы болды. Осы жылы барлығы 5641 қозғалмайтын мүлік нысаны, 608 кәсіпорын акцияларының мемлекеттік пакеті жекешелендіріліп, денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет салаларының нысандары мемлекет иелігінен алынды. Жекешелендірудің сатылған және сатып алынған нысандарынан түскен сомасы 54,5 млрд. теңге болды. Сөйтіп, осы жылда экономикалық оңалудың ұшқыны байқалып, елдің жағдайы түзеле бастайтыны анық аңғарылды.
Сыртқы саясатта Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен байланысты жандандырып, тығыз қарым-қатынас орнатуға барын сала білді. Ең ақыры елдің шикізаттық байлығының мол қоры анықталуы арқылы Ұлт Көшбасшысының болашақ дамуға серпін беретін ұзақмерзімді жоспары жарияланды.
Сонымен, 1997 жылы 9-11 қаңтарда Бішкекте Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан басшылары үш елдің мемлекетаралық кеңесі шеңберінде кездесті. Кездесу соңынан үш елдің арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл шын мәнінде тарихи оқиға болды.
28 ақпанда Алматыда Арал теңізі проблемаларына арналған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті өтті. Әңгіме Аралды қорғау халықаралық қоры төңірегінде болды. Бес мемлекет басшысы Алматы декларациясына қол қойды.
4 наурызда – Мұнай-газ өндірісі министрлігі таратылып, Президент Жарлығымен «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы құрылды.
24 сәуірде Мәскеуде Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары кездесіп, шекара аймағындағы қарулы күштерді қысқарту туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей президенті Б.Ельцин Қазақстан–Ресей арақатынасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық принциптерін анықтайтын жаңа құжат дайындау туралы келісімге қол жеткізді.
11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң қабылданды.
4 тамызда Қазақстан – Қытай шекарасында Достық стансасы маңындағы бірінші шекара белгісі ресми түрде ашылды.
Осы жылдың қыркүйегінде қазақша күрестен тұңғыш рет әлем чемпионаты өтті.
24-26 қыркүйекте ҚР мен ҚХР арасындағы Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекара туралы қосымша келісімге, мұнай және газ саласындағы келісімге, кен орындарын игеру және мұнай құбырлары жобалары туралы бас келісімге қол қойылды.
27 қыркүйекте Алматыда Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. «Бүгінгі қазақтың да Мұхаң шығармашылығы мен өмірінен алатын тағлымы аз емес. Бұл, ең біріншіден, Алаш басшылары мен Мұхтар Әуезовтің аңсап жете алмай кеткен бүгінгі тәуелсіздігімізді ардақтай біліп, оны қорғап, сақтай білу. Екіншіден, Мұхаңды қуғын-сүргінге қиғандар өз ішімізден шыққанын ешуақытта ұмытпайық. Ел бірлігін сақтап, арандатушы мен алауыздарды тоқтата білуіміз керек. Бұл болашақта ел болуымыз үшін керек. Үшіншіден, қолына қалам ұстаған зиялы қауым Мұхаң шығармашылығынан нәр алып, Мұхаңдай халқы мен Отаны алдындағы жауапкершіліктен таймауы тиіс, өз елі мен халқының болашағына қызмет істеуі керек» деп сөз сөйледі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жиында.
10 қазанда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауын жариялады. «Қазақстан-2030» стратегиясы – шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдің діттеген мақсат-мұраттарын орындауға деген үлкен құлшыныс болатын. Жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы осылайша дәстүрге айналды.
20 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болатыны, ал, астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылған болатын.
8 қарашада мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан Президентінің байрағын Алматы қаласынан Ақмола қаласына табыс ету салтанаты өтті.
10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілді. Осы сәттен бастап елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады.
1997 жылы министрліктер мен ведомстволар 50-ден 25-ке азайды. 220 әкімшілік ауданның 30-ға жуығы таратылды. Әкімшілік облыстар 19-дан 14-ке кеміді. 22 сәуірде Торғай, Талдықорған облыстары, 3 мамырда Көкшетау, Жезқазған, Семей облыстары таратылды. Қазіргі кезеңде Қазақстанда 14 облыс бар.
1997 жылы 13 желтоқсанда Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен ашылды.
Саясат бөлімі.