Тәжікстан Қазақстанға су жібереді

Тәжікстаннан елімізге қосымша 300 млн. текше метрден астам ағын су келетін болды. Мұндай уағдаластыққа қалай қол жетті?
Биыл Сырдария өзенінің бассейніндегі су тапшылығына байланысты елімізде күрделі жағдай қалыптасқаны белгілі.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Д.Джумамен кездесіп, «Бахри Точик» су қоймасынан биылғы маусым-тамыз аралығында 315 млн. текше метр суды қосымша ағызу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл су көлемі Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде суармалы су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді. Қазақстан өз кезегінде Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсетпек.
Ендігі басты мақсат – ағын суды мейлінше үнемді, ұқыпты жұмсап, су ысырабына жол бермеуіміз керек.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.