1991 жыл: Азаттықтың ақ таңы

1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. Аталған жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Қабылданған тарихи құжаттың 1-бабында «Қазақстан Республикасы тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет, ол өз өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп жүргізеді» делінген. Осы күннен бастап республика тарихында жаңа кезең басталды. Міне, биыл сол тәуелсіздігімізге, азат мемлекет болғанымызға 30 жыл толып отыр.

Әрине, ел тәуелсіздігіне оп-оңай қол жеткен жоқ. 1986 жылдың 16-17 желтоқсанындағы қазақ жастарының саяси серпілісінен көп бұрын, сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдардан басталған ауыр кезеңдер, орыс отаршылдығына қарсы үздіксіз жүргізілген ұлт-азаттық көтерілістер, ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының тәуелсіздікке деген алғашқы ұмтылысы, тоталитарлық кезеңдегі наразылықтар мен көтерілістердің бәрі елдің азаттыққа деген ұмтылысы еді. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс» деп атап көрсетуінде үлкен мән жатыр.

Бір сәт баспасөз беттерінде жарық көрген материалдарға үңілсек... Сонымен 1990 жылы қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың Егемендігі туралы декларация қабылдады. 1991 жылы тамыз айында Мәскеуде өткен дүмпуден кейін, Коммунистік партия таратылып, қоғамдық мүлік билікке берілді. Бұл туралы тарқатып айтсақ, КОКП ОК-нің Бас хатшысы Михаил Горбачев 1991 жылы 4 тамыз күні демалысқа шығып, Сочи қаласына кеткен еді. 20 тамыз Кеңес Одағының жаңа одақ келісіміне қол қоятын күні деп белгіленген. Осы шараға бір күн қалғанда, яғни 19 тамыз күні таңда Кеңес Одағының келешегіне алаңдаған консерватив бағыттағы саясаткерлер, атап айтқанда, Горбачевтің орынбасары Геннадий Янаев, Министрлер Кеңесінің Төрағасы Валентин Павлов, МҚК-нің Төрағасы Владимир Крючков, Қорғаныс министрі Дмитрий Язов, Ішкі істер министрі Борис Пуго және тағы басқалар Горбачевті үй қамаққа алып, билікті қолға алғандықтарын халыққа жария етті. Бірақ, олардың бұл әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Бүлік шығарушылар 22 тамыздан бастап тұтқындалды. Мемлекеттің ең ірі шенеуніктері ұйымдастырған төңкеріске Ресей Федерациясы президенті Борис Ельцин белсенді түрде қарсылық көрсетті. Оның бұл әрекеті бүкіл әлемдегі жағдайды өзгертіп жіберді десек, қателеспейміз. 24 тамыз күні Горбачев Компартияның Бас хатшысы қызметінен бас тартатынын мәлімдеді де, төңкерістік әрекетке тоқтау сала алмаған Компартияның жұмысын да тоқтатты. Сөйтіп Кеңес Одағын 70 жыл бойы тыпыр еткізбей басқарған Компартияның билігі аяқталды. Осылайша консерватив бағыттағы саясаткерлердің болашағы бұлыңғыр Кеңес Одағын сақтап қалу жөніндегі әрекеті керісінше оның тарқауын тездетті. Кеңес Одағының құрамындағы елдер бір-бірлеп тәуелсіздіктерін жариялай бастады.

1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Ал, оған дейін 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республикада жалпы халықтың қатысуымен Президент сайлауы өткізілген болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша Н.Ә.Назарбаев Президент болып сайланды. Сол жылы 10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

Айта кетерлігі, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығымен қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізілген ядролық сынақ жасау тоқтатылды. Кейінірек Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы біздің ел Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.

Сонымен қатар, Қазақстанда тамыз-қазан айларында Президенттің Жарлығымен мемлекеттік басқару органдарында өзгерістер жасалды. Прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, Ішкі істер, Әділет органдары қайта құрылды. Қазақстанның мемлекеттік Қорғаныс комитеті жаңадан ұйымдастырылып, қызметіне кірісті.

Айтпай кетуге болмайтын тағы бір елеулі оқиға, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты.

1991 жылы 12 желтоқсанда «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды. Сондай-ақ, қазақ тарихында 16 желтоқсан – 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасын еске алу күні болып қалды. Халық бұл күні желтоқсанда қаза болғандарды естеріне алады.

Мұнан бөлек, 1991 жылы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы қабылданды.

1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданды.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Түркия, Америка Құрама Штаттары, Қытай, Ұлыбритания мойындады. Артынша Монғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мемлекеттері мойындады. Қысқа уақыт ішінде әлемдегі екі жүзден астам мемлекет Қазақстанның тәуелсіздігін таныды.

P.S. Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, салт-дәстүрімізді жандандырдық. Тәуелсіздіктің 30 жылы тарихта өз ерекшеліктерімен қалды. Біз алдағы уақытта осы атаулы жылдарға кезегімен тоқталатын боламыз.

Саясат бөлімі.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз