Қуатты әскер – бейбітшілік кепілі

Қазақ елі тәуелсіздігін жариялай салысымен өз алдына ұзындығы 13 мың шақырымнан асатын байтақ шекарамызды қорғайтын, ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тұрақтылықты сақтайтын дербес Қарулы Күштер құруды мақсат етіп қойды. Бұл іс Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылдың 7 мамырындағы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтарынан кейін бастау алған болатын. Дәл сол күні Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалып, Қарулы Күштер құрамындағы ұйымдар, полигондар, мекемелер, бөлімдер, құрамалар, қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер мен базалар тәуелсіз Қазақстанның меншігіне өтті.

Егемендікке қол жеткізгелі бері еліміздің Қарулы Күштерін заман талабына сай етіп құру жұмыстары бір сәтке де толастаған емес. Ол жұмыстар заман талабы мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, жүргізілуде. Атап айтар болсақ, 1993 жылдың ақпанында Қарулы Күштеріміздің нормативтік-құқықтық негізін қалыптастыру және өзге де маңызды міндеттерді іске асыру үшін бірінші Әскери доктрина қабылданды. Бұл Қарулы Күштерімізді заман талабына сай дамытуға жол ашқан алғашқы құжат еді. Одан кейін Қазақстан әскерін құру және реформалаудың басым бағыттарын нақтылау мақсатында 2000 жылдың ақпанында екінші Әскери доктрина қабылданса, 2007 жылдың наурыз айында үшінші доктрина бекітілді. Осы арқылы өңірлік қолбасшылықтардың белгіленген аймақтарда әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу кезіндегі дербестігі айқындалды.

1992 жылдың мамырынан 1995 жылдың қаңтарына дейін КСРО-ның әскери күштері сапында Қазақстан аумағында қызмет еткен әскерилер тарихи отандарына қайтып жатты. Соның салдарынан Қазақстан әскерінде маман тапшылығы туындап, кезек күттірмейтін проблеманы шешу үшін әскери мамандарды даярлау мемлекеттік маңызы бар іске айналды. Өйткені, Қарулы Күштердің әлеуеті бүгінгі заманғы техникалар мен қару-жарақтарға ғана емес, білікті де білімді мамандарға да байланысты емес пе?! Аталған жұмыстар қолға алынғаннан кейін әскери бағыттағы оқу орындарына озық технологиялар енгізіліп, әскери білім деңгейін көтеру мақсатында оқу-әдістемелік база кеңейтілді. Осылайша егемен елдің Қарулы Күштері жаңадан құрылып, генералдар мен офицерлердің жаңа толқыны қалыптасты.

Бүгінде әскери қызметкерлер «Білім туралы» Заңда көрсетілген орта, техникалық және кәсіби (магистратура және докторантура), қосымша (әскери кафедра), қайта даярлау және біліктілікті көтеру деңгейлерінде тәлім алады. Атап айтар болсақ, орта білімді Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептерінен алса, Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусы техникалық және кәсіптік біліммен сусындатады. Одан бөлек, бірнеше әскери жоғары оқу орнында Қарулы Күштерге қажетті мамандар даярлайды. Солардың ішінде әскери әуе күштерімен қатар, ІІМ мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі үшін маман даярлайтын Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институты және Қазақстан әскеріндегі кіші офицерлердің басым бөлігін дайындайтын Құрлық әскерлерінің әскери институты ерекше орын алады. Сондай-ақ, олардың қатарына әскери-теңіз күштері мен ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдеріне кадрлар даярлайтын Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз институты мен әуе қорғанысы күштері, байланыс әскері, автоматтандырылған басқару жүйесі және ақпараттық (кибер) қауіпсіздік салаларына мамандар даярлау мақсатында құрылған Радио­электроника және байланыс әскери-инженерлік институтын қосуға болады. Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті де әскери мамандар даярлауға өзіндік үлесін қосып келеді. Тіпті, біздің елдегі әскери оқу орындарынан жыл сайын Қырғызстан, Армения, Тәжікстан сынды елдердің әскери қызметшілері де білім алып тұрады. Бұл қазақ әскерінің бүгінгі деңгейін аңғартса керек. Осы арада ҚР Қарулы Күштерінің халықаралық оқу-жаттығу жиындарында жоғары межеден көрініп жүргенін де айта кеткен жөн.

Құрылғанына 29 жыл толған Қарулы Күштеріміз негізінен құрлықтағы әскер, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштері атты үш түрлі әлеуетті құрылымнан тұрады. Сондай-ақ, кез келген оқыс оқиғалармен айналысатын жоғары деңгейлі әскери топтар, қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет ететін арнайы операция тобы, киберкеңістіктегі қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл жасайтын ақпараттық күрес құрылымдары жұмыс істейді.

Қазір Қазақстанның Қарулы Күштері ғаламдық талаптар мен тәжірибеге сай болу үшін аралас әдіспен жасақталуда. Яғни әскер шебінің 70 пайызын келісімшартпен қызмет ететіндер құраса, қалғандары әскери қызметін өтеуге міндетті азаматтар. Бұл әскер жасақтаудың тиімді тәсіліне айналып, сарбаздардың даярлығы мен қабілетін арттыруына мүмкіндік беріп келеді. Сондықтан Қазақстан әскерінде білікті мамандар да, озық технологиялар да, жаңа қару-жарақтар да жеткілікті деуге негіз бар.

Бүгінде елімізде алты миллионға жуық әскерге жарамды азамат болса, соның 70 мыңдайы тұрақты әскери қызметкер, ал, 30 мыңнан астамы резервтегі жауынгер. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстан әскерінің жылдық бюджеті 2,9 млрд. АҚШ долларын құрайды. 2003 жылы Қарулы Күштер «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарына бөлінген. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы. Сондай-ақ, жыл сайын елімізде 17 мыңға жуық бозбала әскерге шақырылатын болса, соның басым бөлігін оңтүстік өңірінің азаматтары құрайды. Мәселен, биыл Түркістан облысынан төрт мыңға жуық жасөспірімді әскерге аттандыру жоспарланып отыр.

Тағы бір айта кететін жәйт, ҚР Қарулы Күштерінің қуаты «Әлемдік әскери қуаттылық рейтингі» бойынша 140 елдің ішінде 62-орынға тұрақтаған. Бұл рейтингті АҚШ Орталық барлау басқармасы (Global Firepower Military Ranks-2021) әр елдің жер көлемі, халық саны, бюджет, туу көрсеткіші, реактивті оқтар және зымырандарының қуаты мен саны, әуе, теңіз күштері, запастағы әскер саны секілді жалпы 50 қағида бойынша саралап шығарған. Еліміз аталған рейтингте 2016 жылы 66-орында болса, 5-6 жылдың ішінде 4 сатыға жоғарылаған. Бұл тізімнің көшін АҚШ, Ресей, Қытай сынды алпауыт елдер бастап тұрса, Қазақстанның айналасында Сербия, Хорватия, Австрия, Словакия секілді мемлекеттер бар. Ал, көршілес жатқан Өзбекстан – 51, Түркіменстан – 86, Қырғызстан 93-орынға жайғасқан. Яғни еліміздің Қарулы Күштері ғаламдық көштің орта белінен сәл жоғары орналасып, көршілес елдердің арасында бірде ілгері, бірде кейін келеді. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлағалы отырған Қазақ елі үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Сондықтан қазақстандықтардың тыныштығын қамтамасыз етіп отырған айбынды армиямызды заман талабына сай жетілдіріп отыру – қастерлі борышымыз.

Нұрмаханбет Дюсебаев, полковник, Түркістан облысы қорғаныс істер жөніндегі департамент басшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз