Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Есенғали РАУШАНОВ

ЕСЕНТАЙ ӨЗЕНІ


Қыз кетті, басқа жігіт ұнады да,

Күз еді, ит үреді тым арыда.

Ол күнде сен де Есентай, мен де Есентай,

Қосылып екі Есентай жыладық, ә?!

 

Сол сурет өшпейді де, өлмейді де,

Сол бір от келе жатыр сөнбей, міне.

Қосылып екі Есентай жылағанын

Содан соң көрмеді ешкім, көрмейді де.

 

Содан соң өзім көрдім не көрсем де,

Өшсем де, кенелсем де, теңелсем де.

Тақырды тастай қашқан ақ киіктей,

Алыстап кете бардың менен сен де.

 

Жарасын зекетіңе мал, дияр, бақ,

Шаршадым ән-күй арнап, сан қиялдап.

Аттас-ай, сол дәуренге бір апаршы,

Алдыңа жығылайын алдиярлап.

 

Өр едің – сағасы өткел бермес мүлде,

Бүгінде лай сумен теңдестің бе?

Менің де өткен жолым өзіме аян,

Бірақ мен кештім бәрін, сен кештің бе?

 

Өмірдің басы қайда, қайда-ау соңы,

Ескі жұрт дегеніміз – жайлау соны.

Барамыз күзге кіріп, байқаймысың,

Аулақта ит үреді... әй, қойшы оны.

 

 

Пікір қалдырыңыз