Шардарада ұмтылыс бар, құлшыныс бар

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, онда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Өңірдегі маңызды жобалардың бірі – Жаушықұм алқабын суландыру. Шаруалармен кездескен өңір басшысы облыс аумағында жаңадан айналымға қосылатын суармалы жерлердің көлемін арттыруға үлкен мән берілетінін айтты. Облыс әкімі Жаушықұм массивіндегі 12 мың гектардан астам алаңдағы су таратқыш және су сорғы стансасын қайта құру жобасын пысықтады.

Суармалы жердің іске қосылуы нәтижесінде 2,5 мың гектар алқапқа көкөніс, 2 мыңдай гектарға картоп, 3 мың гектардан астам жерге бақша дақылдары, мың гектардан астам алқапқа сүрлемдік жүгері, 3 мың гектардан аса жерге жоңышқа егіліп, жыл сайын 11 млрд. теңгеге 523 мың тонна көлемінде азық-түлік және мал азықтық өнімдері өндірілетін болады. Сонымен қатар 12500 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылады. Аталған мәселе министрлік тарапынан қолдауды қажет етеді.

«Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл-аймақтың әлеуеті арта түсуде. Түркістан облысы аграрлық аймақ саналатындықтан және ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлылығына тікелей байланысты болғандықтан аталған мәселені оңтайлы шешу маңызды» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімімен кездескен ауыл диқандары екі айда пісетін қарбыз бен болгар бұрышын еккен. Шаруалар 1 гектардан 1,5 млн. теңгеге дейін табыс табатындарын айтты. Соңғы жылдары ауданда күріш өсіру мықтап қолға алынған.

Облыс басшысы 40 жылдан астам уақыт бұрын қабырғасы қаланған «Шардара» мектеп - лицейін аралап көрді. 6 мың шаршы метрге жуық жерде орналасқан білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін 350 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Мектепте 1500-ден астам оқушы оқиды. Білім ұясын аралап шыққан Өмірзақ Естайұлы өзінің ұсыныстарын да айтты.

Өмірзақ Шөкеев Шардара қаласындағы жедел жәрдем стансасын, ауысымында 150 келушіге арналған аудандық емханаға жапсарлас салынып жатқан ғимараттың құрылысымен танысты.

Облыстық бюджеттен қаржыландырылған құрылыстың сметалық құны – 1 млрд. 715 млн. теңгеден асады. Созбалаңға салынған істі сынға алған Өмірзақ Естайұлы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.

Облыс басшысына сондай-ақ, Шардара қаласының Абай, «Қызылжар» шағынаудандарындағы орамішілік газ жүйелерінің құрылысы баяндалды. Жобаның сметалық құны – 767 млн. теңгеден асады. Республикалық бюджеттен биыл 300 млн. қаржы қаралған. Жоба бойынша шағынаудандардағы 8 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылады.

 

Дзюдо залы ашылды

Армрестлинг спортынан шардаралықтардың даңқы бүкіл әлемге танымал. Сол жампоздарды дайындағын «Шардара армспорты» клубында дзюдо залы ашылды. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жас спортшыларға сәттілік тіледі.

«Армрестлинг деген сирек кездесетін спорт түрінен Шардара ауданының спортшылары ірі додаларда еліміздің атын әлемге паш етіп жүр. Шекара таңдамайтын спорт арқылы жерлестеріміз әлем жұртшылығына танымал. Денсаулықтың негізгі шарты – мәдени орта, салауатты өмір салты. Сондықтан да Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында «Салауатты өмір салты әрқайсымыздың дене тәрбиесімен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, тазалық пен сауықтыру шараларын сақтауымызға бағытталған» деп атап көрсетті. Жалпы, спортпен шұғылданамын деген адам жер таңдамайды. Нағыз талантты жастар ауылда» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Дзюдо залында жергілікті ұл- қыздар жаттығатын болады. Қол күресі спортынан мықтылығын әлемге мойындатып келе жатқан шардаралық жастар клубта бокс, күрес, каратэ, найза лақтыру, ядро лақтыру сияқты спорт түрлерімен де шұғылданады.

Облыс басшысының атынан кәсіби спортшыларға арналған америкалық спорт жабдықтары сыйға тартылды.

Айта кетейік, армрестлинг спорты мектебінен 2 мыңға жуық спортшы түрлі деңгейдегі жүлделердің иесі атанған. Клуб жаттықтырушылары 48 әлем чемпионын, 316 ҚР чемпионын, 144 Азия чемпионын, 50 Азия кубогының иегерлерін, 85 халықаралық турнирлер жеңімпаздары мен 62 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін тәрбиелеп шығарған.

 

Қариялар жаңарған Түркістанды тамашалайды

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданындағы ардагерлер үйінде болды. Мұнда ардақты ақсақалдармен кездесіп, ол кісілерді ашық сұхбат құруға шақырды. Жиналғандар тосырқаған жоқ, жоспарларымен бөліскендер де болды. Түркістанда бұрын болғанмен, тап қазіргі көркейген келбетін көрмеген ақсақалдар аз уақыт ішінде шаһардың жаңа кейіпке еніп, адам танымастай өзгеріп кеткендігіне өздерінің ризашылықтарын білдірді. Күллі түркі әлемінің рухани астанасындағы жаңалықтардан хабардар болған қариялардың құлшынысын қолдаған облыс басшысы аудан ақсақалдарын көне Түркістанның жаңа кейпін көзбен көріп қайтуды ұсынды.

«Пандемия салдарынан түрлі кездесулер сап тыйылды. Расында, халықпен тиімді кері байланыс орнату – қашанда алғы мақсаттардың бірі. Ауданның тыныс-тіршілігімен өздеріңіздей етене таныс ешкім жоқ. Сондықтан мен өздеріңізбен кездесуді асыға күтемін. Әдемі қартаю да жақсы қасиет. Қарттықтың бақытты, шуақты, айтулы асыл қасиеттері көп. Оны өздеріңізден көріп отырмын. Түркістан тіршілігін келіп, көзбен көріп қайтуларыңыз қажет» деді облыс әкімі.

Облыс әкімі жауапты басшыларға барлық аудан, қалалардағы ниет еткен қарияларды жаңарған Түркістанды тамашалатуды тапсырды. Жаңарған Түркістанға қонақ болып келетін ардагерлер – аймақтың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білім, мәдениет, ғылым, өндіріс және басқа да түрлі салаларда жетекшілік еткен білікті ақсақалдар. Оларды карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, Түркістанға алып келіп, қаланы аралатуға аудан, қала басшылары жауапты.

Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кездесуде облыс басшысы мұндай жиындардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу барысында Өмірзақ Естайұлы аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіріп, үлкенді сыйлау, ардагерлерге қамқорлық көрсету кейінгі ұрпақтың міндеті һәм парызы екенін атап өтті. Ауданның әлеуметтік мәселелері талқыланып, оның шешу жолдары бойынша өңір басшысы өмірден түйгені мол ел ағаларының пікірін тыңдады. Зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қариялар әкімнің облысты басқарудағы жұмысына сәттілік тіледі.

 

 

Пікір қалдырыңыз