«Олар – мұхит, мен – тамшы»

Пернебай САПАР. «Ońtústik Qazaqstan».
Әдетте, «Шымкент-шоу» десе көз алдымызға Күлпәш–Берік келеді. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген осы актерді «Шымкент-шоу» театрының директоры деп ойлайтынымыз да бар. Дегенмен, әсте де олай емес, о баста «Шымкент-шоу» секілді театрды құрып, аяғынан тік тұрғызып, қаншама таланттардың елге танылуына түрткі болған азамат – Әбдіхалық Әбдірайымұлы. Қалың көпшілікке Сәбит деп танылған Әбдіхалық Әбдірайымұлы шәкірт тәрбиелеуді бақыт деп білетін ұстанымның адамы.
Әбдіхалық Әбдірайымұлы Ордабасы ауданының Ақжол ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбдірайым Бөріханұлы соғыстан кейінгі жылдары ауыл-аймақта басшылық қызметтер атқарып, жетім-жесірге қамқор болған екен. Көзін көргендер «сенің әкең азаматтың төресі еді, сен оған тартпадың» деп ұрысып отырады дейді ағамыз. Әбдірайым ақсақалдың сүйегі асыл кісі болғаны рас-ау, Сәкеңді 76 жасында дүниеге келтіріпті. Анасы – Сәлима Төребекқызы жанынан суырып салып өлең айтатын өнері бар кісі екен. «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр» жырларын жатқа айтатындықтан ел ол кісіні «Ауыл радиосы» атап кетіпті.
Ордабасының топырағында арысы Майлықожа, Мәделіқожа, Арынқожа, Көпбай ақындар, Қобыланды, Қажымұқан, Берген, Бейсен, Қарсыбай батырлар дүниеге келгені белгілі. Берісі Садықбек Адамбеков, Дулат Исабеков, Нармахан Бегалыұлы, Қосжан Мүсірепов, Әбілда Аймақ сынды арда таланттар қанат қағып заңғар биікке көтерілген. Осындай киелі мекенде туған Әбдіхалық Әбдірайымұлының өнерден алыс кетуі мүмкін емес еді. «Олар – арғымақ, мен – қамшы, олар – мұхит, мен – тамшы» дейді ақын туған елінің тарихы мен ағалары туралы сыр шерткенде:
Оның қабілетін байқаған Нуриддин Әбдрасилов, Анафия Сыздықова, Тұрсынғали Саргелов, Жандар Сейтбеков секілді мектептегі ұстаздары оны әдебиет әлеміне, өнер өлкесіне жетелейді. Кейінірек Нармахан Бегалыұлы басшылық жасаған Қосжан Мүсірепов атындағы әдеби бірлестікте Әкім Ысқақ, Фарида Әбжалова, Талап Өскенбаев, Ғалымжан Зиябек, Манзура Есетова, Кәрима Оралова секілді өнерпаздармен бірге шыңдалады.
1978 жылы Бадам елді мекеніндегі С.Сейфуллин атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп жүрген ақын спортқа деген қызығушылығының арқасында өнерден біржола алыстап кетуі де мүмкін еді. Бір жолы орталық мал базарында Арыс аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Шахар Қайназаров пен Заман ақынның әңгімесін кездейсоқ естіп қалады.
– Қуаныш Айтаханов айтыс өткізіңдер деп жатыр. Заман аға, не істейміз? – дейді Шахар Қайназаров.
– Ақын ғасырда бір туады. Айтысқа шығу – терме айту емес. Ақын жоқ деп айт, – дейді Заман ақын. «Ақын жоқ» деген сөз арқасына аяздай батқан Сәкең шыдай алмай, әңгімеге қалай кимелеп кірісіп кеткенін өзі де байқамай қалады. «Неге ақын жоқ? Біз бармыз ғой». Екі ағасы аң-таң. «Ой, Сәбитжан, сенің өнерің бар ма еді?».
Арғы жағы түсінікті. Дүбірлі додаға қосылған ақын сол аламанда көктөбелік Құрмаш Жылқыбаевпен айтысып, бәйгені бөліскен. Жарықтық Көпбай Омаровтың «Ізбасарым табылды» деп бөркін аспанға ататыны да сол кездер еді.
Жүйрікті шабысынан танитын атақты өнер меценаты Манап Өтебаев «ауылда қалып кетесің» деп кейінірек ақынды Шымкентке көшіріп алады.
Біздің кейіпкеріміз Әселхан Қалыбекова, Баянғали Әлімжанов, Серік Құсанбаев, Лена Әбдіхалықова, Абаш Кәкенов, Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков, Шорабек Айдаров, Маржан Есжанова, Қаныбек Сарыбаев, Абай Айнабеков секілді таланттармен талай-талай сайысқа түсті. Оңтүстікке бес-алты жерден бас бәйге әкелді. «Майлықожа ақын жүлдесінің» иегері. Сазгерлікке бет бұрып, он шақты әніне клип түсірді.
Әбдіхалық Әбдірайымұлы Шымкенттегі «Өнер» мектеп-интернатының да алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болып, өнер әлеміне қанат қаққан талай жастың томағасын сыпырды. Еркебұлан Қайназаров, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұқан Абзалов, Нұрлыбек Мейірманов, Қалижан Білдашов, Лаура Тастанбекова, Тұрғынәлі Дәуітов, Айбол Жолдыходжаев, Ғабит Сапарбеков, Бауыржан Әлқожа, Мұқағали Кенжетайұлы, Сырым Шыршықбаев, Жандос Аппазов, Серік Салдаров, Нұрлан Насимов, Арман Құдайқұлов секілді бірқатар өнер тарландары аталмыш мектептің түлектері еді. Күні кеше ғана Шымкентте өткен «Жүрсіннің жүйріктері, Сәбиттің сәйгүліктері» атты айтысқа Еркебұлан Қайназаров, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұқан Абзалов және Қалижан Білдашов қатысты. Бас бәйгені Еркебұлан Қайназаров, екінші, үшінші орындарды Нұрлан Есенқұлов пен Қалижан Білдашов қанжығаларына байлады.
Бүгінде алпыс жасқа толып отырған ақынның ендігі бір арманы – айтыс, терме, эссе, монолог, ән мәтіндері, жырларының басын қосып, кітап етіп бастыру. Әдемі қартайып, әдемі зейнетке шығу да көңіл түкпіріндегі тәтті армандардың бірі.
Әбдіхалық Әбдірайымұлы – ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Алайда, ол ешуақытта атақ-марапат үшін жұмыс істеп көрмепті. «Марапаттың үлкені – халықтың махаббаты» дейді өзі.
Бұл сөзге қосып алар не бар?!