«Қызылқұмның суын ішкен адамдар ұзақ жасайды»

Қызылқұм ­– Әмудария мен Сырдария өзендерінің арасын алып жатқан құмды шөл. Археолог ғалым Мұхтар Қожа «Қызылкұм» топонимінің қызыл және құм сөздерінен тұратындығын, бұл атаудың Я.П.Гавердовскийдің «Қырғыз-қайсақ халқы мен еліне шолу» атты қолжазбаларында (1809 ж.), А.И.Левшиннің 1832 жылғы «Қырғыз-қазақ, қырғыз-қайсақ ордалары мен далалары сипаттамасы» деген еңбегінде, т.б. жазбаларда кездесетіндігін жазады. Сондай-ақ, ғалым қазақтардың «қызыл» деп қырманда жел күшімен, ағаш күрекпен желпіп, суырылып тазартылған дәнді дақылдың суырындысын айтатындығын, Қызылқұмда да желпудің табиғи процесі жүретіндігін, сондықтан Қызылқұм «желпуден өткен құмдар» дегенді білдіреді. Қызылқұмның үйілген төбелері жиналған астыққа ұқсас болады дейді (Түркістан – руханият бесігі. Нұр-Сұлтан, 2019). Ал, бұл өлке туралы Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова былай деп жырлаған:

Қызылқұм алтын абат, іңкәр далам,

Көгінде күн күлімдеп, бұлт ойнаған.

...Қызылқұм туын тіккен тірлігімнің,

Өзі-ақ, бауы жібек түндігімнің.

...Қызылқұм қызыл гүлім нұр жайнаған,

Құлыншақ, қозы, бота қырда ойнаған.

Қызылқұм қызыл күнім көтерілген,

Жел соқса, сая табам етегіңнен,

Шоғындай сексеуілдің от жүрекпен,

Өртене сүйіп сені өтемін мен.

Иә, ақын жүрегін тебіренте тербеткен Қызылқұм аймағы – сан ғасырлар бойы қазақтың тіршілік тірегі болған қасиетті де киелі аймақ.

Қысқы қардың, көктемгі, күзгі жаңбырдың суынан пайда болатын шағын өзендер мен қақ сулары жазға салым кеуіп құрғап кететін Қызылқұмда құдықсыз ел болмаған. Тіпті, ата-бабасынан Қызылқұмды жайлаған Айтбайұлы Үндемес (Құдайберген) байдың (XIX ғасыр) кәрізі болған. Қызылқұм кәріздері туралы алғаш жазған әдебиет зерттеушісі, жазушы Әдіһам Шілтерханов болатын. Қарақтағы кәріз ескерткішін М.Қожа, Қ.Бердияр өздерінің ескерткіштер туралы жинағына енгізген. Сондай-ақ, бұл ескерткіш С.Ақылбектің, А.Жұмашевтің, басқа да зерттеушілердің еңбектерінде айтылады. Қызылқұм құдықтары туралы Ергөбек Құттыбайұлы, Сәдуақас Жақашұлы, Балтабай Тебейұлы секілді ақындар жырлаған. Ергөбек, Балтабай ақындардың өлеңдерінде аталатын Қызылқұмдағы Құлшоқы, Мұзбел, Қарақ, Бесшоқы, Үшқұдық, Тамды, Қарасақал, Қырқымбай, Жиделі, Қараөзен, Даңлыбай, Ерназар, Шымырбай, Майлыбай, т.б. қоныстардан талай-талай құдықтардың орнын, сондай-ақ, құмдағы жер асты сулары ең жақын аймақ Тастөбенің маңындағы Мұрынбұлақ, Табақбұлақ, Қоржынбұлақ деп аталатын бұлақтардың арасын кесіп өткен сайдан кәріз тізбегін байқауға болады. Оның ұзындығы 90 метр шамасында. Мұнда кәріз құдықтары шахмат тәртібімен екі қатар қазылып, (олардың ұзын саны – 13) барлығы да бір-бірімен ортасын ала қазылған магистральды канал-арық галереясы арқылы жалғасқан. Кәріз құдықтарының тізбек бойынша бір-біріне ең жақын орналасу арақашықтығы – 13 метр, ең алыс орналасу ара қашықтығы – 26 метр шамасында. Ал, магистральда канал-арықтан ең жақын орналасу арақашықтығы – 9,5 метр шамасында. Кәріз құдықтарынан біреуі ғана 90 сантиметр тереңдікке дейін ғана күмбезді тас шегенімен бұзылмай ашық сақталған. Құдық аузының диаметрі – 80 сантиметр. Кәріз суы магистральды канал-арық арқылы ірілі-уақты қақтарды басып өтіп, 3400 метр қашықтықтағы Жыңғылдыққа құйған. Мұны табиғи су қоймасы деуге болады. Қақтың қазіргі сақталған көлеміне қарағанда, кезінде бұл кәріздің қағынан үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, қора-қора қой су ішкені анық.

Бұған қарағанда қазақ кәрізшілері Қызылқұмдағы табиғи жауын-шашын, қардың суының су өткізгіш жер қабатынан өтіп, су өткізбейтін жер қабатына (майлы саз, гранит, сазды тақтатастар, кристалды тау жыныстар, т.б.) жиналған қорының жер бетіне ең жақын қабатын жазбай тауып, оны «...ыза сулардың сыртқа өздігінен ағып шығуын қамтамасыз ететін гидротехникалық құрылыс» – кәріз арқылы (К.М.Байпақов, Е.А.Смағұлов. «Ортағасырлық Сауран шаһары». Алматы, 2005) шығарудың ортағасырлық озық технологиясын білген. Яғни, суы бар қабаттың тым терең орналаспаған орнын белгілеуді, құдықтардың арақашықтығын, тереңдігін кәріздік гидротехникалық ережеге сай дәл белгілеп, таспен шегендеп қазуды, олардың арасын жер асты каналымен жалғауды, жалпы жер асты галереясын – су жинау алабын, су құбыры галереясын жасауды, олардың ластануы мен опырылып құлауын болдырмас үшін құдықтардың ауыз сағасын күмбездеп, тарылтып, таспен не сексеуілмен жабудың әдістерін, сондай-ақ кәріз құрылысын жүргізуде оның қауіп төндіретін жағын (құдықтар мен галереялардың опырылуы, шахталық газ, сулардың кенеттен аяқасты көтерілуі) жетік білген арнайы кәсіби білімді құрылысшылар болған (К.М.Байпақов, Е.А.Смағұлов. «Ортағасырлық Сауран шаһары». Алматы, 2005).

Бізге жоғарыда аталған Қызылқұмдағы Тастөбе кәрізін жасаған кәрізшілердің бірінің есімі белгілі. Ол халық ақыны Әселхан Қалыбекованың нағашы атасы Ақмырза деген кісі. Әселханның анасы Тұраш әженің айтуынша, әкесі Ақмырза Тастөбе маңынан бір-біріне жалғастырып жеті құдық қазып, жетіншісінен жер бетіне су шығарған құдықтарды, оларды жалғастырған жер асты каналын Мұрынқарақтағы тас кенінен түйе арбамен тас тасып, сонымен шегендеген. Ақмырза батыр, ержүрек, қара күштің иесі, тас қашаудың, оны қиюластырып қалаудың асқан шебері болған.

Тастөбе кәрізі туралы ел ішінде мынадай аңыз бар. Тастөбенің суын ішкен мал өсімтал болады. Адам ұзақ жасап, дәулеті тасып, мақсат-мұратына жетеді. Міне, ата-бабамыздан қалған құмдағы осы гидротехникалық ескерткіштерді қайта қалпына келтіріп, ысылдаған құмның ортасынан кәріз суын ағызып қойсақ, құмды жайлаған мал-жанның да, туристердің де дамылдайтын бір оазисі болары сөзсіз. Сонда шетелдіктер біздің бабаларымыздың тамаша білімпаз гидроқұрылысшы да болғанын білер еді. Бұл сол маңдағы Мұрынбұлақ киелі орнына да қатысты. Аталған қасиетті көне мазараттағы құлпытастарды ғалымдарға оқытып, ондағы көміліп қалған, қазір суы ызалап қана шығып жатқан бұлақтың көзін ашып, аталары қаздырған Момбек, Мүтәлі, Дәуренбек, Бақай құдықтарын қалпына келтіріп, туристердің атбасын құмға бұрғызып, ата мұрасын әлемге танытамын деп талай жылдардан бері әрекеттеніп жүрген отырарлық дәрігер, медицина саласының ардагері Жолдасбек Тұрсынбаев Мүтәліұлына бір демеуші керек-ақ. Жөкеңнің туристерді тартамын деген әрекеті орынды. Олай болатыны бұл қасиетті де киелі кешен қазақтың ұранына айналған атақты Алатау батыр жерленген Мұрынқарақ тауына, сондағы Қарақ әулиеге, ел жаршысы Ергөбектің, Үндемес (Құдайберген) байдың қоныстарына баратын күре жол тораптарына таяқтастам жерде тұр.

 

ҚҰДЫҚ ҚАЗУДЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Бұл – Қызылқұмда біз білетін бірен-саран ғана қоныс-жайлардың, кәріз-бұлақтардың жағдай-тағдыры. Ал, кезінде Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сыр бойы ақындары жырлаған Қызылқұмның жүздеген құдықтары ше? Қызылқұмдағы тіршіліктің эпопеясын жазып кеткен Балтабай ақын (Тебейұлы) бұл құдықтар туралы өзінің «Қызылқұм құдықтары» деген өлеңінде бүкіл құмдағы көптеген бұлақты, құдықты, құдықшыларды тізіп атап, құдықшылардың құдықты қалай қазып, немен шегендегенін, тереңдігінің қанша құлашқа жететінін, бәрін-бәрін термелеп жазады. Мәселен:

Аталар түгел кұмның құдықтары,

Кең қоныс, мөп-мөлдір бұлақтары.

Сәрсенбай, Серікбай Қызылкұмда,

Жаз айы жасыл желек мәуе бақша.

Қарынтай, Жәудікхан мен Мұрынқарақ,

Таусылмас мал кездесті бұлақтарға.

Мұрын мен Қоржық қайнар бұлақтары,

Байланған ағытылып құлақтары.

Бекболат, Аққұл, Бекіш құдықтары,

Ақберді, Қайырқұдық, Мырзабай шыңырауы.

Бәрі де сүтті құдық шегенделген,

Бірқатар сол құдықтар тастан өрген,

Орнатқан тасты ап келіп басқа жерден.

Қанқозы, жолым түсті Күндібекке,

Тұрымбет, Қозыбек құдықтары Қараөзекте.

Қабатта Ыбырайым, Даңлыбай, Баян сұлу.

Тақырбас, Маубасты мен Қаратаз да.

Құмның даңқын шығарды,

Есенгелді, Пірназар мен Құлназар егіп мақта.

Сарыбел қырық бес құлаштан су шығарған,

Бола ма бұл ерлерді мақтамасқа.

Қызылқұм шұбарала құдық болды,

Лайсыз, суы тұщы тұнық болды, – дейді.

Балтабай ақын жырлаған Қызылқұмдағы құдықтар туралы бірталай деректерді аққұмдық (Отырар ауданы) Қаныбек Омарұлы пен маяқұмдық (Отырар ауданы) Оңал Жолдыбаевтан және басқа да шежіреші қариялардан музейдің ғылыми қызметкерлері жазып алған.

Жоғарыда аталған және басқа да көнекөз шежіре қариялардың айтуынша, құдықты құдықшылар ойпаң, тасқын су баспайтын қатірең, құмшауыт, жантақты жерден қазған. Қар, жаңбыр мол жауған жылдары құдықты тасқын су басып, ішіне айналасындағы садыра су құйылып кетпес үшін аузын шыммен, таспен қалап биіктеткен. Егер құдықтағы су ластанса мал жеріп ішпейді. Сондықтан қазақ құдықты таза ұстауда аса ұқыптылық танытқан. Ескі құдықтың тұрып қалған суын ешуақытта малға бермеген, төгіп тастаған...

Кұдықшылар құдық қазарда алдымен құдық құрылысына кажетті шеген, пақалақ, шым, құртташ тәрізді құрылыс материалдарын дайындап алған. Шеген – құдықты шегендейтін ең негізгі, қажетті құрылыс материалы. Шегенді жуандығын жеңдібілектей, ұзындығын бір метрдей етіп қандым ағашынан дайындайды. Қандым – құмда, Үрмеден, Қамырлыдан ары сай жерге өсетін өрік тәріздес ағаш. Биіктігі 4-5 метрдей болады. Қандымның бір қасиеті су тиген сайын қатая түседі. Сондықтан қандым шеген жасауға таптырмайтын құрылыс материалы. Пақалақ – құдықтың әр бұрышына көлденеңінен қойылып, шегенмен қоса өрілетін бұрыштық ағаш. Ол да қандымнан дайындалады. Жуандығы жеңдібілектей, ұзындығы 50-60 см шамасында болады. Төрт бұрышы да пақалақталып шегенделген құдықтың шегені мықты болады және іші сегіз қырлы призма тәрізді болып шығады да, қауғаны тартқанда жеңіл көтеріледі. Өйткені, құдықтың төрт бұрышы пақалақталмаса, қауғаны тартқанда әрі-бері теңселіп бұрышқа соғылса, кептеліп ауыр тартылады. Құртташ – шегеннің арасына салатын құрылыс материалы. Құртташты құмда өсетін құртташ деген шөпті түтіп, өңдеп жасайды. Құдықтың шегеніне су шыққанша, яғни сулыққа дейін құртташты салады да, су шыққан соң раңның шымын салады. Шымды раң мен қоңырбастың тамырынан шауып алады. Құртташты шегеннің арасында айырбасты қалақпен тығыздап салады.

Құдықшылар құдықты қазу үшін балта, шот, келте сапты кетпен, күрек, қайла, қыл арқан, топырақ шығару үшін кішкене қауға қолданады. Қауғаны тартып, құдықшыны түсіріп, шығару үшін шығыр (шығырық) пайдаланады. Құдықты төртбұрыштап 2x2 метр көлемінде қазады. Еспе құмға жеткенде қазуды тоқтатып, құдықтың осы қатқыл бөлігін бір бөлек шегендеп алады. Ол үшін шегендерді бір-біріне төрт бұрыштап қиюластыра отырып, бұрыштарына пақалақ қойып, арасына құртташ салып, төменнен жоғары қарай қатарлап өріп, торлап шығады. Содан соң құдықтың сыртына, төрт бұрышына тақау төрт жерден қазық қағады да, оған шегенді түп жағынан, төрт бұрышынан қос арқандап жоғары тартып байлап, қылбұраулап асып қояды. Бұл сақтық шаралары құдықты әрі қарай қазғанда шегеннің төмен қарай сырғып кетпеуі үшін керек. Құдықшылар еспе (ақпа) құмға жеткенде шегендеудің екі тәсілінің бірін қолданады. Бірінші тәсілі жоғарыда айтқанымыздай төменнен жоғары қарай, екінші тәсілі жоғарыдан төмен қарай шегендейді. Жоғарыдан төмен қарай шегендеу үшін шегенді жоғарыдағыдай әдіспен, бірақ төмен қарай торлап өріп, құдықты қазып кете береді. Ал, төменнен жоғары қарай шегендеу үшін еспе (ақпа) құмға жеткенде, құдықтың түбіне қазан төңкеріп, су құйып, бір-екі күн ақпа құмды қатырып барып қазып шегендейді. Суға жеткенде шегеннің арасына раңның шымын салады. Сүтті құдықтың түбінен айнала су көзі көп шығады.

Кұдықтың тереңдігі 2 метрге жеткен соң-ақ басына қауғаның шығырын (шығырығын) орнатады. Оның себебі, жоғарыда айтқанымыздай шығырмен (шығырықпен) құдық қазылып біткенше топырақ шығарады және құдықшының құдыққа түсіп, шығуы үшін керек. Бұл механикалық қондырғы шығыр (шығырық), қауға, ашабас қада тәрізді бөліктерден тұрады. Шығырды (шығырықты) қандым ағашының түбірінен күбішек тәрізді етіп жұмырлап, арқан тартатын жерін ойыстап жонып, ортасын тесіп, белтемір өткізіп жасайды. Ашабас қаданы қандымның діңінен жасайды. Ал, қауғаны дәу серкенің терісінен жидітіп, илеп жасайды. Теріні илеу үшін әуелі тұздайды. Содан соң ашыған айранға ұн араластырып жағып, 2-3 күн орап тастайды. Содан соң иін алып тастайды да, теріні қолмен илейді. Екі күн илеп, қауға тігеді. Қауғаның аузына қылдан ескен шыжым жіпті айналдыра салып, теріні соған бүгіп шуда жіппен тігеді. Қауғаны күнде сілтіге салып отырады. Сілтіні ақ сексеуілдің шырпысын өртеп, күл жасап дайындайды. Сілті ащы болады. Қауғаның аузын төрт бұрыштап алдағаш дейтін құралмен кереді. Алдағаш дегеніміз – қандым ағашынан бастары түймеленіп жасалған екі таяқша. Осы таяқшаларды айқастырып, қауғаның аузын төрт жерінен тесіп, соған таяқшалардың бастарын шығып кетпес үшін түймелеп кигізіп қояды. Сонда қауғаны құдыққа салғанда суға тез толады. Қауғаның сиымдылығы 30-50 литр шамасында болады. Алдағашты Отырар ұсталары темірден шығыршықтап соққан. Музейде ата-бабасынан бері Қызылқұмды жайлаған Дүрназаров Құрбанбай қария тапсырған алдағаштың металдан соғылған түрі сақтаулы. Сондай-ақ, ол кісі музейге анасынан аманатқа қалған өрмектің қылышы мен кілемнің тоқпағын тапсырған.

Шығырды (шығырықты) орнату үшін алдымен құдықтың екі жағына екі ашабас қаданы орнатады. Содан соң шығырды (шығырықты) белтемірінен екі ашаға асып бекітеді де, қауғаны құдыққа қыл арқанмен түйеге байлап салады. Қауғаны құдыққа саларда қазақ «Құдығымыз сүтті болсын, мал-жанымыз аман болсын» деп құрбандыққа ақсарбас шалған. Міне, Балтабай ақынның шығармаларында айтылған Қызылқұм құдықтарының ел адамдары айтқан кейбір технологиялық құрылымдары осылай болып келеді. Яғни Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтқанындай ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениетінің технологиялық тұрғыдан қаншалықты дамығандығының бір айғағы осы ескерткіштер екендігіне дау жоқ. Олай болса, уақыт пен өркениет жауларының келтірген бүліншілігінен тозып бүлінген Қызылқұм ескерткіштерін жаңғыртып, республиканың туристік картасына енгізіп, адамзаттың рухани және материалдық игілігіне айналдыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қызылқұмның жануарлар мен өсімдіктер дүниесі де сан алуан. Табиғаты тамаша. Мәселен, мұнда жусан, жантақ, селеу, сексеуіл, қоянсүйек, қандым, сіңірген, жүзген, қарғатұяқ, кеурек, жауқазын, изен, тарақбоз, күшала, шәйшөп, сағыз, жуа, қозықұйрық, қызғалдақ, бәйшешек, раң, көшік, адыраспан, т.б. қырыққа жуық өсімдіктер өседі. Оның ішінде дәрілік шөптер де бар. Құмның өзінің де емдік қасиеті бар екендігі белгілі. Ал, қасқар, түлкі, қарсақ, қоян, қарақұйрық, киік, ақбөкен, борсық, қабан, келес кесіртке, ешкіемер, жылан, кірпі, тасбақа, қосаяқ, жек, ителгі, қаршыға, құм бүркіті, қырғи, үкі, т.б. отыздан астам аң-құсы бар. Қызылқұмдағы мұндай тіршілік дүниесі ат, түйеге, арбаға, темір тұлпарға мініп, ондағы аңызға айналған Боран жолымен жүріп өткен туристерді бей-жай қалдырмасы анық. Сондай-ақ, Қызылқұмның Үрмесін мекендеген құм бүркітімен саят құру туристерге бір ғанибет болмақ.

Қызылкұм – экспозициясын халықтың өзі құрған Қазақстанның ашық аспан астындағы музейлер кешенінің ерекше бір аймағы. Жоғарыда аталған ескерткіштер қатарында құм көшкінімен бір ашылып, бір көміліп жататын археологиялық артефактілер қаншама?! Археолог ғалымдардың жазуынша олардың арасынан моңғол, жоңғар шапқыншылығының жаңғырығын аңғаруға болады.

Осыдан біраз жыл бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 27 қарашадағы санында Ерболат Айнабековтің «Аталарымыз қазған құдықтар қараусыз қала бере ме?» деген өте актуальді һәм қасиетті мақаласы жарияланған болатын. Қасиетті болатыны, мақала Құран сөзімен басталған. Онда: «Қасиетті Құран Кәрімде «үш істің сауабы мәңгілік» деп жазылған. Олар: ағаш егу, ілім-білім ордасын салу, құдық қазу. Дінімізде шөліркеген адамға су беру – садақалардың ең үлкені деп жазылған. Олай болса, мұсылманбыз ғой, Қазақ­станға келген туристерге Қызылқұмның кәріз-құдықтарының зәмзәмдай суын ішкізіп, сауабын алмаймыз ба. «Қызылқұм құдықтарының суын ішкен адам ұзақ жасап, дәулеті тасып, мақсат-мұратына жетеді» деген халық аңызының ақиқатына жеткізбейміз бе?!

Алмас ЖҰМАШЕВ, «Руханият–Әбу Насыр әл-Фараби музейі» МКҚК-ның директоры, тарихшы.

Жадыра ӨСКЕНБАЕВА, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз