Команда аты – «Тұран»

Биылғы ел чемпионатына Түркістан облысы өз командасын қосып отыр. Облыс əкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен жаңадан жасақталған «Тұран» командасы отандық футболдың дамуына үлесін қосатын болады. Премьер-лига ойындарына жолдама алған команда жаңа маусымға жан-жақты дайындалуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– ҚР футбол федерациясының атқарушы комитеті кезекті отырысында премьер-лигада ойнайтын командалар құрамын 14-ке дейін көбейту туралы шешім шығарды. Былтыр бірінші лигада біздің облыстан «Мақтаарал», «Арыс», «Қыран» футбол командалары ойнаған болатын. Біз осы үздік үш командадан іріктеп, облыстың, елдің намысын қорғайтын «Тұран» футбол командасын жасақтап жатырмыз. Жаңа футбол клубын құру мәртебесіне орай, Түркістан облысының әкімдігі «Тұран» футбол командасының жаңа логотипін қалыптастыру үшін бәйге жариялады. Байқауға Қазақстанның барлық дизайнерлері мен суретшілерін қатысуға шақырамыз. Өңіріміздің тарихи, рухани ерекшелігі мен салауатты өмір салтын ұстануға бағыттайтын, үздік деп танылған логотип авторына «Тұран» футбол командасының ойындарын тамашалауға бір жылдық тегін билет сыйға беріледі. Байқауға «Coreldraw» бағдарламасымен дайындалған, осы жылдың 10 ақпанына дейін жіберілген жұмыстар қабылданатын болады, – деді Сәкен Амангелдіұлы.
Жаңа футбол командасының басты ерекшелігі – құрамы тек жергілікті спортшылардан жасақталған. Яғни шет мемлекеттерден легионерлер шақырмайды. Бұл – жергілікті талантты футболшылардың үлкен аренаға шығып, өз қабілеттерін көрсетулеріне толық мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиев федерация жанынан алдағы уақытта облыстық футбол академиясы құрылатынын жеткізді.
– Дүние жүзі бойынша кең тараған осынау спорт түрі Түркістан облысында да кең өркендеп, халықаралық деңгейде дамитын болады. Оған жуырда ғана ашылған «Түркістан арена» стадионы толық жауап береді. Өңірімізде отандық футболды дамыту мақсатында Түркістан облысының футбол федерациясы құрылды. Жаңадан құрылған федерацияның басты мақсаты – облыстағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. «Арыс» командасының атауын «Тұран» етіп өзгерту туралы шешім қабылданды, – деді облыстық федерация басшысы.
Қазір команда құрамында мына футболшылар жаңа маусымға дайындықты бастап кетті:
Қақпашылар: Бекжан Тоқтарбай, Андрей Пасеченко, Станислав Павлов.
Қорғаушылар: Нұрлан Даиров, Мейіржан Камбил, Ермек Қуантаев, Гафуржан Назаров, Қасымжан Таипов, Мардан Төлебек, Мирас Тулиев, Елсүйер Алпысбай.
Жартылай қорғаушылар: Асылжан Аббас, Бақдәулет Ақберген, Бекжан Әліпбеков, Еркебұлан Амангелді, Бекзат Бейсенов, Нұрғайни Бөрібаев, Абай Жүнісов, Шынболат Мақсымхан, Алияр Мұхамед, Самат Бортай, Дархан Қалиұлы.
Шабуылшылар: Таңат Нөсербаев, Темірлан Әміров, Нкоби Стэнли Чисом.
«Оңтүстік»-ақпарат.