Жаңа Үкімет ел мүддесі үшін қызмет етеді

18 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Үкіметінің құрамы туралы Жарлыққа қол қойды. Президент Үкімет құрамына өзгерістер енгізіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі етіп Серік Шәпкеновті, Ұлттық экономика министрі етіп Әсет Ерғалиевті тағайындады. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі болып, қос қызметті қатар атқаратын болды. Өзге министрлер өз лауазымдарын әрі қарай атқара береді.

19 қаңтарда құрамы жаңарған Үкіметтің алғашқы отырысында министр лауазымына кіріскен басшылар салтанатты түрде ант берді.

Судай жаңа министрлер де сырттан келген жоқ. Серік Шәпкенов 2020 жылғы маусымнан Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау вице-министрі, ал, Әсет Ерғалиев 2019 жылғы тамыздан Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметін атқарып келген тәжірибелі азаматтар.

«Бүгін жаңартылған Үкіметтің алғашқы отырысы. Парламент әрбір Үкімет мүшесін мақұлдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлықтарға қол қойды. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы және Парламенттің жоғары сенім білдіруі. Біз оны үлкен жауапкершілікпен ақтап, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы. Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын және біздің алдымызға қойған барлық міндеттерді сапалы орындауымыз керек» деді Асқар Мамин.

Жаңа жасақталған Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарына баса назар аудармақ. Экономиканы қарқынды дамыту арқылы халықтың өмір сүру сапасын, әл-ауқатын жақсартуға және табысын арттыруға, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасалатындығын Үкімет басшысы баса айтты.

Мұнан бөлек, жауапты хатшылар институтының таратылуына байланысты Мемлекет басшысының өкімімен еліміздегі сегіз министрліктің жауапты хатшылары қызметінен босады. Атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика, Энергетика министрліктерінің жауапты хатшылары қызметтерінен босатылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алдына үлкен міндеттер қойды. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жеке кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар тапсырмалар берді. Ұлттық мүдде мен елдің болашағы жолында абыроймен қызмет атқару міндеті жүктелген халық қалаулылары жұрт үмітін ақтайтынына сенгіміз келеді.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз