Түркістанда жылына 1 млн. тұрмыстық техника шығарылады

Түркістанда «Artel» компаниясы 1 миллион данаға дейін газ плитасын шығарады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Өзбекстанға барған іссапары барысында белгілі болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен кездесуі барысында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келді.

Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын жасап шығармақ. Жоба аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтты.

«Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастықтығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласынан бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр» деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.

«Artel» компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Айта кету керек, өткен жылдың соңында компания өкілдері Түркістан қаласына келіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері және индустриалдық аймақтағы инвесторлар үшін жасалынған мүмкіндіктермен танысқан болатын.

Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. Өмірзақ Естайұлы тігін индустриясын дамытып, шалғай жерлерде қажетті жұмыс орындарын құратын жоба жетекшілерін облыс атынан құттықтады. «Qojakent Textile» компаниясы қысқа мерзім ішінде үкіметаралық өнеркәсіптік кооперация шеңберінде Түркістан қаласында тігін фабрикасын іске қосқаны белгілі.

 

 

Пікір қалдырыңыз