Бағдар айқын

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының тілінің көркемдігін, ойының дәлдігін елеулі бір ерекшелік ретінде қарастыруға болады.

Еліміздегі рухани жаңғырудың тұжырымдамалық бағдары министрден бастап, қатардағы қарапайым азамат түсінетін, баршаға ұғынықты, бай әрі ықшам тілмен жеткізілді. Биылдан бастап Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің Үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріседі. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру болып табылады. Бұған дейін еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы Бірінші жаңғыруды жүзеге асырды. Содан кейін «Қазақстан–2030» Стратегиясын қабылдады және жаңа астана салды. Нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді. Бұл – Екінші жаңғырудың межеленген нәтижелері. Мұның бәрі еліміздің жүйелі әрі дәйекті эволюциялық дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың өзара байланысы мен сабақтастығын көрсетеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және рухани жаңғыру сияқты үш жаңғыру үдерісі жүзеге асырылатын болады. Аталған үдерістердің қатарында рухани саланы жаңғырту негізгі бағыттың бірі. Мұндай аксиомалық байлам жасауға берік негіз бар деп ойлаймын. Әлбетте, саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр.

Бұл орайда, ең әуелі, жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету үшін түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отырған осы саланың бүгінгі жай-күйін атауға болады. Мәселен, бізде демократияның басты белгісі саналатын сайламалы үдеріс саяси өмірде өзінің орнын тапты. Былтыр конституциялық реформалардың аясында ел Президентінің бірқатар өкілеттіктері биліктің өзге тармақтарына берілді.

Басты мақсат мемлекеттің және азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының негізінде барша руханиятты жаңғырту болып табылады. Елбасының бағдарламалық еңбегі – бұл, ең әуелі ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала.

Қысқасы, жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты және ұмтылысты қажет етеді. Өйткені, біз айрықша жылдамдықпен өтіп жатқан зымыран уақытта өмір сүрудеміз. Әлемге танымал америкалық экономист Джон Коттер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өзінің «Өзгерістер алдында» атты кітабында бәсекелестерден ілгері болу үшін міндетті түрде өзгерістерді алдын-ала біліп, оны басқара білу қажеттілігін айтқан екен. Аталған тезис бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдірді. Міне, біз осы мәселелерді басты мақсат етіп алуымыз керек.

Асқар ӨСЕРБАЙ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті аграрлық факультеті «Ветеринарлық медицина» кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты.

Гүлсім ТОҚТАРОВА, магистр оқытушы.

 

 

Пікір қалдырыңыз