Қарасазға қонған ақ қарға

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Өткен жылдың адамзат баласы үшін оңайға соқпағанын білеміз. Үмітсіз шайтан ғана ғой. Болашағына жарқын үмітпен қарау әрбір пенде үшін бұлжымас қағида. Былтыр індеттің зардабын да тарттық, табиғаттың біршама тылсымына да куә болдық. Сондай тылсым оқиғалардың бірін Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылының тұрғындары көріпті.
Мұқағали ақынның ауылына аппақ қарға келіп қонған. Қарғаның сирек кездесетін түрін көрген тұрғындар бейнекамераға түсіріп алыпты. Желіде тараған фото және бейнесюжетке әртүрлі пікірлер білдірілді. Біреулер мұны жақсылықтың нышанына баласа, енді біреулер ақ қарғаның біздің елге ұшып келуін кездейсоқтық деп есептеді.
Жалпы, жыртқыш құстар тобына жататын қарғаның ақ түсті болуы табиғатта сирек кездеседі. Ал, ғалымдар қарға түсінің ақ болуын басқаша түсіндіреді. Олардың айтуынша, жер бауырлап ұшатын құстардың қара немесе сұр түсті болуы олардың қорғаныштық қасиетіне байланысты екен. Басқа да жыртқыш құстардан қорғану үшін олар топырақ немесе өсімдік түсті реңкте болады. Қарға түсінің ақ болуы оның өмір сүрген ортасына, қорғаныштық қасиетіне байланысты дейді орнитологтар. Сондықтан да ақ қарғаға таң қалып қараудың қажеті жоқ екенін айтады.
Ақ түсті қарғаның аулаға қонғанын 2016 жылы Қызылорда тұрғындары да байқаған-ды. Қалай десе де ақ түстің біздің халқымыз үшін жақсылықтың, молшылықтың нышаны екенін ұмытпағанымыз абзал.