Өсербаева өсірген гүлдер аудан-қалалардағы аулалардың сәнін келтіріп тұр

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінде көңілің сүйген кәсіппен айналысып, көл-көсір пайда табуға мүмкіндік мол. Мысалы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нәзипа Өсербаева бала кезінен гүл өсіруге әуес еді. Қазір сол қызығушылығы тәп-тәуір табыс әкелетін тұрақты жұмысына айналды.

Өзінің айтуынша, Нәзипа апай бұл кәсібін осыдан жеті жыл бұрын бастаған. Содан бері қаладағы кеңсе аулаларына гүл егумен айналысып келеді. Иә, көшесінің көрікті, ауласының ажарлы болғанын кім қаламайды?! Бүгінде Нәзипа апайдың қызметіне жүгінетіндердің де қатары артқан. Ол Шымкент, Түркістан қалаларынан бөлек еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтан қаласын да көркейтіп, көріктендіруге атсалысқан екен. «Гүл өсіруді ағаларым да жақсы көреді. Бұл кәсіпті бизнес көзіне айналдыруға ұсыныс жасаған да солар. Мен ол кезде базарда сауда жасайтынмын. Ағаларыма қолғабыс етіп, базарға шығарып сатып жүрдім. Осылайша гүлге деген сұраныс жоғары екеніне көзім жетті. Бір жұмысты бастасам соңына дейін жеткізбей тынбайтын мінезім бар. Гүлдің суреттері бар альбом сатып алып, мекемелерге барып, жарнама жасап, қызығушылық танытқандардың ауласына егіп беріп жүрдім. Қалай күтіп-баптау керек екенін де түсіндірдім. Қазір жылыжай жұмысын ағам мен інім жүргізеді. Өзім көгалдандыру жұмыстарымен айналысамын» дейді

Нәзипа Әмзеқызы.

Осылайша кәсіптің көзін тапқан ол бизнесін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Қазір гүл ғана емес, жеміс ағаштары мен шыршалардың да көшеттерін өсірумен айналысып жүр. Қол астында он бестей адам жұмыс істейді. «Жасыл экономиканы» жандандырып жүрген кәсіпкер бұл істің табысты екенін жұртқа ұғындырғысы келеді. «Бәлкім біреулер үшін бұл қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ, өзіме ұнайды. Табысы да жаман емес. Он бес адамға тұрақты жалақы беруге және өзімнің барлық шығындарымды жабуға жетеді» дейді ол.

Жылыжайда «Тагец», «Бархатцы», «Сальвия», «Герань» секілді біржылдық, «Глобус», «Роза» секілді көп- жылдық гүлдер өсіріледі. Кейіпкеріміз гүлді күтіп-баптаудың құпияларымен де бөлісе кетті. Балаша мәпелеуді керек ететін гүлге дер кезінде тиісті дәрілерін беріп тұру керек. Бұл салада арнайы білімі болмаса да Нәзипа Өсербаева айтарлықтай табыстарға жетіп отыр. Оған бүгінге дейін жинаған тәжірибесі мен агроном ағасының берген тәлімінің де үлесі бар.

 

 

Пікір қалдырыңыз