Тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынады

Орталық Азиядағы тұрмыстық техника мен электроника тауарларын өндіру саласындағы көшбасшылардың бірі – Artel компаниясы ТМД елдері мен Қазақстанда ас үй плиталарын және басқа да көптеген техника түрлерін сата бастады. Енді аталмыш компанияның Түркістан облысында да жаңа өндірісі іске қосылды. Жобаның құны 85 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл жыл сайын бір миллион тұрмыстық техника түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Artel компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері туралы айтып берді. Игілікті іске әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Мейіржан Мырзалиев мұндай жобаларды іске асыру екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан маңызды деп санайды.

«Расында, Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастығы екі мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды. Елдер арасындағы тығыз байланыстарды екі мемлекет басшылары бастап берді, енді біз бірінші кезекте достық қатынастарға негізделген осы ынтымақтастықты лайықты жалғастыруымыз керек» деді Мейіржан Мырзалиев.

Ол бұл жобаның іске қосылуы елдегі тұрмыстық техниканың импортын алмастыруға және «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға оң ықпалы болатынын атап өтті.

«Бұл бағыт Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес облыс әкімдігі үшін басым бағыт болып табылады» деді облыс әкімінің орынбасары.

Artel компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады, бұл 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға көмектеседі.

Бірінші кезеңде, яғни 2021 жылдың соңына қарай жыл сайын 500 мың тұрмыстық техника, яғни ас үй плиталарын шығаратын кәсіпорын іске қосылады.

Екінші кезеңде, яғни – 2022 жылдың соңына қарай электр су жылытқыштарын өндіру қолға алынады.

Жобаны іске асыруды инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі «Turkistan Invest» өңірлік агенттігі сүйемелдейді. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

 

 

Пікір қалдырыңыз