Жас жауынгерлер жүлдемен оралды

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл жер-жаһанды қатерлі індет жайлады. Аты жаман дерт біздің елді де айналып өтпегені белгілі. Жыл басынан бері 100 мыңнан аса адам осы дертке шалдығып, барлық деңгейдегі іс-шаралар карантиндік шектеулерге байланысты белгіленген тәртіппен өткізілді. Жыл сайын үрдіске айналған «Aibyn – 2020» VІ республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны да аздаған өзгерістермен ұйымдастырылды.

28 қыркүйек пен 30 қараша аралығында онлайн форматта өткізілген сайысқа әр облыс пен 3 мегаполистен іріктеліп алынған 39 команда, 585 сарбаз қатысты. Алпыс күнге созылған аламанның соңғы күніне дейін айқын басымдыққа ие жеңімпаз байқала қоймаған. Дегенмен, сайыс болғасын бір жеңімпаздың шығары анық. Биылғы сайыста облыс намысын Арыс қаласының «Барыс» әскери-патриоттық клубының жас жауынгерлері қорғады. Олар жарыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының сарбаздарынан кейінгі жүлделі екінші орынға ие болды. Ал, түркістандық сарбаз Әбдібек Қуанышқа «Үздік жас сарбаз» номинациясы табысталды. Сонымен қатар, әскери қолданбалы спорт жарыстарынан Балабек Алпамыс жеңімпаз атанса, Әскербек Ұлдана 3-орынға ие болды. Әскери жиынның жабылу салтанаты Нұр-Сұлтан қаласында өтіп, жүлделі орындармен марапатталған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

– «Барыс» әскери-патриоттық командасын жеңісімен құттықтай отырып, облыстық қорғаныс істері департаментінің тәрбие және идеология бөлімінің басшысы, майор Жандос Күлдербаев, Арыс қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлім басшысы, подполковник Ерлан Билалов, командаға жетекшілік еткен Молдабай Сүйіндіков және Ербол Аймұрзаев мырзаларға алғысымызды білдіреміз. Олар жас сарбаздарды жарқын жеңістерге жетелей білді. Сонымен қатар команда мүшелеріне алдағы жарыстарда да қанаттары талмай, биіктерге самғай берсін дегіміз келеді. Болашақ ел қорғаны болуларына тілектеспіз! – дейді республикалық «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалының төрайымы міндетін атқарушы Аружан Шекербек.

 

 

Пікір қалдырыңыз