«Ай, керім» десе ай, керім...»

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақстан Қарулы Күштерінің сапында ер азаматтармен қатар өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарып жүрген нәзікжандылар да аз емес. Солардың бірі – Шымкент гарнизонында қызмет атқарып жүрген кіші сержант Әйгерім Қалиева.

Қиын да қатал кәсіп түрін таңдаған ару Ордабасы ауданының тумасы. 2013 жылы Шымкенттегі Қазақстан халықтар достығы университетін «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша тәмамдаған Әйгерім 2014 жылы Шымкент қаласынан әскер қатарына шақыртылып, қызметін Арыстағы әскери бөлімнің атысты қолдау ротасында бастаған. Бүгінгі таңда 35748 әскери бөлімінің мотоатқыштар батальонында қызмет атқарады.

Әйгерім қызмет барысында біршама жетістікке де жеткен. Атап айтқанда, 2015 жылғы Қарулы Күштердің әскери парадына қатысқан ару бірнеше жыл қатарынан «Достастық жауынгері» дәрежесіне ие болып, сержанттар арасындағы сайыстарда үздік нәтиже көрсетті. 2017, 2018 және 2019 жылдары Ресей мен Өзбекстанда өткен әскерилердің халықаралық ойындарында ел намысын қорғап, қыздар командалары арасында екінші және үшінші орындарды иеленіп, жеке аталымда екі дүркін «Үздік қатысушы» медалімен марапатталған. 2020 жылғы қаңтар айында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Әлем жауынгері» және «Әскери медициналық эстафетасы» сайыстарының іріктеу сатысында жеңіс тұғырынан көрініп, «Шебер» сайысының үздігі атанды.

– Әйгерім нәзік болса да, әскери өмірдің қиыншылығы мен темірдей тәртібіне төзіп, ер азаматтармен тең деңгейде қызмет атқаруда. Ол өзінің тәртібі және берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындауымен әріптестеріне үлгі бола алады. Әйгерім Ұлы Отан соғысында ел үшін жанын қиған Мәншүк, Әлия, Хиуаз апалары секілді қайсар мінезді. Ол Отанға деген сүйіспеншілігін ісімен дәлелдеп жүрген ару. Жауынгерлік даярлық сабақтарында әрқашан жоғары деңгейден көрінеді. Осындай батыр қыз бізбен бірге қызмет атқаратынын мақтан етеміз, – дейді батальон сержанты Ғалымжан Бәтешов.

Әлбетте, мамандықтың жаманы, жұмыстың оңайы жоқ. Жан қалауы қашан да адамды алға жетелейді. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, жаратылысы нәзік болса да, осындай ауыр міндетті арқалап жүрген Әйгерім сияқты қазақ қыздары көп болса екен дейміз.

 

 

Пікір қалдырыңыз