Мақтааралды стадионы біткен соң көріңіз!

Мырзакенттегі Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион 1976 жылы пайдалануға берілген екен. Содан бері де талай заман өтті. Аудан тарады, қайтадан ашылды. Осындай өтпелі кезеңде стадионның қараусыз қалғаны белгілі. Тіпті, тозып бітті деуге де болады. Бірақ, Мақтаарал ауданы қайтадан еңсе тіктесімен қараусыз қалған орталық стадион қолға алынып, бүгінде нысан күрделі жөндеуден өткізілуде.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов кешегі Сардоба оқиғасына қарамастан стадионды іске қосу керек деп тапты. Өйткені, спорт адамды ширатады, шынықтырады, кейде тіпті ауыр ойлардан айықтырады. Сондықтан стадионды тезірек пайдалануға берудің пайдасы орасан. Бұл екінші жағынан жаңа ауданның орталығына көрік сыйлайтын да еді.
Нысанның құрылысын «ПМК-7К» ЖШС жүргізуде. Бүгінде құрылыс жұмыстары орта тұсына таяп қалыпты. Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Татеев бізді жылы қарсы алып, құрылыс жұмыстары барысымен таныстырды. Оның айтуынша, спорт алаңының сыйымдылығы 2066 жанкүйерге арналған. Жобаның жалпы конкурстық құны – 240 миллион теңге. Қазір «Улмад» ЖШС техникалық қадағалаушы, «Сантех-Строй Проект» ЖШС авторлық қадағалаушы қызметтерін атқарады. Айналасы атшаптырым аймақ түгелдей көгалдандырылмақ. Бұл үшін Алматы қаласынан арнайы мамандар шақырылған.
Стадион құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріліп қалады. Кентке көркем келбет сыйлайтын жаңа стадион спортшыларды байрақты жеңістерге бастап қана қоймай, алдағы уақытта мұнда түрлі мәдени іс-шаралар да өткізілетін болады.
С. ДӘНІҚҰЛҰЛЫ. Мақтаарал ауданы.