«Ұрпағыңның алдында ұялмайтындай жұмыс істеу керек»

Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:

Сол кезде мені бір Құдай сақтапты...

– Кім әкім болмады, кім кеңшар басқармады, бірақ қызметтен кеткен соң көбі көңілден де кетті. Ал, сіз жұрттың өзіңізді көңілден шығаруына мүмкіндік бермейсіз. Қашан қарасақ шаруаның соңында жүгіріп жүргеніңіз. Сіздіңше қалай, шаруақорлық қанмен беріле ме, тәрбиемен бе?

– Тәтібай атамның көзін көргендерден жеткені, ол кісінің аты асқан шаруақорлығымен маңайындағы елге мәлім болған екен. Малсақ жан болыпты. Малды түсінен ғана емес, көзінен, қас-қабағынан танитын қасиеті болған деседі. Үлкен бабамыздың бақ-дәулеті атама жұғысты болып, қорасынан мал үзілмеген екен. Осы жерде аздап отбасымыздың тарихына тоқталып өтейін.

1928-29 жылдары «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін заманда Тәтібай атам да ағайын-жұртымен ақылдасып, ауған жұртына аспақ болады. Адал малынан кімнің оңайшылықпен айрылғысы келеді дейсіз?! Бір түнде үдере көшіп шыққанмен, қар түсіп, ауған жаққа қарай таудан асып өте алмай, Өзбекстан шекарасында тау етегінде көктем келгенін күтіп қыстап қалады. Тағдыр шығар, келесі көктемде қайта тауға көтерілгенде, қызылдардың тосқауылына тап болып, бірақ қолға түспей, тауды паналап қалып қояды. Бір күні атамның түсіне әкесі – үлкен бабам Самырат кіріп, бір қора малды елге қарай айдап жүр екен. Таңертең Тәтібай атам ойланып, әкесінің түсінде берген аяны «елге қайт» дегені шығар деп топшылайды. Қасына үш-төрт жігітті ертіп ауылдарына келсе, елде қалған ағайынның жағдайы өте ауыр екен. Ішерге ас, тігерге тұяқ қалмаған. Егін салайын десе тұқым жоқ, жер жыртатын ат-өгіз жоқ. Малдың бәрін Кеңес өкіметі алып қойған. Келген нәубетті елмен көрейін деген атам қайта Жызаққа аттанып, айдап кеткен малының біразын сондағы базарға сатып, асыл тастар мен қымбат затқа айналдырып, құмыраға салып, аузын бекітіп, сол жақтан тапқан өзбек тамыры Егенбайға сақтап тұруға береді, оған қоса бес мың қойын аманат етіп тапсырады. Елге келіп, 12 мың бас қой-ешкі, мың шақты түйені өз еркімен Кеңес өкіметіне өткізеді. Сол кездегі билік өкілдері риза болысып, тіпті, Тәтібай атам 1929 жылы И.В.Сталиннің қолы қойылған Мақтау қағазын алған. 1963-65 жылдар шамасында атамның қара шаңырағында қалған Сырлыбек көкеміз қоржыннан шығарып оны бізге көрсеткен. Кейіннен сол қағаз табылмай кетті.

1932 жылдары Сырдың арғы бетіндегі біздің ел жаққа колхоздастыру науқаны жетіп, Балтакөл, Көлқұдық, Ақдала, Ешкіқора, Маяқұм ауылдары мал өсіретін колхоздардың жайылымына айналады. Елдің де, малдың да жайын білетін атамды жаңа өкіметтің адамдары сол аймаққа мал жайылымдарының меңгерушісі етіп бекіткен екен. Әкем Ибадулланың айтуынша, атам мөр ұстап, өлген-жоғалған малдарды куәландырып отырған. Алыс-жақыннан келген өкімет адамдары атамның үйіне түсетін болған.

Атам 1972 жылы 84 жасында өмірден озды, ол кезде мен 22-дегі жігітпін.

Айтқандай, Тәтібай атамның Жызақтағы өзбек тамыры Егенбай ұлдарына баяғы аманатты иесіне қайтарыңдар деп тапсырып кеткен екен. Әлі есімде, 1973 жылы, атам қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң, Тәтібай атамнан қалған қара шаңыраққа екі өзбек кісі келді. Сөйтсек, Егенбайдың кенже ұлы Сайдулла екен. Білгеніміз, әке аманатын орындау үшін 1967 жылы үлкен ағасы Түркістан жаққа келіп, дерек таппай кеткен. Осы жолы келген Сайдулла Түркістандағы мал базарға келіп сұрай берген ғой. Ол келгенде Тәтібай атамыз бір жыл бұрын дүниеден озып еді. Сол жолы ол аманат ретінде 70 жылқының пұлын әкеліпті. Әкем Ибадулла батасын берді. Досқа адалдық, аманатқа қиянат жасамауды үйреткен бұл оқиға бәрімізді де қатты толқытты.

– Сіздің шаруақорлығыңыз атадан берілген екен де...

– Меніңше, ол тәрбиеге де байланысты. Әкем Ибадулла да мал өсіріп, өте бай болмаса да, тұрмысты өмір кешті. Нағыз шаруақор, тынымсыз, кез келген істің көзін білетін, бала-шағаға қатал адам еді. Әкем колхоздың малын бақты. Ат баптап, көкпар шабатын. Біз екі ұл, төрт қыз болдық. Ең үлкеніміз Шертай ағам анасынан 4 жасында жетім қалып, менің анам бауырына басқан. Әкем мені жастайымнан шаруаға үйретті. Әкеміздің жанына жалау болып, мал өсіріп, еңбек еттік.

Мектепте жазу-сызуды жақтырмайтын едім. Мұғалім қалай сабақ түсіндірсе соны табан астында қайталап айтып беру менің әдетім болатын. Сабақты жақсы оқыдым.

Сегізінші сыныпқа барған жылым, қой бауыздап жүргенмен, союға шамам келмейтін. Бір күні қой сойғанда терісін 1-2 жерден кесіп алсам керек, әкем арқамнан қамшымен салып жіберді. Қамшы еттен өтіп, көзімнен жас парлап кетті. Сол сол ма, кейін малды терісіне сызат түсірмей соятын болдым.

Кентаудағы тау-кен техникумын бітіріп келіп, кеңшарға «десятник» болып орналастым. Тоғанды су шайып кетсе, басқа да қиындық туындаса, үлкен кісілер соған мәжіліс жасап даурығып жатады. Жас болсам да, не істеу керектігін шамамен біліп тұрамын. Осының бәрі әкемнің қатал тәрбиесінің арқасы ғой. Өзім баламды нұқып көрмеппін.

Өзбек ағайынның бір қасиеті: баланы кішкентайынан шаруаға, кәсіпке баулиды, өзі шаштараз болса, шаш қиюды, етікші болса, етік тігуді үйретіп, кәсіп атадан балаға беріліп кете береді. Сол дұрыс, меніңше. Біз балаға «сабақ оқы» дей беріппіз де, кәсіпке үйретпеппіз. Ұлымның үйдегі еркек атқаруға тиіс шаруаларға ебі жоқ. Сантехника, бірдеңе бұзылса, біреуге істетеді. Ол – менің кемшілігім.

– Енді қазіргі заман оқығандікі ғой...

– Әрине. Бірақ, баланы тым болмаса өз үйінің шаруасын істей алатындай етіп тәрбиелеуіміз керек екен. Біздің кезімізде мектептерде еңбек сабағында ер балаларға шеберханада пышақ қайрау, сымдарды жалғау, ағашты қалай сүру керек дейтіннің бәрін үйрететін. Қазір кәсіпке оқытып жатырмыз дегені жалған сияқты. Қолы епсекті бала көрмейміз.

Жиен немерем біздің қолда өсті. Медицина институтында оқып, Арқа жаққа тұрмысқа шықты. Үй шаруасына пысық. Киілмей қалған киімді бұзып, керекті дүние тіге салады. Асты да дәмді әзірлейді. Қолынан келмейтіні жоқ. Барған жері риза. Менің жұбайымның – нағашы әжесінің қасында көп болды да, соның тәлімін алып шықты. Өзімде бес қыз бар ғой, соның төртеуі үй шаруасына мығым, жұмыстарына да жауапты болып өсті. Қазір бірі – мектеп директоры, ендігі бірі – балабақшада меңгеруші, біреуі – пединститутта оқытушы, біреуі банкте істейді. Ал, кенжеміз менің анама қатты еркелеп өсті. Кемпірдің қызы әлі сол еркелеген күйі жүр...

Мен «Балтакөлде» мектеп-интернатта оқыдым. Мектепте 60-70 мұғалім болса, Шәріпбек ағай мен Нышан ағайдың сабақтарында шыбынның ызыңы естілмейтін. Нышан ағайды дәлізде көре қалсақ, тұра қап, бас киімімізді шешіп, құдды бір генерал келе жатқандай тік тұрып өткізіп жіберетінбіз.

Шәріпбек ағай, мәселен, ұлы Әліпбекті оқуға, кішісін еңбекке, кәсіпке баулыды. Әліпбек мектепті алтын медальмен бітірген. Үш рет Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарды. Ал, інісі мал шаруашылығымен айналысады, ірі кәсіпкер. Әрбір ата-ана балаларының болашағына осылай жауапкершілікпен қарау керек.

– Қырық жылдан аса мемлекеттік қызметте жүрдіңіз, оның тең жартысы Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы жолында қызмет етуге арналыпты. Соның 21 жылын өзіңіз туып-өскен Балтакөлдің өсіп-өркендеуі жолына жұмсадыңыз...

– Мемлекеттік қызметте жалпы 43 жылдан аса еңбек етіппін. 22 жыл – Кеңес өкіметі кезеңі, 21 жылдан аса – Қазақстаның егемен кезеңі.

1970 жылы наурыз айында «Балтакөл» кеңшарында десятник болып еңбек жолын бастадым. Жұмысқа кеңшардың алғашқы директоры Үбайда Тоқбергенов қабылдады. Кеңшарда жұмыс қайнап жатады. Тұрғын үй салу, өндірістік нысандар, шопан үйлері мен қоралары, су жүйелері нысандарын салу секілді жұмыстар «Балтакөлде» қарқынды жүрді. Құрылыс цехымызда 150-200 адам жұмыс істеді. Өзімізде пилорама, ағаш цехы болды. Сөйтіп жүргенде бір жылдан кейін аға прорабымыз жұмыстан кетіп, оның міндетін атқару маған жүктелді. Директор бір жиында менен аға прораб қызметін атқара алатын-алмайтынымды сұрады. «Істей аламын» дедім. Жұрттар ду ете қалды. Жассынып тұр ғой бәрі. Менің кандидатурамды аудан бекіткенмен, облыс бекітпей жүріп алды. Жоғары білімі жоқ, әлі жас деген сылтау айтады. Үбайда аға облысқа барып жүріп бұйрық әкелді. Алайда, еңбек жолымда өзіме ұстаз бола білген осы бір ардақты жанмен бір жыл ғана қызметтес болдым. 12 жыл аға прораб болып қызмет етіп, одан партком хатшысы қызметіне ауыстым. Ал, 1991 жылы наурыз айында «Балтакөлге» кеңшар директоры болып тағайындалып, 1994 жылға дейін сол қызметті атқардым. Мақтанғаным емес, кеңшар менің тұсымда жақсы көтерілді. Біздің шаруашылық 1992-93 жылдары облыстың Құрмет тақтасында Социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде ілулі тұрды.

– «Балтакөлдің» соңғы директоры сіз болдыңыз ба?

– Жоқ, менен кейін үш директор болды. 1994 жылы «Шәуілдір» асыл тұқымды қаракөл қой зауыты директоры қызметіне ауыстым. Сол тұста мынадай оқиға болған.

ҚР тұңғыш Премьер-министрі Сергей Терещенконың өкіл әкесі Молчанов деген болды. Сергеймен комсомолда араласқанбыз. Солардың айтуымен облыста үш кеңшарды жекешелендіру керек болды: Созақ ауданынан «Қаратау», Мақтаарал ауданынан «Киров», Отырар ауданынан «Балтакөл» кеңшарлары. Біздің ауданның жігіттері кеңшарды жекешелендіріп алуыма қарсы болды. Мен кеткенде кеңшарда 65 мың қой бар еді. Кейін кеңшар тарады. Қазір ойлаймын «сол кезде мені бір Құдай сақтапты» деп.

– Кеңшарды таратқан директор деген аттан аман қалдым дейсіз бе?

– Кеңшар барлық жерде тарап жатты ғой. «Кеңшарды жекешелендіріп алған директор» деген ат өмір бақи соңымнан қалмайды екен. Сол кезде расымен жекешелендіріп алсам, жұртқа бүгінде Молчанов секілді жеккөрінішті болып жүрер едім.

 

Еңбектерім ұмытылмаса,.. жаман жұмыс істемеген шығармын

– Сіз сегіз жылдан аса Түркістан қаласы әкімдігінде қызмет еттіңіз. Қала әкімінің орынбасары лауазымына үш рет көтеріліп, қызмет екі рет төмендетілді. Мұны «биография-географияңыз» тура келмеді деп түсінеміз бе? Түрлі лауазымды қызметте болдыңыз ғой, енді расын айтыңызшы, мансабыңыздың өсуіне ықпал еткен «көке-жәке» болды ма сізде?

– Қайбір азаматтың қызметке келуі мен оның жоғарылауына себепші немесе жақсы пікір айтуы қозғау күш болары заңды

құбылыс. Бір мысал айтайын, Нұртас Оңдасынов, Қабылов, Мұхамеджанов, Мырзахан Пошанов төртеуі бір жарым жыл теміржол бойында Ташкентте ескі вагонда бірге тұрып, жер аударып, мал қора тазалап, масақ теріп, өзбек ағайындардың кесегін құйып, нанын сатып, жетімдікпен күн өткізген. Оқып, ер жетіп, есейген соң бірін-бірі қызметте сүйреген. Қабыловты детдомда бірге болған мәскеулік жолдасы демеп, Қазақстан КП Орталық Комитетіне 3-хатшыға дейін көтеріліп, оны 12 жыл атқарған. Сол кісі Оңдасыновтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне дейін көтерілуіне себепші болса, Пошановты Оңдасынов демеп, Түркістан, Сайрам аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Жер министріне көтерсе, Мұхамеджанов жиырма жылдай Ташкентте университет ректоры болды. Міне, балалар үйінде тәрбие көрген азаматтар осылай бір-біріне сүйеу болған. Мені де Үбайда Тоқбергенов, Қалық Абдуллаев, Амалбек Тшанов, Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев, Асқар Мырзахметовтер сүйеп-демегені ақиқат.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметіне 1998 жылы тағайындалдым. Менің бұл қызметке баруыма себепші болған құдам Өміртай Танабаев еді. Ол мені жиені, елімізге белгілі азамат Амалбек Тшановпен таныстырған болатын. Амалбек ағамыздың ұсынысымен облыстың сол кездегі әкімі Қалық Абдуллаев мені өзіне шақырып алып, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметіне жіберді. Қала әкімі Уәлихан Қайназаров орыс мінезді, мәдениетті, сауатты адам. Істің көзін тауып, жұмыс істейтін азаматтарды қолдап отыратын. Әкімдік басқару жүйесі әлі қалыптаспаған, қаржы жоқ қиын кезең еді ғой.

Келесі жылы оның орнына Өмірзақ Әмет келді. Сол кезде қызметім ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне төмендетілді. Бір жарым жылдан кейін қайта «замәкім» болдым. Екі жылдан соң бұл қызметтен тағы түсіп қалдым. Мұның бәрін өмір заңы деп қабылдадым. Бірақ, мен әрдайым Өмірзақ Әметпен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Өмекең халықты іске жұмылдыра білетін, соның арқасында Түркістанның 1500 жылдығын абыроймен, жоғары деңгейде өткіздік. Қалада көптеген жаңа нысандар пайда болды.

2003 жылы Түркістанға Мұхит Әлиев әкім боп келді. Онымен «Балтакөл» мектеп-интернатында бірге оқығанбыз. Ол мені өзіне орынбасар етіп алды. Мұхаң өте қарапайым, ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін, алдына келген кісіні ренжітпейтін әкім еді. Өмекеңнің айқайына үйреніп қалған біз алғашқыда Мұхаңның ел басқару «тәсіліне» таң қалып жүрдік. Сөйтсек, айқайсыз да жұмыс істеуге болады екен ғой. Үш жыл қызметтес болыппыз. 2006 жылы мен Шардара ауданына әкім болып тағайындалдым. Ол кезде облыс әкімі Болат Жылқышиев еді. Көп ұзамай облысқа Өмірзақ Шөкеев келді. Нұрғали Әшімов, Асқар Мырзахметовпен қызметтес болдым.

Нұрғали Әшімовтің тұсында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқардым. Асқар Мырзахметовтің кезінде облыс әкімі аппаратының басшысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы болып тағайындалып, сол жерден зейнетке шықтым.

Сол кезде коммуналдық жүйенің ахуалын анықтап, құбырлардың қай көшенің қай жеріне өтетініне дейінгі картасын жасағанбыз. Өйткені, Одақ құлағаннан кейін бұл салада жұмыс қожырап, көбі жекешеленіп, құжаттары жоғалып кеткен екен. 1956 жылы тартылған құбырлар шіріген. Екі жылда бәрін реттеп, атқарылуы тиіс жұмыстарды кезең-кезеңге жоспарладық. Қазір облыста, қалада осы салада бірдеңе жасалып жатса, оған сол кездегі біз жасатқан картаның пайдасы тиіп жатыр деп ойлаймын.

Мен қызметтес болған облыс әкімдерінің ішінде Болат Жылқышиев «коммунальщик» еді. Мамандығы – құрылысшы. Ол ауыз су, газ, жылумен қамтамасыз ету, қоқыс мәселесіне көп мән берді. Ауыл шаруашылығын жетік білмейтін. Ал, ауыл шаруашылығының маманы Асқар Мырзахметовке, керісінше, коммуналдық сала қиынға соғатын.

– Сіздің Шардара ауданына әкім болып баруыңыз шалғайда жатқан елге рухани сілкініс әкелді деп жатады...

– Ол – 2006 жыл еді ғой. Шешімін күтіп тұрған мәселе жетерлік. Ең үлкен проблема – ауыз су. Қаладағы су құбырлары шіріген, су торабындағы құрал-жабдықтың өзі әбден ескірген. Екі жылда су торабы мен су жүйелерін жөндеуден өткіздік. Мектептерді жылыту мәселесін де ретке келтірдік. Ол жылдары мемлекеттің қаржысы аз болатын. Медпункт, ойын алаңдары, мұражай секілді көп шаруаны асарлатумен бітірдік.

Шалғайда жатқанмен, Шардарада талантты адамдар көп. Талантты өнерпаздарға қолдау көрсетіп, олар ауданға жеңіспен оралып жатты. Соның бірі – опера әншісі Мөлдір Бақытжанқызы. Оны АҚШ-та өтетін байқауға жіберу үшін Шымкент қаласында акция өткізіп, қаржы жинағанбыз. Сол жолы кішкентай ғана Мөлдір Голливудтан бес алтын медаль әкелген. Мектеп оқушысы екеніне қарамай, оған «Шардара ауданының құрметті азаматы» атағын бергіздім. Міне, сол Мөлдір қазір «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып, Түркістан облысынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына ұсынылған жеті адамның бірі ретінде тізімге еніп отыр.

2006 жылы Шардара туралы әндердің облыстық байқауын ұйымдастырдық. «Егіздерім – қос қанатым», «Қос шағала» дейтін байқаулар өткіздік. «Шардара әуендері», «Шардаралық боздақтар», «Егіздерім – қос қанатым» секілді бірнеше кітап шығардық. Шардаралық ақын-жазушылардың дүниелері топтастырылған «Ақ шағала жырлар» жинағы шықты. Мұның бәрін шығаруға демеушілер көмектесті.

Ұлы Абайға үлкен ескерткіш, Оңтүстіктен шыққан жалғыз Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаевқа, Кеңес Одағының Батырлары Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетовке саябақ ішінен ескерткіш-мүсін орнаттық. Үш бидің ескерткішін қойдық. Әкімдік алдынан «Алты алаш» алаңын аштық.

Бұл шаруаның бәрін 2006 жылдың ақпаны мен 2007 жылдың қарашасы арасында жасап үлгердік. Осы еңбектерім ұмытылмай, ел аузында жүрсе, жаман жұмыс істемеген шығармын.

– Мемлекеттік қызметтен абырой жинау, көпке жағу өте қиын. Ал, жұрттың сізге деген құрметі жоғары. Көптің көңілінен шығудың «тәсілдері» болса, жас мемлекеттік қызметшілермен бөлісе отырсаңызшы...

– Мемлекеттік қызметте аз ғана мерзімде елге, көпке жағымды болу өте қиын. Мемлекетті мемлекет қызметіндегілер ұстап тұрады. Еліміз егемендік алған алғашқы 10-15 жылда бізге де өте қиын болды. Ел басқарудың жаңа жүйесіне үйрену оңай болған жоқ. Күнде өзгеріс. Көпшіліктің «өкімет асырайды» деген пікірден арыла қоймаған кезі. Жаңа заңдар шығып жатады, оны сіңіріп үлгере алмай жататынбыз.

Жалпы, мемлекеттік қызметшінің міндеті – елді ұйымдастыра отырып басқару. Өмірлік тәжірибемнен ұққаным, ата-анасы жастайынан әбден жұмсап, еңбекке пысытқан жастар қандай жұмысқа да тез төселеді. Ал, тек оқумен немесе жетекпен (көкесі арқылы) мемлекеттік қызметке келгендері елдің ығырын шығарады. Екіншіден, қызметте сатылап өскен жастар істің тетігін, жұмыстың көзін табады. Мені 40 жыл қызмет атқарып, зейнетке шыққан күні әуелі ұл-қызың, немерелерің, ағайын-туыс «Не істедіңіз? Елге қандай пайдаңыз тиді?» деп сұраса не деймін деген сұрақ қинады. Сондықтан ұрпағыңның алдында ұялмайтындай жұмыс істеу керек. Бүгінде ел алдында еңсем биік, абыроймен жүрсем, сол 40 жылдан аса уақытта ұялмайтындай тірлік істегенімнің арқасы деп ойлаймын. Көптеген замандасымды білемін, бүгінде көптің назарынан тыс қалып қойған. Көптен таса, өздерінен-өздері қысылып-қымтырылып жүреді.

– Құрылысшы-техник және қаржыгер дейтін мамандығыңыз бола тұра, сізге қызмет көбіне ауыл шаруашылығы бөлімдерінен бұйырыпты. Бұл саланың жұмысын өз мамандарынан қаншалықты жақсы білесіз?

– Ауыл шаруашылығы мамандарынан артық білмеспін. Білімді азаматтар егін және мал шаруашылығын өркендетудің ғылыми негізделген теориясын жақсы біледі, бірақ кейде шаруаны ұйымдастыруға қабілеттері жетпей жатады. Бір науқандық жұмыс басталғанда дер кезінде нәтижеге қол жеткізу басты мақсат болуы қажет. Мысалы, жүгеріні сеуіп, жинап алғанға дейін бірнеше жұмыстың басталып-аяқталуына дейін шартты мерзімдері бар. Егер сол мерзімдер сақталмаса, дақылдың түсімі төмендеп, қорытындыда табыс ала алмай қаласың. Қара жерді суарып, оны тапқа келгенде жыртып, дәнді мерзімінде сеуіп үлгеру керек. Жер таптан бір-екі күн шығып кетсе, дақылдың түп саны түгел болып шықпайды. Міне, өнімге үлкен әсер етер осындай кемшіліктер. Мұндайда басшыға үлкен тәжірибе мен ұйымдастырушылық қасиет қажет. Менің ауыл шаруашылығы мамандарынан ұйымдастырушылық кабілетім жоғары болуы мүмкін.

 

Субсидия бәрін еңбексіз табыс табуға ұрындырып жатыр

– Зейнетке шыққан соң облыстық мәслихатқа Отырар ауданынан сайландыңыз, депутаттық миссия сіздің қанша уақытыңызды алады? Депутат ретінде қандай мәселелердің шешілуіне ықпал етіп үлгердіңіз?

– Сессиялар, тұрақты комиссия отырыстарына қатысу аса көп уақытымды ала қоймайды. Қайта сессияларға қатысып, халықтың мұң-мұқтажы мен күнкөрісіне әсер ететін мәселелерді талқылау, оның тиімді, пайдалысын жоспарлап, атқарушы билікке бекітіп беру – бір жағы қызықты, екінші жағы іштей мақтаныш.

Кейде депутат әріптестердің көбі күн тәртібін талқылауға араласпайды. Халық депутаттарға «өз бизнесін қорғау үшін отыр» деп теріс пікір айтып жатса, намыстанамыз. Меніңше, бизнесі бар азаматтар сайлауға қатыса алмайтын ереже керек сияқты. Сонда «депкорпуста» көпшіліктің және мемлекеттің мүддесін қорғайтын азаматтар қатары көбейер ме еді?! Бұл – жеке пікірім.

– Халық депутатқа сену үшін депутаттың бойында қандай қасиеттер міндетті түрде болуы тиіс деп ойлайсыз?

– «Сайлау туралы» заң бар. Сонда депутатқа қойылар талаптар нақты көрсетілген. Көптеген депутатқа іс-тәжірибесі, білімі жетіспей жатады. Ол сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстарында байқалып тұрады.

Тұрақты комиссия құрамында 12-15 депутат болса, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға соның үш-төртеуі ғана қатысып отырады. Кейбірі ақпарат құралдарында айқай-шу көтергенсіп, көзге түскісі келеді. Кейбірі күн тәртібіне қатысы жоқ бос әңгіме айтып, басқаның ығырын шығарады. Ал, әлі өмір көрмеген 20-30 жастағы жастар не шеше қояды дейсің? Көкесі мықты, біреулердің күйеу баласы немесе баласы, туыстары жүреді. Сүйеушілері бүлдірмей жүрсең болды дейтін шығар.

– Бүгінде қалталының көбі батыр бабаларына ескерткіш орнатады, ал, сіз ақындарға, өнер адамдарына ескерткіш қойып жүресіз. Бүгінге дейін сіз жасатқан ескерткіштердің саны қаншаға жетті? Ескерткіш орнату сіз үшін ат шығарып, абырой жинау емес пе?

– Ұлағатты, үлгі тұтарлық, елім-жерім деп өткен азаматтарға ескерткіш қойған дұрыс шығар. Өткен тарихымызды білу бұл келешегімізге үлкен үмітпен қарау деп ойлаймын. Алғаш Түркістан қаласында Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында қала әкімі Мұхит Әлиевтің басшылығымен 4 батырға ескерткіш қоюды ұйымдастырдым. Оның ішінде Кеңес Одағының Батыры, ол кезде көзі тірі Расул Есетов бар еді. Ол кісіні Мәскеуге парадқа қатысуға шығарып салып тұрып: «Расул аға, сіз «қазақпын, арғынмын» дейсіз, суретіңізде өзбек топпысы, паспортыңызда – өзбексіз. Бұл қалай?» деп едім, «паспортымды Өмірзақ Әметұлы қазақ деп ауыстырып берді» дегені. Маған сол керек еді, «Сіздің ескерткішіңізге қазақтың қалпағын кигізіп жасатсам рұқсат етесіз бе?» дедім. Ол кісі рұқсат деп жүріп кетті. Мен Шымкентке келіп, аяқталып қалған ескерткіштің басындағы топпысын қазақ қалпағына ауыстырып, қайта істеттім.

Расул ағаны Мәскеуден күтіп алған бойда ескерткішке апарғанда, қазақ қалпақты көріп әбден құшақтап, «өлер шағымда өз ұлтымның қалпағын кигеніме ризамын» деп әбден жылағаны бар. Осылай басталып кеткен. Ескерткішті атақ үшін жасап жүргенім жоқ.

2017 жылы Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановқа Тәушен Әбуоваға ескерткіш дайындатып жатқанымды айтқам. Сонда Ерлан інім соңғы бір ғасырдың өзінде Отырардан Қазақстанға белгілі 4 ақын шыққанын, оларға арнап «Отырар – ақындардың отаны» деген кітап шығарып жатқанын, ескерткішті сол төртеуіне бірдей қойсақ» деген ой тастады.

Ол төрт ақын: Тәушен Әбуова, Қаныбек Сарыбаев, Әселхан Қалыбекова және Бекарыс Шойбеков.

2018 жылдың қысында нартәуекел деп осы төртеуіне арнап ескерткіш жасатуға кірісіп кеттім. Оған қомақты қаржы кетті. Бірақ, сол жылы ескерткішті қоя алмадық. 2019 жылы Ерланның қызметі ауысып кетті, кейінгі әкімнің тұсында қояйық деп әрекет жасап едік, министрліктен «көзі тірі адамға ескерткіш қоюға болмайды» деген жауап алдық, Тәушен Әбуова мен Қаныбек Сарыбаевтың мүсіндерін жеке бөліп қоя алмаймыз. Ескерткішіміздің мәні кетеді.

Отырарда Мәдениет үйі жанынан ақындар мектебін ашқан – Қаныбек Сарыбаев еді. Сол Мәдениет үйі жанынан ақындар ескерткішін қойып, оларға арнап мұражай ашып, гүлзар ашсақ деп едік. Қаныбек қолына кітап ұстап түрегеп тұр, қалған үшеуінің қолдарына домбыра ұстатқан. Ақындарды отырған күйдегі мүсіндерінің биіктігі үш метрге таяу, бәрі қоладан жасалған. Сол ескерткішті әлі жүйелеп қоя алмай жүрміз. Бүгінде бір жерде ашық аспан астында тұр. Осы ескерткішті орнату – Отырар ауданы ғана емес, қажет болса облыс, республика үшін абырой әперетін іс еді. Амал нешік?!.

– Бірде ескерткіш орнатып, енді бірде кітап шығарып, тағы бірде мәслихатта атқарушы билікке өткір сауалдар жолдап, бірдеңе салып, ашып жатасыз. Сіз, жалпы, демаласыз ба?

– Менің тыным таппайтыным – өзімнің де шаруаларым көп. Інілеріммен бірге ашқан шаруа қожалығым бар, Түркістанда шағындау бизнес бар. Балалар жүргізіп отырғанмен, өзім кеңесшімін, ақылшымын. Бір кездері «зейнетке шықсам да қарап отырмаймын, кәсіпкерлікпен айналысып, ұрпақтарыма кәсіп етуді үйретемін» деп бір газетке жазғанмын.

Бір зейнетақыға қарап отыратын заман емес, балалардың алдында не күтіп тұрғанын білмейміз. Өмір өзгерді, балалар өздерін асырай алатындай болу үшін кәсіп үйретуім керек. Кәсіптің бірі – құрылыс, екіншісі – мал өсіру. Мал өсіргенде, оны бордақылауға өзім қарсымын. Мал деген өзін-өзі аяғымен асыраса, үлкен табыс келеді. Соңғы кездері көбісі малды байлап баққанға ұрынып жатыр. Бір орында тұрған мал бір күнде 600 теңгелік пресс жейді, кемі 5-10 келі жем жейді. Не деген шығын? Оның беретін сүті көп болса 10 литр шығар, жыл он екі айда 1 бұзау береді. Есептесеңіз жұмсалатын шығын беретін табысынан көп. Мал жайылымда жайылып, табиғи семіргені жөн.

Ауыл дегенде ондағы шешімін таппай жүрген мәселелерді айтпай кетуге болмайды. Бұрын әр ауылда 20-30 орынды учаскелік ауруханалар болатын. Қазір осының бәрін амбулаторияға айналдырып, қысқартып жіберді. Жатып емделу портал арқылы жүзеге асады. Өзі ауру адам ауданға барып, балалары сүйрелеп жүріп, порталға тіркеледі, одан жолдаманы күтеді. Он күнде не ем алады? Бұрын учаскелік ауруханаларда 15-20 күнге дейін жатып емделетін. Қанша адам соның рахатын көрді. Ол ауруханада бас дәрігерден бөлек 2-3 дәрігер, тіпті, тіс дәрігеріне дейін болатын. Қазір тісі ауырғанның бәрі аудан, облысқа баруға мәжбүр. Өмір сүруді тым қиындатып жүрген өзіміз.

Екінші мәселе – субсидия. Бұл азаматтардың бәрін еңбексіз табыс табуға ұрындырып жатыр. Осы субсидияның орнына қолынан жұмыс келетін азаматтарға кәсіп ашып берсе, мал әперсе, майда сүт цехтарын, далада босқа өртеніп жатқан жүнді өңдейтін, теріні илейтін ұсақ цехтар ашып, желге ұшып жатқан қаржыларды осындай нәтижелі жұмыстарға бағыттаса деймін. Кейбіреулер субсидиясына бола жоқ малды бар деп көрсетіп, түрлі қылмыстарға барып жатыр.

Маяқұм ауылында 600-ге таяу түйесі, мың жылқысы бар бай азамат тұрады екен. Сол кісіге өкімет сүтін, қымызын өңдейтін цех салып берсе, сол қаржыны еселеп қайтарады ғой. Ол жерде жұмыс ашылады. Малдың етін, сүтін, жүнін, терісін өңдеп сатса, пайдасы өзінде қалады. Кейде ақыл айтайын десең, «бұрын қайда жүрді?» дей ме дейсің.

Қазір жаппай қауын-қарбыз егуге көшті. Ол тас арқалағанмен тең. Оны да өзбек ағайындар егіп береді, қазақтар еккізеді. Қалғандары соның қауынын теріп, тасып береді. Күнкөріске қолайлы да емес. Ол да – науқандық жұмыс. Жыл он екі ай табыс әкелетін егіс егуге де болады ғой. Мал баққан адамдарға жем-шөп керек, соны өндіретін, өңдейтін цехтар неге әр ауылда болмайды? Отырарда мұндаймен айналасып жатқан ешкім жоқ.

Айдалада малы бар ма, жоқ па, құдық қазуға кірісіп кетті. Аз күнде оның аккумуляторы жарамсыз болып, батареясы отырып, істен шығып қалып жатыр. Әр құдыққа кемі 20-30 млн. теңге бөлінеді. Осындай шаруалардың бәрі маған көзбояушылық болып көрінеді. Сондықтан балаларға: «Малды аяғынан асыраңдар. Жүні мен терісі жарамаса да, еті жарап тұр. Малды тірідей сатыңдар» деп отырамын. Мал тек базарда сатылмауы тиіс. Малды, етті сатып алатын үлкен компаниялар ашылуы керек. Олар мал бағатындарды қызықтыру үшін алдын-ала қанша мал алатынына тапсырыс беріп, қаржысын бөліп қойғаны жөн.

Бізде қалай? Шаруа базарға апарған малын зорға сатады. Өйткені, ол жерде алыпсатарлар отыр. Әкелген малды қайтып әкету тағы шығын, амалсыздан сұраған бағасына береді. Алыпсатар көзді ала бере, үстіне қойып сатады. Үшіншісі оны ала сала сойып сатып, табыс табады. Біздегі күнкөрістің, «бизнестің» түрі осы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелемесе, түбі құрдымға кетеміз.

Міне, осындай жәйттер мені ұйықтатпайды. Жұрттың баласына сенің ақылың керек емес, тым болмаса өз балаларыма білгенімді үйретіп кетейін деп жүгіріп жүріп, жетпіске де келіп қаппыз...

– Серікбай аға, Құдай Сізге қуат берсін! Жетпіс жасыңыз құтты болсын! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжамал МҰСАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

5 пікір

  • еро
    еро

    далбасагершілік әрі өтірікшілік!

  • еро
    еро

    далбаса!

  • Алтынай Татибаева
    Алтынай Татибаева

    Керемет сұхбат, көз алдымнан Серікбай көкемнің өмірі тура бір әлем картасы секілді өтті. Картада адам өмірі секілді шөл даладан, көк майса жерлерден,өзен,көлдерден тұрады. Өзімді осындай текті атаның ұрпағы екенімді мақтан етемін. Сіздің сөзіңізден Әліпбек Шәріпбекұлы туралы оқып қалдым. Мен де бір ауыз сөз қоса кеткім келіп отыр. Менің әкем кішкентай кезімнен оқуға, білім алуға бар жағдайымды жасады. Жағдай жасап қана қойған жоқ, сонымен қатар үнемі жүрген жерінде мақтап жүретін. Сондағы айтатын сөзі, "Менің қызымды көресіндер әлі, әкімді оқытады! "дейтін. Өзім ағылшын тілі маманымын. Содан не керек, бір күні әкім, марқұм Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев шақырды. Ол кісінің алдына кірдім, керемет тұлға. Ол кісінің оқуға, жаңашылдыққа деген ұмтылысын көріп таң қалдым. Үйге, әкеме асығып келіп айтып жатырм болған жайтты. Әкем де, "айттым ғой қызым, сен әле биіктерден көрінесін " деп марқайып қалды. Сіздің де ұл, қыздарыңызды көріп, біз де іштей тілеулес болып жүреміз. Сіз секілді әдемі қартаюды жазсын Аллам.

  • Ибрагимов Жанболат Амангелдіұлы!
    Ибрагимов Жанболат Амангелдіұлы!

    Керемет сұхбат болған екен. Өмірдің қазанында қайнап өскен ағамыздың естелігі ғибратқа толы.Аз да болса осындай тұлғалы ағамызбен әріптес-қызметтес болғанымды мақтан етемін.Бойында тектіліктің табы бар,бастаған ісін мәресіне жеткізетін,қоғамның сан-саласын жан-жүрегімен сезінетін таутұлға ағамыздың абыздық кемел жасы құтты болсын!Қазіргідей сындарлы кезеңдерде осындай көрген-түйгені теңіздей жандардың құнды кеңестеріне бір сәт құлақ түріліп басшылыққа алынып жатса ұтпасақ ұтылмасымыз анық!

  • Нұрғали Анарбеков
    Нұрғали Анарбеков

    Тамаша

Пікір қалдырыңыз