Жеңгең жақсы болса...

Еңлік ҚАЙЫП, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазақ
дәстүрінде жеңгенің орны ерекше. Жақсы жеңге шешенің орнын жоқтатпайды. Босаға
аттаған келін қайын жұртын бақытты қыламын, шаңырақты шаттыққа бөлеймін деп
келеді. Бұл мақсатына жету үшін ол қайнылары мен қайынсіңлілерімен тез тіл
табысып, етене араласып кетуі тиіс. Қайынсіңлілері сырласындай, қайнылары
құрдасындай болып кеткен жаны жайдары жеңгелеріміз арамызда аз емес.
Қазақ
келіндері қайныларының, қайынсіңлілерінің аттарын ешқашан атамаған. Ауылдың
үлкендерінен бастап, еңбектеген сәбиіне дейін ат қойған. Себебі, үлкен кісінің
есімін атау әу бастан-ақ әдепсіздіктің белгісі болып саналған. Ұлтымыздың
салт-дәстүрінде жаңа түскен келін отбасы мүшелері мен жақын туыстарға,
көршілерге дейін жанама ат қояды. Мұны қазақта «ат тергеу» дейді. Мәселен,
мінезі тіктеу қайынсіңілісін «жуасым», жайбасар қайнысын «жүйрігім» деп атайтын
жеңгелер де бар. Сондай-ақ, «Еркежан», «Бикеш», «Мырзам», «Сырғалым» дегендей
еркелетіп те атай береді. Келін сонысымен отбасыға қадірлі болады.
Қаймағы
бұзылмаған қазақ дәстүрінде жеңге мен қайынсіңлі, қайны арасында ерекше
қарым-қатынас орнаған. Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, ықыласы,
сыйластығын сөзбен жеткізу қиын. Жақсы жеңгелердің кей жағдайда қайныларының
шаңырақ құруына да септігі тиіп жатқан. Бұл үшін ол өз ауылынан немесе бірге
оқыған құрбыларының арасынан мінезге бай, көргенді, инабатты қыздар іздеп,
қайнысымен таныстырып жіберетін. Сол арқылы екі жақсының басын қосып, адам
алдында да, Құдай алдында да сауапқа кенеледі.
Қашанда қыз
баласы жеңгесіне жақын. Ертелі-кеш жанында жүретін қайынсіңлісіне жеңгенің
үйретері көп. Оның үстіне қыздың анасы да «жеңгеңнен үйрен, жанында жүріп
жәрдемдес» деп айтып отырса, олардың арасы бұрынғыдан да жақындай түседі.
Бүгінгі бойжеткен ертеңгі бір шаңырақтың келіні. Жеңгесі сияқты ол да ертең бір
босағаны аттайды. Сонда жеңгесінен үйренгендерін кәдеге асырса барған жеріне
құт келін болары анық.
Менің Кенжекүл
Сапарбаева деген сырлас жеңешем бар. Кісіге жұғымдылығы сондай, сәл көрмесең
қалай сағынғаныңды өзің де білмей қаласың. Қолым қалт етсе, сол жеңгеммен
сөйлесуге асығамын.
– Жеңгелерім
мені «Төреқыз» деп атайтын. Тұрмысқа шығуыма жеңгемнің септігі тиді. Жеңгең
ақылды болса, жақын сырласыңа, жол көрсетушіңе айналады. Жеңешем мені жақсы
адаммен жолықтырды. Сондықтан мен оған ризамын. Бәріде өзіңнің тәрбиеңе,
көргеніңе байланысты. Өзің жақсы болсаң барған жеріңе судай сіңіп, тастай
батасың. Ал, енді аяғын етік, иегін шеше қыспаған қыз болса, одан жақсы келін
шықпайды. Жақсы келін бола алмаған келін ертең бүкіл елге ана да бола алмайды,
– дейді ол.
Расында да
жеңешем дұрыс айтады. Бойжеткенге жеңге ие болуы тиіс. Қыз бен жеңге арасындағы
бүкпесіз сырласу бойжеткеннің өміріне елеулі өзгерістер әкеледі. Осылай ақ пен
қараны, жақсы мен жаманды біліп өскен бойжеткен қателікке оңайшылықпен бой
алдырмайды.
Иә, қазақы
отбасында жеңгелерге тең келер кім бар, шіркін!? Жақсы жеңгелер көп болса,
шаңырақтар шайқалмас па еді деп те ойлап қоясың...
Серік Інжу
Дұрыс айтасыңдар
Серік Інжк
Рас айтылған
КАУСАР.
Мен пойколна іздедім