«Қаратау тәжі» мерейтойын атап өтті

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл Кентау қаласының құрылғанына 65 жыл толып отыр. Еліміздегі карантинге байланысты мерекелік шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында қала әкімі Дәурен Махажанов көпшілікті қала күнімен құттықтап, өңірдің жаңа даму кезеңі басталғандығын жеткізді.

– ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде Кентау қаласы Түркістанмен қатар даму үстінде. Облыс орталығының Түркістанға ауысуы қаламызға жаңа леп әкелді. Жеріміз ұлғайып, халық саны еселей түсті. Бүгінде Кентау жаңа дәуірге қадам басты. Көшелердің көркін ашқан ұстаздар аллеясы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының ескерткіші, орталық базарды жаңа қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында қаланың осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстарын көрмеген көшелерінің ретке келуі, толықтай көше жолдарына асфальт төсеу, аяқжолдар салу, көпқабатты тұрғын үйлерді бағдарлама аясында толықтай жөндеуден өткізу, заманауи балалар ойын алаңдарын орнату – қаладағы құрылыстың қарқынды жүріп жатқандығының айғағы. Сонымен қатар, Кентау қаласына жақын аймақтан жаңа әуежай салынуда. Демек, қаламызға келетін қонақтардың саны арта түспек. Осыған орай Хантағы ауылына туристік аймақ салу жоспарлануда. Әрине, қаламызға келетін қонақтарға жайлылық сыйлау үшін мәдениетімізді дамытып, қаланы көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Ол үшін осы жұмыстардың жүзеге асуына баршаңызды атсалысуға шақырамын, – деді Д.Сәбитұлы.

Салтанатты жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар «Кентау қаласының құрметті азаматы» атанды. Ал, қызмет бабында үздік деп танылғандар «Қала жанашыры», «Кентау қаласына – 65 жыл» мерекелік медальдарына ие болды. Сондай-ақ, бірқатар азамат облыс, қала әкімі мен мәслихат хатшыларының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік шараға арналған концерттік бағдарлама онлайн түрінде жалғасты.

 

АЛ, ОСЫ КЕЗДЕ...

Кентауда жаңа кітап жарық көрді. «Қаратау тәжі – Кентауға – 65 жыл» атты жинақ шағын шаһардың мерейтойына арналды.

497 беттен тұратын кітап қала және оған қарасты ауылдардың шежіресін шерткен тарихи жылнама түрінде жарық көрген. Мұнда осы қалада туып-өскен, кенді қаланың ыстығы мен суығына төзіп, маңдай терімен сұлу да көркем шаһарды тұрғызған еңбек адамдары туралы мәліметтер, көпұлтты ортақ шаңырақтың, кенді қаланың тамырына қан жүгірткен өндіріс ошақтары мен құрылымдық бөлімшелердің және қалаға қарасты ауылдардың тарихы жөнінде аға буын көнекөздердің естеліктері мен пайым-толғаныстары және қала-ауылдардың соңғы бес жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, келешек жобалары топтастырылған.

 

 

Пікір қалдырыңыз