Сыбайлас жемқорлық – әркімнің арына сын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл бүгінгі қоғамды ілгері бастырмай тұрған ең қауіпті індет десек те болады. Сондықтан, Жолдауда айтылғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық заңнамаларды күшейтіп, күрестің жаңа тәсілдерін енгізген құба-құп.

Президент Жолдауындағы көңілге қонымды шешім – мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олардың қызметтен босатылатындығы. Cондай-ақ, жемқорлық бойынша сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайтын болды. Әрі мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне тыйым салынады. Оған тек осындай қатаң шаралар қолдану арқылы ғана тосқауыл қоя аламыз. Сонымен бірге, құқық қорғау органдары қызметшілерінің, судьялардың, пара берушілер мен парақорлыққа делдал болғандардың жазасы бұрынғыға қарағанда ауырлайтын болды. Енді «жемқорлық жасады» деп жалған мәлімет беретін субъектілер көпе-көрінеу әрекеттері үшін жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Олардың бұл әрекеті қылмыстың аса ауыр санатына жатқызылады. Осылай нақты әрекет етсек қана оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Сонда ғана Президент Жолдауындағы бастамалар толық жүзеге асып, елдің дамуына кері әсер ететін сыбайластық саябырсиды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатын арттыратын бастамаларды іс жүзінде қолға алудың маңызы зор. Өйткені, кез келген адам өз құқығын, өзіне қарсы қандай да бір құқықбұзушылық жасалғанын және ондай кезде қандай іс-қимылға бару керек екенін білуі қажет. Оған қоса осы бір кеселдің қоғамға зиянын түсіндіріп, онымен күресу – әрбірімізге адам парызы екенін ұғындыру да кезек күттірмейтін шаруа.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдай уақыт өтті. Осы аралықта еліміздің әлеуетін көтеруге бағытталған қаншама ауқымды шаралар атқарылды. Оның ішінде адамның құқығы мен бостандығын басшылыққа алған құқықтық заңнамаларымыз ерекше мәнге ие. Олай дейтініміз, біздің елдің азаматтары тең құқылы өмір сүреді. Оның өзі – үлкен жетістік. Сондықтан, мемлекеттің және әлеуметтік жағдайымыздың дамуына кедергі болатын сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.

Жандос КҮЛДЕРБАЕВ, Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары.

 

 

Пікір қалдырыңыз