Тарихи өзгеріс жасайтын кез келді

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 75-сессиясында өткен жалпысаяси дебаттарында бейне байланыс форматында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығы аумалы-төкпелі әрі күрделі сын-қатерлерге толы кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі ең басты проблема – жаһандық экономикаға орасан зор зиянын тигізген COVID-19 пандемиясы. Бұл індеттің ауыртпалығынан әлем халқы зардап шегуде.

– Адамзат тарихындағы осындай нәубетке қарсы тұрып, бізді ауыр індеттен қорғау үшін алғы шепте болған дәрігерлерге барша отандастарымның атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сауда протекционизмі мен саяси ұлтшылдықтың белең алуы халықаралық ынтымақтастыққа кері әсер етіп, «жаһандық тоқыраудың» күшейе түсуіне алып келді деп санайды. Бұл жағдай орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануға шақырып, қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деген пікір білдірді.

Президенттің пікірінше, халықаралық қоғамдастық пандемиямен күреске бұдан да көп күш жұмсауы керек.

Ең алдымен, оның айтуынша, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақтылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердегі ұлттық институттар мен медициналық мекемелерді жаңғыртуға басымдық беру қажет.

Қазақстан Президенті коронавирус індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеуді айтты. Осы ретте, жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізетін инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге келу қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ, пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажет деп санайды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынды. Президент осындай орталықтың бірін Қазақстан аумағына орналастыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы биологиялық қаруға бақылау жасайтын жүйе әзірлеп, оны іске қосудың өзектілігін атап өтіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніңдегі халықаралық агенттік құруды ұсынды.

Президент 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібін жүзеге асыру мәселелеріне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, әлемдегі аштықты толық жою аталған бағыттың басты мақсаты саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының ауқымды халықаралық гуманитарлық науқан өткізу үшін азық-түлік қорларын құруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүкіл әлем халқының ынтымақтастығына серпін берген волонтерлік қозғалыстың қосқан үлесін атап өтті.

Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, әсіресе, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаға назар аударды. Оның пікірінше, бұл жағдай басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазба отынына аса қатты тәуелділікке және Климат жөніндегі Париж келісіміндегі мақсаттарға қол жеткізудің ұзаққа созылуына қарамастан, Қазақстанның көміртексіз экономиканы дамытуға қолдау көрсете беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін үлкен альянс құру қажеттігіне тағы да назар аударып, барлық мемлекетті Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі Кодексіне қосылуға шақырды.

Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер мен қауіптердің себебі туралы айта келіп, оның барлығы мемлекеттік басқару жүйелеріндегі нақты мәселелердің салдары деген пікір білдірді.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан дамыған және әрбір азаматтың қажеттілігін қанағаттандыруға мән беретін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға ниетті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, өркендеген, қуатты және біртұтас Орталық Азия өңірлік және жаһандық тараптардың мүдделеріне сай келетініне сенім білдірді.

Қазақстан Президенті трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында Өңірлік су және энергетикалық консорциум құруды ұсынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Орталық Азияны дамыту бағытындағы күн тәртібін үйлестіру үшін Алматы қаласындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын институтқа айналдыруға ниетті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпысаяси дебаттарындағы сөзін аяқтай келе, Қазақстан барлық ұлтты жарқын әрі бақытты болашаққа бастайтын БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болып қала беретінін айтты.

 

 

Пікір қалдырыңыз