Тағдырымызды тарих біріктірген

Пернебай САПАР,  «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақстан – тағдырын тарих біріктірген 130-дан астам ұлт пен ұлыстың ортақ Отанына айналған байтақ мекен. Көпұлтты елімізде ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған. Мемлекетіміз отыз жылдың төңірегінде ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізсе, ол – осы ынтымақ пен бірліктің арқасы.  Сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың көп шоғырланған жерлерінің бірі – Түркістан облысы. Мұнда  өзбек, орыс, тәжік, әзірбайжан, түрік ұлтының өкілдері бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр.  Одан бөлек күрді, иран, қырғыз, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр және грек секілді этнос өкілдері мекендейді.

– Ата Заңда елдегі өзге ұлт өкілдерінің қоғамға еркін араласып, дінін, дәстүрін, тілін сақтай отырып, Қазақстанның дамуына үлес қоса алатыны айқын көрсетілген. Нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді кемсітуге жол берілмейді. Еліміздегі барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Бұл туралы Конституцияда «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» деп нақты көрсетілген, – дейді «Қазақ­­стандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Фарит Аюпов.

Бүгінде Түркістан облысында тұратын барлық ұлт өкілдері елдің бірлігі мен тыныштығы жолында еңбек етіп келеді. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020-2021 жылдарға арналған арнайы Тұжырымдамасы бекітілген.  Білгір мамандар мен ғалымдардың қатысуымен әзірленген Тұжырымдаманың мақсаты – қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз ету. Сонымен бірге өңірдегі қоғамдық тұрақтылыққа кері әсер ететін факторларды анықтау, олардың алдын алу бойынша ұсыныстар мен негіздемелер әзірлеу.

– Қазақстан Конституциясында біздің мүддеміз барынша қорғалған, құқықтарымыз айқын көрсетілген. Ата Заң елдегі  бейбітшілікті, саяси тұрақтылықты сақтауға негізделген. Қазақстанда өз ісіңді дамытуға, білім алуға, қауіпсіз өмір сүруіңе толық жағдай жасалған. Біз, шешен-ингуш халқы, осындай берекелі елде тұрып, өз дәстүріміз бен дінімізді, салтымыз бен тілімізді толық сақтай алдық. Қазақ еліне ризашылығымыз шексіз. Біз өзімізді Қазақстанның толыққанды азаматы санаймыз. Сондықтан да осы елдің өсіп-өркендеуіне, әлем алдында танымалдылығы артып, беделінің көтерілуіне атсалысуға тиіспіз. Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз, Ата Заң барлығымыздың бетке ұстар бағытымыз, – дейді «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы  Уси Дециев.

Ата Заңда  көрсетілгендей, «әркім төл мәдениетін пайдалануға, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар». Бүгінде облыстағы  906 мектептің 689-ы қазақ тілінде, 8-і орыс, 8-і өзбек тілінде білім береді. Сонымен қатар аралас тілдерде оқытатын 193 мектеп бар. Олардың ішінде 84 мектеп қазақ-өзбек, 85-і қазақ-орыс, 11-і қазақ-тәжік тілдерінде білім береді, 11 мектеп қазақ-өзбек-орыс тілдерінде оқытады. Одан бөлек, орыс-өзбек, қазақ-өзбек-тәжік тілдерінде білім беретін оқу ошақтары жұмыс істейді.

Өңірімізде 13 этномәдени бірлестік қарқынды жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, облыстық Ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, «Айбын» әскери-патриоттық клубы секілді құрылымдар елдегі ырыс-несібенің молаюына, ынтымақ пен бірліктің нығая түсуіне қызмет атқаруда. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Қазақтану», «Отбасы құндылықтары», «Қызға қырық үйден тыю!», «Біз біргеміз!» жобалары аясында елеулі еңбек етіп жүр. «Қазақтану» жобасы аясында ұйымдастырылған шеберлік курстары арқылы қыз-келіншектеріміз қазақтың салт-дәстүрлерімен, ұлттық қолөнерлерімен танысады. «Отбасы құндылықтары» жобасы аясында отбасылық ұрыс-керістер мен ажырасулардың алдын алу мүмкіндіктерін жүзеге асырады.

Бір кездері қазақ даласынан пана тапқан отандастарымыз ел басына күн туған шақта көмек беруден сырт қалған жоқ. Облысымыздағы барлық ұлт пен этнос өкілдері кешегі Арыс пен Мақтаарал оқиғалары кезінде және елді індет жайлаған тұста хал-қадерінше көмек қолдарын созды. Мәселен, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Бобуржон Хасантаевтың бастамасымен бірқатар ізгі істер жүзеге асты. Б.Хасантаев індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне микротолқынды пештер табыстады. Кентау қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Б.Хабибовтың бастамасымен 10 отбасыға  81 000 теңге көлемінде көмек берді. «Гарабах»  әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Алиевтер отбасының демеушілігімен 300 отбасыға жалпы құны 3 700 000 теңгенің көлемінде  ет және азық-түлік тауарлары таратылды. Мақтаарал ауданында «Файз» тәжік  қауымдастығының төрағасы Ш.Бабаев Мырзакент орталық емханасының 6 медицина қызметкеріне жеміс-жидек себеттерін тарту етті.

Ал, Арыс оқиғасы кезінде өзбек, славян, тәжік, түрік, қырғыз, ұйғыр, шешен-ингуш, иран, татар-башқұрт, күрді, қарақалпақ мәдени бірлестіктері жалпы құны 20 миллион теңгеден астам қаржыға түрлі көмек көрсеткен.

«Кең болсаң, кем болмайсың» дейді қазақ даналығы. Қазақ қоғамының мейірім мен бірлікке, татулық пен ортақ мүддеге бірігуі әлемге үлгі болар деңгейге жетті. Бұл абырой Ата Заңымыздың ықпалымен жүзеге асты. «Ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген əрекет конституциялық емес деп танылады» деп көрсетеді Қазақстан Республикасының Конституциясы. Заңның осы тармағы  еліміздегі әрбір ұлт пен ұлыс өкілдерінің бойында ұлтаралық қарым-қатынас мəдениетін жоғары қоюына себепші болды. Тұтас халықтың болашағын бір мақсатқа ұштастыра білген елдің келешегі де кемел болмақ.

 

 

Пікір қалдырыңыз