«Тәрбие мәселесімен шындап айналысар уақыт келді»

Кентаулық Тұрар Омаровты көпшілік ең ұзын конституция кітабын шығарғаннан кейін жақсы тани бастады. Қаладағы №10 мектепте ұстаздық ететін ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ерікті ретінде үнемі игі бастамалардың басы-қасында жүреді. Мереке қарсаңында Тұрарды әңгімеге тартып, өзінің қолынан шыққан ең ұзын Конституция кітабы жайлы сұрап білген едік. 

– Тұрар Мәдениетұлы, ең ұзын Конституция кітабын жарыққа шығару идеясы қалай туды?

– Өзіңіз білесіз, Кентау – көп адамның назары түсе бермейтін шағын қала. Ал, мен осы қаланы жақсы жағынан көпке танытқым келді. Содан қоғамды елең еткізер жаңалық жасауды ойладым.

2014 жылы Ата Заң күніне орай ең ұзын Конституция кітабын жасап шықтым. Ұзындығы 200 метр, ені 80 сантиметр болатын кітапты Шымкенттегі типографияға арнайы бастырттым. Тек баспадан басып шығарудың өзіне 12 сағат уақыт кетті. Желімдеп шығуға 10 күндей уақыт жұмсадым. Қазақ және орыс тілдерінде әзірленген кітап 200 парақ болды. Бірде-бір қатесі жоқ кітапты Кентаудағы Тәуелсіздік аллеясында арнайы жайып, тұрғындардың назарына ұсындым. Кезінде кітапқа БАҚ арқылы жан-жақты қолдау көрсетілді. Сол кезде облыстық, республикалық, тіпті шетелдік сайттар мен газеттерде мен жайында, Кентау қаласы туралы жақсы ақпараттар шығып жатты.

– Қазір мектепте мұғалім екенсіз. Жылдың басында педагог мәртебесін көтеруге бағытталған заңның қабылданғанын білесіз. Көңіліңізден шықты ма?

– Иә, бұл заңды ұстаздар қауымы көп күтті десек те болады. Мұндағы ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, жүктемесін азайту, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, материалдық ынталандырудың барлығы да мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған.

Жалпы, заңда ұстаздарға көптеген игіліктер қарастырылған. Жалақыны өсіру, педагогты өз міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға баса мән берілген. Оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендеуі, балаларға тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын берілуі – бұл ұстаздарға көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білемін.

Бұдан басқа, Ата Заңымызда жазылғандай, ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау мәселелері де кеңінен қамтылған. Сондай-ақ, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткен фактілерге, орынсыз есептілік, қағазбастылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар белгіленгені жөнінде арнайы баптар бар. Міне, осының барлығы ұстаздар қауымына үміт сыйлап отыр.

– Бүгінгі ұстаздарды қандай мәселелер толғандырады?

– Ұстаздарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Жалақылары да өсіп келеді. Тесттен өтіп, деңгейін көтерген, біліктілігін жоғарылатып, жақсы жұмыс істеген ұстаздар өте жоғары жалақыға қол жеткізуде. Сондықтан тек жұмыс істеу керек.

– Бүгінгі қоғамның күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерінің бірі – бала тәрбиесі. Қазір мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарысыз. Айтыңызшы, бүгінде бала тәрбиесі неге кенжелеп тұр?

– Жалпы, жастар тәрбиесіне үлкен бетбұрыс керек. Тәрбиелі, білімді жастар өсіп келеді. Дегенмен, «бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» демекші, арасындағы кейбіреулердің әрекеті бүкіл жұмысты жоққа шығарып жататыны бар. Олардың да тәрбиесін түзеу мақсатында көптеген жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Қазір бала тәрбиесімен шындап айналысар уақыт келді. Бұл тұрғыда қоғамда игі бастамалар қолға алынуда. Дегенмен, мектепте ер мұғалімдердің аздығы да бала тәрбиесіне кері ықпал етеді деп ойлаймын. Сондықтан білім ордаларында ер мұғалімдерді көбейту қажет.

– Сіздіңше, жаңа заманның ұстазы қандай болуы керек?

– Бүгінгі ұстаз жаңашылдыққа бейім болуы керек. Ақпараттың сәт сайын өзгеріп жатқан тұсында қоғаммен байланысты үзуге болмайды. Сондықтан әрбір жаңалықтан хабардар болып, қоғамдық істерге белсене араласып отырғаны дұрыс.

– Биыл «Еріктілер жылына» орай жүзеге асырсам деген жоспарларыңыз бар ма?

– Қазір мектепте еріктілер тобын құрдық. Олар ардагер ұстаздарға көмектеседі. Үйлеріне барып, қариялардың үйішілік шаруаларына қолғабыс етеді. Жұмыс жоспарын да дайындап қойдық.

– Шығармашылығыңызға қатысты қандай істерді қолға алғалы отырсыз?

– Әрине, біраз жоспарым бар. Ғылыми жұмыспен айналыссам ба деймін. Тарих пәніне арналған тест кітапшасын шығармақпын. Материалдарын жинақтап қойдым. Енді қаржы тапсам, баспаханадан кітап етіп бастырып, оқушыларға тегін таратпақпын. Жастардың білімді болып, жоғары оқу орнына түсуіне сол кітапша себепкер болып жатса, мақсатымның орындалғаны деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қайрат зайнишев.

 

 

Пікір қалдырыңыз