«Адалдық алаңы» жұмысын қорытты

«Адалдық алаңы» жобасы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қолға алынғаны белгілі. Түркістан облысының аймақтық кеңсесі де 2 жылға жетпес уақыт ішінде біршама жетістіктерге жетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды жүзеге асырып, жергілікті билік институттарына қоғамның сенімін арттыруға ықпал жасауда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асыл Алдаберген жобалық кеңсенің атқарған жұмыстарына тоқталды.

«2018 жылдың 13 желтоқсанында «Түркістан – адалдық алаңы» аймақтық жобалық кеңсесі ашылған болатын. Басты мақсат – облыс тұрғындарының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, түп-тамырымен жою. Кеңсе жанынан әр сала бойынша бірнеше жоба қолға алынды. Олар – «Адал көмек», «Саналы ұрпақ», «Сапалы жол – адалдық алаңы», «Парасаттылық мектебі», «Safe zone», «Protecting Business and Investments» жобалары. Барлық жоба әр саладағы ашықтық пен жариялылықты көрсетуге бағытталған» деді Асыл Берікұлы.

Мәселен, кеңсе жанынан билік институттарына қоғамның сенімін арттыруға бағытталған «Адал көмек» жобасы іске қосылған. Жоба аясында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру үшін еріктілер ретінде тәжірибелі заңгерлер, қала-аудан, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қызмет көрсетуде.

«Билік институттарының ашықтығын қамтамасыз етуге кеңсенің бастамасымен 57 мекеме «Open Space» үлгісінде және 69 фронт кеңсе мен 4 халықтық кеңсе тұрғындар үшін жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, облыс аумағында билік институттарының қоғаммен кері байланысын арттыру мақсатында «Safe zone» – қауіпсіз аймақтар жобасы қолданысқа еніп, 83 ауылдық әкімдікке ауыл тұрғындарына тегін әрі кезкелген уақытта қолжетімді wi-fi, компьютер, принтер, стационарлы телефон, сенім жәшігі орнатылды» деді кеңсе жетекшісі.

 

 

Пікір қалдырыңыз