Қайта түлеген шаһар

Лаура ТАСТАНБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркі жұртының төрі болған Түркістанның қайта түлеу дәуірінің басталғанына да екі жыл толды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс орталығын төрт қақпалы Түркістанға көшіру туралы шешімі айқын мақсаттарға жол ашты. Көне шаһардың түлеуі бірнеше бағытта дамитыны нақтыланып, соған сәйкес құрылыс жұмыстары қарқын алды. Соның бірі – Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту.Бүгінде құрылғанына екі жыл толып отырған облыс орталығын рухани астанаға айналдыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

Қазір киелі шаһарда рухани астана қалашығы бой түзеп келеді. Оның сәулеті ежелгі шығыстық түркі өркениетінің нақышындағы ұлттық бояуға толы, танымдық ерекшеліктері ескеріліп жобаланған. Көне Түркістан маңайындағы әсем мешіттер мен кесенелер, тарихи жәдігерлер мен мұражайлар халық мұрасының сарқылмас қазынасы. Облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес «Конгресс орталығы» кешені, облыстық қазақ драма театры, «Ясауи» музейі, «Ұлы дала елі» (Қазақ хандары мен билері, «Түркі әлемі» орталықтары), «Түркістан» облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, Қабылдау орталығы мен амфитеатр құрылысы аяқталып, ендігі ел игілігіне берілді.

Құрылыс нысандарынан бөлек, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында, өңірдің туристік әлеуетін көтеру бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің түсірілімі жүргізіліп, «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалы көрермен назарына ұсынылды. «Түркістанды бірге түлетейік» жобасымен концерт өтіп, «Сәлем саған, Түркістан!» өнер фестивалі аясында суретшілер мен фотосуретшілердің көрме байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында классикалық ән орындаушылар сайысы, балалар би жарысы, «Таңғажайып Түркістан» бейнероликтер байқауы, ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы өткізілді. Өлке тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында оқушыларға арналып «Өлкетану» оқулығы дайындалды. Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылды. Биыл ағымдағы жұмыстарды айтпағанда, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының мерейтойына байланысты мәдени-рухани іс-шаралар тізбесі онлайн жүйеде жалғасын тапты.

Иә, бой көтерген ғимараттар мен атқарылып жатқан іс-шаралар қала мәдениетін қалыптастырып, өнерін айшықтайтыны анық. Ал, дәулетіне сай сәулеті де құлпырып келе жатқан Тұран даласын енді нағыз рухани орталыққа қалай айналдыруға болады? Салынып жатқан нысандар мен орталықтар Түркістанды еліміздің рухани кіндігіне айналдыра ала ма? Осы және басқа да сұрақтарды қаланың дамуына лайықты үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа қойдық.

 

Нұрмахан НАЗАРОВ, ақын, Түркістан қаласының құрметті азаматы:

– Түркістанға келген адам қазақ боп туғанына марқайып, қуанып қайтуы тиіс. Бүгінгі салынып жатқан мұражайлар, мәдени кешендердің барлығы руханиятқа қызмет етеді деп үміттенеміз. Бастысы, олардың іші мазмұнға толы болуы тиіс.

Түркістанда қазақтың игі жақсылары жатыр. Оларды осында әкеліп жерлеуге себеп болған – Ясауи ілімінің құдіреті. Оның сырына үңіліп, ғажайыптарына қанығу керек. Түркістанның қазақ тарихындағы, түркі тарихындағы шынайы орнын тануға талпыныс жасауға тиіспіз. Екінші Мекке атанған қаланы «ер түріктің бесігіне» осылай айналдыра аламыз деп ойлаймын.

 

Досымжан БӨГЕНБАЕВ, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Түркістанда қазір әрбір қонаққа қазақтың тарихы мен болмысы, руханиятынан хабардар болатындай жағдай жасалынуда. Ежелгі Тұранды рухани астанаға айналдыру үшін мәдени, ғылыми, діни орталықтардың жұмысын жандандыруға көңіл бөлінуде. Былтыр «Түркістан төрінде» рухани жүздесуінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланы дамытатын төрт идеологиялық бағытты ұсынған болатын. Осыған сәйкес алдағы уақытта өткізілетін іс-шаралардың мазмұнын тереңдетуге күш салмақпыз. Қала ежелден қолөнершілер және шеберлер орталығы саналған. Бұл бағытты дамытудың да тетіктері қарастырылуда.

 

Мұқағали КЕНЖЕТАЙ, ақын, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы ақпараттық ресурстар және БАҚ мониторингі бөлімінің бас маманы:

– Ақын Өмірбай Сәуірбаев «Түркістанда тумақ түгіл адамдар, Түркістанда болғанына мақтанған» деп жырлаған. Қала руханиятын дамыту үшін зиялы қауым өкілдері мен ІТ, ғылым, мәдениет, әдебиет және өзге де салалардағы үздік азаматтарды ынталандырып, арнайы қызметке шақырған жөн. Мұның алғышарттары да бар. Облыс орталығы алғаш құрылған жылы қызметке шақырылып, бүгінде екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Бұл біз сияқты жас мамандарға үлкен қолдау.

Қаланың өткен тарихы мен бүгіні шығармашылық адамдарына ғаламат шабыт береді. Түркістан облыс орталығына айналғалы алғашқы мүшәйралар ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Айта кетейін, іргедегі Отырар — ақындардың мекені. Ол жердегі шайырлардың әлеуетін облыс орталығының руханиятын дамытуға пайдалану керек деп ойлаймын. Дәурен Ақсақалов сияқты жас ақындардың жаңа Түркістанға арнайы шақырылып, қаланың дамуына үлес қоса бастауының өзі осы мақсатқа жасалған алғашқы қадам іспеттес.

 

 

Пікір қалдырыңыз