Шаңқобыздың үні

Тапа-тал түс. Анам екеуміз әжемнің басына келе жатырмыз.
Құмсабадағы бейіттердің жан-жағы қоршалып, бір шеті ауылға тіреліп қалыпты. Бұрын ана шеті мен мына шеті көрініп тұратын кішкене ғана бейіт болатын. Мынау бейіттерге жақын салынған таныс үй айналасы сыпырылып, үйдің сырты әктелгені ғана болмаса ештеңе қосылып жамалмаған, сырты сол баяғы жыңғылмен қоршалған күйі. Жыңғыл шіркін ескірмейді екен ғой. Түп-түзу жыңғылдарды сыммен өріп түйіндеп, әр жерден айқастырып он шақтыдан байлап, қадам сайын қада қағып, сапқа тұрған солдаттардай етіп кәкірейтіп қоршапты. Сол баяғы мап-майда, жұп-жұмсақ бұрқылдаған сары топырақ. Кішкентай кезімізде табанымызды тіліп алсақ топырақ сеуіп, қанын тоқтататынымыз ойыма оралды. Құлықтардың іні де көзге көрінбейді. «Әкең өлді, шешең өлді, жүгір, жүгір» деп құлықтарды шақырып, інінен сыртқа шығаратын тентектігіміз есіме түсті. Біз басып өткен сары топырақтардағы ойдым-ойдым іздеріміз ізінше желмен суырылған құм-топырақпен жабылып қалып жатыр.
Мазардың қақпасынан кіре салысымен сол жақ қанатта композитор Бексұлтан Байкенжеевтің құлпытасы орналасқан. Қандай іс-шара болмасын Бексұлтансыз өтпейтін. Елдің еркесі Бексұлтан баянын арқалап, әнін шырқап жүретін еді. Бексұлтанды бәрі жақсы көреді. Туасы Сыр елі – өнерсүйгіш. Бексұлтан марқұм «Ақбаянды» ерекше рахаттанып, беріліп тұрып айтатын. «Ақбаянды» композитордың өзінен басқа тек Мәдина ғана керемет орындайтын. Сызылта шырқағанда ерекше құлпыратын, түрленіп шыға келетін. Ән тура Мәдинаға арналған сияқты. Тыңдаушы да ерекше әсерге бөленіп, әннің сиқыры айналаны жаулап алатын. Мәдина сахнаға шыққанда жаңа піскен жұмыртқаның қауызы әсем әуеннің ырғағына шыдай алмай тырс-тырс етіп жарылып жатқандай болатын. Сол жарылған қауыздан екі қолын жайған періштедей үлбіреген жұқа көйлегімен Мәдина тербеліп шыға салып «Ақбаян-Ақбаян» деп шырқағанда әлем билеп қоя беретін. Ойласам тыңдарманы тоймайтын әндер ғана осылайша бойды ерітеді екен. Мәдина дүниеден озғалы «Ақбаянды» Мәдинадай шырқаған керемет орындаушыны кездестірмедім. Бексұлтанның көп әндері оның даусына жақсы келетін. Сол Бексұлтанның қабірі мынау... Сұп-сұр силикат кірпіштен жасалған құлпытас қандай сұп-суық. Бексұлтанның жүзінде адамды өзіне тартатын, баурап алатын жылылық бар еді ғой. Бексұлтанның жүзі қандай жып-жылы болса, қабірі қандай сұп-суық еді? Анам екеуміз Бексұлтанды аттап кетпей борпылдаған сары топыраққа бір тізерлеп отыра кетіп, «жалпы жамағатқа, аты аталған, аталмаған Құраннан дәметкен әруақтарға» деп Құран бағыштап, ары қарай әжемнің басына қарай аяңдадық. Әжемнің бейіті өткен жолғы келгендей емес, жолдан алыстап кеткен сияқты. Біраз адам жерленсе керек. Марқұмдарды басып кетпейік деп жалғызаяқ жолмен абайлап басып келеміз. Әжемнің басына да жеттік. Алдымда кішкентай ғана төмпешік. «Төлбасықызы Рәзия» деген кішкене таста жазу тұр. Әжем бұрыннан «Менің төбемді жаппаңдар, тек кішкене белгі болса жетеді» деп айтып жүретін. Өткен жолы бір келгенімде анамның сұрауымен шырақшыға айтып, сексеуіл ектіргенбіз. Жіп-жіңішке балапан сексеуіл биыл бұтақтары жуандап әжептеуір өсіп қалыпты. Айналып қарап шықтым. Төмпешіктің бір шеті опырылып құлап, ішіне түсіпті. Опырылып түскен төмпешікті көріп анам байғұс кемсеңдеп жылады. «Топырағың жеңілдесін» деп күбірлеп қояды.
Аптап ыстық. Оны елеп жатқан анам жоқ. Қабірдің топырағы желмен, жауған жаңбырмен қатып қалған. Анам топырақтың тастай қатып қалғанын сезбейтін сияқты. Иығы селк-селк етіп, еті қашқан иегі кемсең-кемсең етеді. Әшейінде көп сөйлемейтін мінезі ауыр адам бұл жолы да ләм деп аузын ашпады. Мен жұбатып, қушиған иығынан құшақтадым. «Айналайын, бала-шағаңның рахатын көр, қыз да болсаң жарадың, әжеңнің мейірімі өзіңе түскен еді, ризамын мен саған» деп батасын беріп жатыр. Қабірдің басында үн-түнсіз тапжылмай отырмыз. Жалғыз қара шыбын бізді айналшықтап кетер емес. Әжемді еске алдық. Тапа-тал түсте талғау жоқ жерде ызыңдап жүргені несі, қайдан келе қалды екен? Әжем пішімді, қасы-көзі қияқтай, өте сұлу кісі болатын. Анда-санда шаңқобыз шалатын. Аппақ серкенің терісінен жасалған әдемі бөстегін жанынан тастамайтын. Көп төселгеннен бөстектің қақ ортасы тықыр тартқанмен, шеттері көздің жауын алып, жалт-жұлт етіп жалтылдап, шашырайтын да тұратын. Бөстекті ешкім жумайды, бірақ тап-таза қалпын жоғалтпайтын. Әжем шаңқобыз тартқанда үнемі астына ақ бөстегін басып алып қырғызша әуендерге басатын. Шаңқобыздың дірілімен онсыз да кемиек иегі қоса дірілдеп рахаттанып, шері тарқағанша тоқтатпай баса беретін, баса беретін... Әуен таусылған соң жайлап шаңқобызды шүберекке орап, тозығы жеткен желбегейінің ішкі қалтасына ұқыптап салып, қалтасының аузын түйреуішпен түйреп, бекітіп қоятын. Сосын екінші қалтасынан папиросын шығарып, терең сорып-сорып, түтінін будақтатып-будақтатып жіберетін.
Әлгі шыбын бізді әлі айналып ұшып жүр. Шаңқобызды есіме бекер түсіріппін. Мынау шыбын шаңқобыздың үнін салып тұрғандай. Денем бір нәрседен түршіге бастады. Шыбын демекші, бес-алты жыл бұрын жақын ағайынның жалғыз ұлы қайтыс болғанда анасы Күмісайдың айтқаны есіме түсті. Баласы біраз уақыт ауырып, соңғы аптада төсек тартып жатып қалған. Үзілетін күні таңертең терезенің алдына кіп-кішкентай қара торғай қонақтап алып, шырылдап қоймаған. Оған қоса ауру бала жатқан бөлмеде баданадай қап-қара шыбын пайда болған. Қанша қуаласа да сыртқа шығара алмаған. Шыбынға ызаланған анасы әлгіні шыбынұрғышпен ұрып өлтірген. Шыбын өлген кезде ауру бала да үзіліп жүре берген. Көңіл айтуға барғандардың «Сорлы басым, баламның шыбын жанын өз қолыммен шығардым-ау, нем бар еді, шыбынға тиіспегенімде балам өлмес еді» деп күңіренген анаға егілмегені жоқ.
Уақыт біраз болып қалыпты. Анам Құран оқыды. Қабірді айналшықтаған әлгі шыбын қайтып көзіме түспеді. Қабірдің опырылған тесігіне шыбын құрғыр кіріп кетті-ау деген ой басыма сап ете қалғаны. Әжемді аядым. Опырылып түскен топырақпен бірге жермен-жексен болатын болдың-ау деп тағы мазасыздандым. Қабірде де тыныш жатқызбадық-ау сені. Әжетайым, кешірші. Қазір нағашымның үйіне арнайы барып, саған арнап Құран оқытамыз. Сен пір тұтқан Битас атамнан қалған Құранға тәу етеміз. Әжем шалын өте жақсы көретін, аузынан тастамайтын. Атамның паспортын мұнтаздай етіп орап Құранның қасына қойып қоятын. Таң қалам, атамның паспорты қайтыс болған кезде неге тапсырылмаған? Әжем көзі тірісінде сол паспорттан атамның суретін көшіріп алып үлкейтіп қойған. «Әже, сізге қарағанда ата қартаңдау көрінеді екен» десең болды, шалына шаң жұқтырмай «Жақсы адамдардың бас терісі кең болады, қасын қарасайшы білектей, бет біткеннің сұлуы, қабағынан қар жауып тұрғанын көрмейсің бе, керуенбасы ғой» деп жақсы тұстарын тізбектей жөнелетін. Битас атам елге беделді кісі еді, керуенбасы болған. Орысша білген, ел арасында Битас тілмаш атанған. Оның үстіне атам ескіше сауаттылығымен де аты шыққан. Бір қызығы, толғақ қысып жатқан әйелге үйдің сыртынан дем салса болды, баланың жолы ашылып, нәресте қиналмай дүниеге келген. Атамның арғы аталары қажылыққа жаяу барған, ауылдан кеткен бірнеше адамнан бабамыз ғана елге тірі оралған. Сол бабадан қалған дастарқанның бір жапырағы жатушы еді сандықтың түбінде, кейіннен жоғалып тыныпты.
Ескіше сауатты демекші, керуенбасы болған соң, әлбетте керуеннің алдында жүреді, аузында кәлимасы дегендей. Бір күні кеш батып бара жатқанда айдалада керуенмен қатарласып жалғыз ешкі еріп отырыпты. «Шаршайтын болды ғой, тыпырлап керуенге ілесуі қиын болады» деп атам ешкіні алдына өңгеріп алыпты. Бір кезде «осы құрғыр буаз емес пе, салмағы біраз екен, байқап көрейін» деп желінін ұстай бергені сол екен, ешкі мойнын бұрып тұрып: «Уысың толды ма?» деп сөйлеп қоя беріпті. Ешкі емес екенін түсінген атам дереу тілін кәлимаға келтіре бергені сол, қолынан сусып шығып ғайып болыпты. Қанша жұмбаздап ұстаса да ешкіден айрылып қалған атамның уысында ешкінің бес-алты тал қылы қалып қойыпты. Сол жүргеннен керуен еш жерге тоқтамастан үйге бір-ақ жетіпті. Атам аттан түспей жатып төрде тұрған Құранды әжеме алдыртып, ішіне «мынау әлгі бәлекеттің шашы, енді бізге Құдай бақ берді, осыдан былай бұл төңірекке бәлекет жолауға қорқатын болады, тек осы шашты Құранның ішінен түсіріп алудан абай болыңдар, әйтпесе берекесіздік басталады» деп түсіндіріп, бес-алты тал шашты Құранның ішіне салып қойыпты.
Атам бар кезде бүкіл әулеттің молшылық тіршілік кешкенін ағайындар айтып отырады. Атам қайтыс болғанда тәспі аударғандардың біреуі Құранды ашқан кезде бәлекеттің шашын түсіріп алған ба, әйтеуір шаш ұшты-күйлі жоғалыпты. Содан осы әулетті қиындықтар жағалай бастапты, баяғы шалқыған дәуір жоқ, кедейлермен теңесіпті. Керуен жайына қалып, ел қатарлы күн кешіпті.
Естіген адамға аңыз сияқты, бірақ, осы әңгімелердің бәрін әжемнің өз аузынан естігенмін. Нағашым Әләйдардың бақилық болғанына біраз болды. Бейсенкүл жеңгем нағашымның алдында бір жыл бұрын төсек тартып жатып, өмірден өтті. Нағашымнан өрген он баланың ортаншысы Әлиасқар қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ойымда атамнан қалған Құран. Келінге қалай ретін тауып айтсам екен? Құранды қолыммен ұстап көргім келеді. Бүкіл балалық шағым осы үйде өтті. Атам қайтыс болған кезде әжем бір ұл, екі қызбен қалған. Қыздарды көзі тірісінде атамның өзі ұзатқан. Қыздың үлкені менің анам. Шалы кеткен соң әжем ұлымен қалғанда бертін келе мені бауырына басты. Нағашымның үйінен әжем қайтыс болған соң онжылдық мектепті бітіріп барып кеттім ғой. «Биекеңнің үйіндегі апамыз» деп ел қатты сыйлайтын. Шалының арқасында әжемнің беделі мықты. Қандай жиын болмасын әжем мені жанынан тастамайды, отыратын орнымыз тек төр. Маған біреу орын дайындап қойғандай әй-шәй жоқ отырған адамдарды кимелеп төрге шығамын. Әжемнің айтқаны – әулетке заң. Қандай керемет ұлттық тәрбие десейші! Нағашы ағам алдымен әжеммен ақылдасады. Соңғы нүктені әжем қояды. Оған жеңгем қабағын да шытпайды, солай болу керек сияқты көрінеді. Ораза кезінде ауыз бекітпесем де әжеммен тұрып бірге сәресін ішемін. Әжем сәресіге тұрғанда мені жәйлап оятып, жанына алып кетеді. Екеуміз мәйсөк жейміз. Құдай біледі-ау, мен майсөкті әжемнен көбірек жеймін, әжеме онша тамақ батпайды. Норманы бітіріп, түк білмегендей төсекке кіріп кетем. Әжем болса таң атқанша құрманың сүйегінен жасалған тәспісін «Е, раббым, е, раббым» деп аударып отыратын. Содан ұйқыға басам да азанда түк білмегендей жұртпен бірге дастарқанға жайғаса қалатынмын. Әжем біраз уақыт төсек тартып жатып, қайтыс болды. Мен жазғы каникулда әкемнің үйіне кеткенмін. Әжем қайтыс болды деген хабар тиген соң бұл жақтағылармен бірге тайлы-тұяғымен нағашымның үйіне келдік. Есіктің алды абыр-сабыр. Мен жылауымды тоқтатпаған соң кемпірлер «көңілі суысын» деп әжем жатқан бөлмеге апарып көрсетті. Ешқандай қорықпадым. Әжем тірі кезінде төрде отырушы еді, енді жатқан жері мынау. Үйдің кіре берісіндегі оң жақтағы ең ескі бөлме. Ашуым келді. Әжемнің жағын таңып қойған, ағаш кереуетке жоңышқа салып жайғастырып қойыпты. Таң қалдым, әжімдері қайда кеткен? Беті сып-сипыр. Бетінен сипаладым. Мұп-мұздай. Бұрынғы әжем, бірақ, қимылсыз. Көз жасым кенеттен сап тиылды. Өзімді-өзім қолға алдым. Әжемді шығарып жатыр. Бір апа тостағанға салған тиындарды қолыма ұстатты да «қазір әжеңнің артынан шашасың» деді. Мәйітті төрт адам көтеріп бара жатыр. Төбесі ашық жүк машинасына салуға ыңғайлай бастағанда тиындарымды уыстап-уыстап шаштым. Есіктің алды ойлы-қырлы. Біреулер жылап жатыр, біреулер жерге түскен тиындарды таласып-тармасып теріп алып жатыр. Бұрқылдаған топыраққа тиындар кіріп кеткен шығар деп жерге үңілдім, көзім қарауытып басым айналып кетті. Ірі бастылар бетіме су бүркіп жатыр. Әжемнің орнын ешкім толтыра алмайтынын сонда түсіндім.
Оқу басталар алдында бір-екі айдай күріш орағына оқушыларды алып баратын. Әжем үнемі мені дәрігер танысына «справка» жасатып алып қалатын. Сол жылы «справканы» ала алмадық, неге екенін қайдам?.. Содан мен де жиын-терімге қатыстым. Комбайннан қалып кеткен топ-топ масақты қолмен орып жинаймыз. Кешке шаршап келіп «тушенка» қосылған макаронды тойып жеп алып, қараңғы түсе биге шығамыз. Сол жылы Түгіскен жақтағы ХХII партсъезд кеңшарына бардық. Ол жерде басқа жақтан келгендер де бар екен. Жататын жеріміз сабан төселген, кеңшардың киіз үйі.
Бір күні біздің қыздарды басқа киіз үйдегілер қонаққа шақырыпты. Қонаққа баратын қыздар қонаққа бармайтын қыздардың дұрыс киімдерін киіп кетіп жатыр. Мендегі жарайтыны – әжем әперген қызыл туфли. Оны Нүрила киіп кетті. Бір-екі сағат өтпей-ақ қыздар қайтып келді. Біз жарықты өшіріп жатып қалғанбыз. Оны біз жаға алмаймыз. Бір мезгілде штабтан жағылады. Тақұр-тұқырдан бәріміз орнымыздан тұрып кеттік. Нүрила менің туфлиімді жоғалтып келіпті. «Бәріміз киіз үйдің ішіне аяғымызды шешіп кірдік, сол арада біреу ұрлап алып кетіпті» деп мөлиіп отыр. Нүрила ақсары, момын қыз. Зығырданым қайнады. «Әжем байғұсқа қалай айтам?» деп әбден жыладым. Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен», «Есіңе ал» әндерінің жаңадан шыққан кезі. Қарықтардың ішінде жүрсек те, азанда да, кешке де жарысып «Атамекенді» біреуміз бастасақ, қалғанымыз жамырай ілесіп, қосылып айтып, даланы басымызға көтереміз. «Есіңе алды» түнделетіп айтқыш едіңдер, енді тағы нені жоғалтып, нені есіңе аласыңдар, түнде сандалып нелерің бар, ал, енді тағы айтыңдар» деп әбден жерден алып, жерге салдым. «Атамекенді» айтып жүріп қай мекенде екендеріңді ұмытып қалмаңдар, туфлиден айрылған бер жағы...» деп әбден тиістім. Үндемей отырған Нүрилаға тіл бітіп, «Бетпақ жеңді, бейшара көнді» демесі бар ма? Одан сайын ашуға бастым. Қыздар «сасқанынан аузына түскені сол шығар» деп қояды. Нүрила бір бұрышта бүк түсіп жатыр.
Содан әйтеуір масақ бітіп, қапшықтарымызды арқалап автобуспен үйге қайттық қой. Біздің үй көшенің бойында, автобустың шофері сигналын басып-басып жібергені сол, әжем аңдып тұрғандай үйден жүгіріп шықты. Сөйтсем әжем мектептен күнде қашан келетінімізді сұрап жүреді екен. Әжемді көріп ал жылайын, «Әже, туфлиімді жоғалтып алдым» деп өксіп-өксіп жіберемін. Әжем «туфлиі құрысын, Гиганттағы Махат атаң бір қап күріштің салысын беріп жіберіпті, соны өткізіп, туфли әперем» деп мені құшақтап жатыр. Автобус орнынан қозғалғанда қолымды көтеріп қоштастым. Нүрила терезеден қарап тұр екен, мен оған қарап жымидым. Нүрила да автобустың терезесін ашуға ұмтылып бірдеңе айтпақшы. Әжемнің ыстық құшағы Нүрилаға деген өкпемді ұмыттырып жіберді.
«Қой, үйге қайтайық, келін тыпыршып күтіп қалған шығар» деп анама қарап едім, үнсіз орнынан тұрып соңымнан ерді. Тамақ ішіліп, Құран оқылып, ас қайырылды. Жатуға бет алдық. Әлиасқардың үйіндегі келін келіп жаныма отырды. «Құранды төменге түсір, ашып көрейік, барлық әулетке тиесілі ғой, керек десең бүкіл елге тиесілі, мұндай Құран кітабы мұражайларда сақталуы тиіс, бұл ұлттың құнды дүниесі» дедім. Құранды ашып сипалап көріп, тәу етіп жатырмыз.
Түннің бір уағында аяқ жағыма біреу келіп тұрған сияқты болды. Көзімді ашып қарауға қорықтым. Тілімді кәлимаға келтіріп, екінші қырыма аунап жаттым. Бойымды қорқыныш емес, түсініксіз бір құбылыс биледі. Шешімін таба алмадым. Тылсым дүниенің ашылмаған құпиясы болар. Бүгінгі түнде екі дүниемен арадағы құпияның куәсі болғаным анық. Ұйқым шайдай ашылды. Түк шаршамаған сияқтымын. Сергекпін. Құлағыма әжемнің шаңқобызының үні келді. «Шыққан қыз шиден тысқары». Баяғыдай еркелететін әжем жоқ, өмір жылжып барады, қазір өзім де әже болдым.
Тез жиналып жолға шықтық. Немере-лерім – қара шөжектерімді ертіп үйге қайтып барамыз. Дала аздап желкем. Құлағымда ыңылдаған әжемнің шаңқобызының үні. Айна-қатесі жоқ сол баяғы таныс, әдемі әуен. Шаңқобыздың үні самал желмен қосылып, суырылған құммен ілесіп қол бұлғап бізді жолға шығарып салып жатқандай. Кеш қоюланып барады. Артыма бұрылып қарадым. Әжем жатқан Құмсабаны қараңғы түн құшағына орап алып, балалық шағымның іздерін жасырып бара жатыр. Қош бол, әже! Сусылдап түсініксіз дыбыс шығаратын, әлсін-әлсін құйын болып көтеріліп барып әзер дегенде басылатын баяғы балалық шағымның ойнағы болған құмдар, қош болыңдар! Бәлкім, мені ширатып өсірген осы үздіксіз, тоқтамастан суырылып көзді аштырмайтын қиыршық Құмсабаның құмы болар. Құмсабаның алтындай сап-сары құмы да қандай ыстық едің...
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары.