ҚАУІП ӘЛІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

11 мамырдан бастап бүкіл ел аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталды. Дегенмен қауіп әлі толықтай сейілген жоқ. Сондықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады», – деді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында. Дегенмен қазіргі таңда көптеген шектеулер алынып тасталды. Саябақтар ашылмақ. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. «Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе» деді Мемлекет басшысы.

Ал, бұл дегеніңіз індет ауыздықталмай жайбарақаттыққа салынбау қажеттігін ескертеді. «Сақтансаң сақтайды» демекші, әр адам өз денсаулығына өзі салғырт қарамай, карантин талаптарын мүлтіксіз орындауы тиіс. Осы ретте Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова халық арасында коронавирустық инфекция таралуының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулыға қол қойды. Осы қаулыда инфекцияға шалдыққандардың өсуі 7 күн ішінде 7 пайыздан аспаған жағдайда екі және одан көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде масканы міндетті түрде кию және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, халықтың тұратын жерінен еркін шығуына, 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерінің саябақтарға баруына, аулаға шығуына, саяжайға барып келуіне рұқсат берілмек. Аталмыш қаулы негізінде санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, біртіндеп базарлар, құрылыс дүкендері және өзге де объектілердің жұмыстары қалпына келеді. Қызметін жүзеге асыратын барлық объектілерде күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим, яғни қолды өңдеуге арналған санитайзерлерді орнату, дезинфекция құралдарын қолдана отырып ылғалды жинау, желдету шаралары сақталуы тиіс. Осындай қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындаған жағдайда ғана әлемді жайлаған пандемиядан құтылуға болады. Мұның бәрі сіз бен біздің бас амандығымыз үшін қолға алынып отыр. «Ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау» деді Мемлекет басшысы. Әркез сабырлылық пен ұстамдылық таныта білсек, қалыпты өмірімізге қайтадан тезірек оралуға мүмкіндік мол. Соны естен шығармайық.

Ержан ЖҰМАШЕВ,

Кентау қалалық орталық ауруханасының

жан сақтау бөлімінің меңгерушісі.

 


Пікір қалдырыңыз