Көкөніс қолжетімді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азық-түлік пен көкөніс бағаларының тұрғындар үшін қолжетімді болуын өз бақылауына алған. Қазір қаладағы бірқатар жылыжай иелерімен келіссөздер жүргізіліп, базарларда өз өнімдерін делдалсыз, төмен бағада сатуы үшін оларға арнайы орындар берілді.

Фермерлер «Қазыбек» базарынан арнайы орын алып, жылыжайдан жиналған көкөністерін арзан бағада саудаға шығаруда. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарына азық-түлікті, көкөністерді «Өндірушіден – тұтынушыға» принципімен қолжетімді бағада алуға мүмкіндік береді.

Мәселен, тұрғындар делдалдар арқылы қызанақтың келісін 800 теңгеден алып келсе, енді 350-500 теңгеден, ал, қиярды 500 теңгенің орнына 150-300 теңгеден сатып алуда.

Шымкентте жылыжай көлемі жалпы алғанда 183 гектарды құрайды. Оның 53 гектары – өнеркәсіптік жылыжай. Қалада жабық жылыжай кешендерінің көлемін арттыру мақсатында көліктік логистикалық аймақ жанынан 136 гектар жер қарастырылып, 100 гектар аумаққа өнеркәсіптік жылыжай кешендері салынбақ.

Сондай-ақ, алдағы уақытта жылыжай өнімдерін қаладағы ірі сауда орындарына да тікелей жеткізіп беру мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл жергілікті өнімнің сатылу құнын төмендетіп, жергілікті халықтың көкөністі делдалсыз, қолжетімді бағада алуына мүмкіндік береді.

Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының баспасөз қызметі.

 


Пікір қалдырыңыз