Ел аман, жұрт тыныш болғай!

Құрметті отандастар!
Қадірлі жерлестер!
Әлемдегі
алпауыт мемлекеттер пандемиялық індеттің алдын алып, бүкіл дүние дүрлігіп
жатқан кезеңді бастан өткерудеміз. Бұл Қазақстан үшін де үлкен сынақ. Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізде алғаш рет енгізіліп отырған төтенше
жағдайға қатысты Үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын
күшейтуді міндеттегенін білесіздер. Бұл – ең әуелі халықтың амандығы үшін
қабылданған шешім.
Тарихымызға
көз жіберсек, халқымыз небір нәубет, зобалаң заманды бастан өткеріп, зор
алапаттардан аман шыққан. Осындай қайсарлық пен көзсіз батырлықтың, бірлік пен
ынтымақтың арқасында қазақтың қаймағы бұзылған жоқ, туы жығылған жоқ. Сондықтан
бұл жаһандық кеселді адамзат баласының басына жіберген сынақтың бірі ретінде
қабылдап, әрқайсысыңызды сабырлылық танытуға шақырамыз. Татулық, тұтастық,
бірлік бар жерде еліміз бұл жолы да төтеннен келген қиындықты бірге
еңсеретінімізге еш күмәніміз жоқ. Сақтық шараларын жасап, сабырлы қалпымызды
сақтайық!
Осындай сын сәтте баршаңызды бірлік пен
татулықтың, еңбектің, ізгілік пен бақыттың мерекесі әрі жыл басы ретінде аталып
келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл –
бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, жақсылық
пен келісімнің, жаңа күннің символы. Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы
күні – адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс
кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан.
Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын,
мейірленбейтін адам болмаған. Сондықтан да болар, Наурызды әр халықтың асыға
күтетіні... Дана халқымыздың дастарқанға ақ толатын, елімізге бақ қонатын
күн деп дәріптеп, Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтағаны. Қазақылықтың қаймағы
бұзылмаған біздің Түркістан облысы үшін де Наурыз мейрамының алар орны айрықша.
Жыл өткен сайын көне шаһарымыз түрленіп,
жаңарып, гүлдену үстінде. Өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі түзеліп,
әл-ауқаты да біртіндеп жақсарып келеді.
Әрине, бұл үлкен жетістіктерге ең алдымен
Сіздердің, жергілікті халықтың ақ батасы, қажырлы еңбектері мен шынайы,
көл-көсір көңілдері, ықылас-сенімдері себепші болды десек, артық айтқанымыз
емес.
Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Жаңа жылдың
да жарқын келешекке бастайтынына нық сенімдімін. Ең бастысы, елімізде
қандай жағдай болмасын, жұдырықтай жұмылып, сол қиындықтарды бірге еңсеруіміз
қажет. Ауызбірлікте болайық.
Сіздерді әз Наурыз мерекесімен тағы да
құттықтай отырып, әр отбасыға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық
тілейміз! Ендеше, Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке сіздерге
тек жақсылық әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі.
Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облысы
мәслихатының хатшысы.