Еңбегiне ақы сұрамайтын ұстаз

Әдетте кітапты «ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» дейміз ғой.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де дәл сондай, еңбегіне... ақы сұрамайтын ұстаз – Кентау қаласының тұрғыны, педагогика ғылымдарының магистрі, физика-математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі, білім мотиваторы Нұрлан Өтепов.

Таяуда Нұрлан Ырысқалиұлының «Математика логика» деген оқулығы жарыққа шықты. Қазір зымырандай зулаған ақпарат заманы. Сондықтан ғаламтордан білім мен ғылымға қатысты кез келген мағлұматты оңай табуға болады деп ойласаңыз қателесесіз. Ғаламторда мектеп оқушыларына арналған логикалық есептер жоқтың қасы. Кейіпкеріміз 285 беттен тұратын еңбегінде осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқан сыңайлы. Нұрланның еңбегіне физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаевтың өзі пікір айтып, жас маманның болашағына үлкен сенім білдірген екен.

Жаңашыл ұстаз оқулығында шәкірттеріне математика ғылымының негіздері жайлы түсініктеме беріп қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтуге де атсалысқысы келеді. Балалардың санасына сіңіп қалған «математика қиын сала» деген ұғымның жалған екендігін ұғындырғысы келеді. Есеп шығару арқылы ойлау қабілетін кеңейтіп, емтихандарға дайындалуға жәрдемдеседі.

Автор өз сөзінде бұл жөнінде былай дейді: «Кітаптың оң жақ беті бос, сол жерге есептерін шығарса болады. Ол деген сөз, оқушының концентрациясының жан-жаққа ауытқымай, тек қана есеппен отыруына, есепті жақсы түсінуіне үлкен мүмкіндік жасайды. Сонымен қоса, оқушының білім деңгейін жетілдіріп, биік мақсаттарға қол жеткізуіне септігін тигізеді».

Нұрлан Ырысқалиұлы еңбек жолын Павлодар облысындағы қазақ-түрік лицейінде тәрбиеші және көмекші мұғалім болып бастаған. Одан кейін Маңғыстау, Алматы қалаларындағы білім ордаларында жұмыс істеді. Қызылордадағы дарынды балаларға арналған №9 облыстық қазақ-түрік лицейінде жүргенінде «Көшбасшы ұстаз – 2016» номинациясына ие болды. Ал, 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрілігінің «Білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Осы орайда студент кезінде талай жарыстарда топ жарған жас маманның шәкірттері де бүгінде халықаралық, республикалық, облыстық сайыстардың жеңімпазы екенін мақтаныш етсек жарасады.

Хакім Абайдың: «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген өлеңін өмірінің өзегіне, берік ұстанымына айналдырған тәуелсіздіктің төл құрдасы Нұрлан Өтепов қай жерде жүрсе де өскелең ұрпақты білімді, еңбекқор, өз елінің патриоты болуға үндейді. «BILIM.ONLINE» орталығының құрылтайшысы, білім мотиваторы ретінде инстаграмда математика пәні бойынша онлайн сабақ жүргізіп, мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындалуға жәрдемдеседі.

Екінің бірінің қолынан келе бермейтін осындай істерді жасап жүрген Нұрланның желі қолданушыларын үнемі ынталандырып, талпындырып отыратын ерекше әдісі шәкірттерінің санын күннен-күнге арттыруға септігін тигізуде. Қызығы сол, берілген тапсырманы өзгелерден бұрын орындаған оқушыларды «Бәрекелді, жарайсың!», «Есепті дұрыс шешкен пәлен қаладан Пәленшеев! Қане, балалар, қолдау білдіріп қоялық!» деп экран бетіне шығарып, оларға дүйім көрермен алдында мотивация беріп отырады екен. 3 және 6-сынып оқушылары үшін бұл тау көтергенмен пара-пар емес пе?!

Жаңашыл ұстазға «қазақ деген қасиетті жұртыңа адал қызмет ете бер!» демекпіз.

Азамат ОСПАНОВ, Түркістан облыстық адами әлеуметті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы.

 

Пікір қалдырыңыз