«Бұл – ұстаздарға деген үлкен құрмет»

Өздеріңізге белгілі елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заң мұғалімнің мәртебесін айқындап қана қоймай, оның құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін, міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды. Сонымен, мұғалімнің мәртебесін көтеруге арналған аталмыш заңның артықшылықтары мен ерекшеліктері қандай? Біз бұл сұрақты Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек ЖОЛАЕВҚА қойған едік.
– Елімізде
мыңға жуық мамандық бар, ал, соның ішінде педагог мамандығына арнайы «Педагог
мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы үлкен қуаныш, мәртебе деп ойлаймын.
Мұндай заң
кеңес дәуірінде болған жоқ, ал, тәуелсіздік алғалы бірінші рет қабылдануда. Бұл
заңды ұстаздар қауымы ұзақ күткен болатын.
Осы заңды
қабылдау еліміздегі ұстаздарға деген үлкен құрмет деп түсінемін.
Бұл заңның
ерекшелігі меншік нысанына және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан тиісті
білім беру ұйымдарында кәсіби қызметті жүзеге асыратын барлық педагогтарға
қатысты болып отыр. Оның ішінде, ҚР Жоғарғы сотының сот төрелігі академиясының,
дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау,
әскери оқу орындарының барлық педагогтары да бар.
Яғни педагог
мәртебесіне – тиісті бейін бойынша педагогикалық кәсіби білімі бар, білім
алушыларға тәрбие мен білім беретін және қосымша білім беруді ұйымдастыратын,
әдістемелік көмек беретін, кәсіби қызмет ететін білім беру саласындағы кәсіби
стандартта көрсетілген біліктілік санатына сәйкес келетіндер ие бола алады.
– Рахымбек
Қуатбекұлы, әрине, арнайы заңның қабылданғанына біз де қуаныштымыз, дегенмен
де, осы заң талаптары мұғалім мәртебесін көтеруге қаншалықты жеткілікті деп
ойлайсыз?
– Жалпы,
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы 19 баптан тұрады. Осындағы өзекті ойлар ҚР
Конституциясы, «Білім туралы» Заңы және Қазақстан Республикасының өзге де
нормативтік-құқықтық актілерінен құралған. Мысалы, педагогикалық әдеп
нормаларын сақтау және ант беру, педагогтың кәсіби қызметін атқару шарттары,
кәсіби қызметіне кірмейтін жұмысқа тартуға тиым салу, кәсіби жетістігі үшін
көтермелеу сияқты нормалар анық көрсетілген. Сондай-ақ, білім алушылар,
тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналары, өзге де заңды тұлғалар тарапынан
педагогтардың ар-намысы мен қадiр-қасиетіне құрмет
көрсетуі тиіс нормалар нақты жазылған. Яғни заңда педагогтың мәртебесін көтеру
үшін барлық мәселе қамтылып отыр. Білім саласында жұмыс істейтін ғалымдарға
философия докторына (PhD) бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін АЕК 17 есе, ғылым докторына 34 есе,
ғылым кандидатына 17 есе, ал, магистрлерге 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш
мөлшерінде қосымша ақы төлеу де қаралған. Педагогтың кәсіби қызметіндегі құқығы
және материалдық, әлеуметтік кепілдіктері нақты белгіленген.
Ал, ауылдық
жерде тұратын және жұмыс істейтін педагогтарға жергілікті өкілді органдар
тарапынан бюджет есебінен коммуналдық қызметтеріне және тағы басқа түрлі
әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де қаралып отыр.
Олай болса,
бұл заң мұғалімнің мәртебесін көтеруге толықтай жауап бере алады деп ойлаймын.
Себебі, заң жан-жақты сараланып, барлық мәселені қамтыған.
– Сонда да
болса айта кетіңізші, заң қолданысқа енді, мұғалімдерге қатысты нақты тағы
қандай өзгерістер орын алады?
– Естеріңізде
болса, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында «ҚР білім беруді және ғылымды
дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.
Бұл бағдарлама
педагог-ұстаздарға үлкен міндет қойып отыр.
Атап айтсақ,
мұндағы негізгі түйін білім беру саласының мамандары үшін қоғамда сұранысқа ие
дағдылары мен рухани-адамгершілік құндылықтары бар тұлғаны дамытуға
бағытталған.
Негізгі
міндеттер болып, педагог кәсібінің қажеттілігін арттыру және педагогикалық
білім беруді жаңғырту, білім беру саласындағы алшақтықты қысқарту белгіленді.
Еліміздің экономикасын дамыту үшін бірінші кезекте сапалы маман даярлау қажет.
Оқушылардың орын тапшылығын қысқарту, материалдық-техникалық базаны, цифрлық инфрақұрылымды
жақсарту да сала мамандарына жүктелген басты міндет болып отыр.
Ондағы басты
индикаторлар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қамту 2-6 жасқа дейін (бұрын
3-6) ұзартылды.
– Рахымбек
Қуатбекұлы, орайы келгенде өзіңіз басқаратын облыстық адами әлеуетті дамыту
басқармасының алдағы күнгі жоспарларымен де бөлісе кетсеңіз...
– Басқарма
жаңартылған білім мазмұнын ендіру жұмыстарын жалғастырып, білім сапасын
халықаралық деңгейге көтеру, 2021 жылы кезең-кезеңімен жалпы орта білімді 12
жылдық оқыту моделіне көшуге дайындық жасауда. Бұдан бөлек, биыл ұлы ғұлама
Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған кешенді жұмыстар
өткізуді жоспарлаудамыз.
«Білім сапасын
арттырудың ғылыми-тәжірибелік негіздері» тақырыбында басқарма, ҚР Педагогикалық
ғылымдар академиясы мен Назарбаев зияткерлік мектебі ДББҰ және М.Әуезов атындағы
ОҚМУ арасында меморандум түзіліп, экспериментті жалғастыру көзделуде.
Бұдан бөлек,
басқарма тарапынан биылғы жылы төмендегі мәселелерді шешуді қолға алудамыз,
атап айтсақ:
– мектептерде
үлгерімі төмен оқушыларға арналған нақты бағдарлама жасау, төмен білім беретін
ұйымдардың үлгерімі нашар және әлеуметтік осал білім алушыларын қолдаудың
бірыңғай жүйесін құру;
– ауылдық
жерлердегі және аз қамтылған отбасылардағы балаларды, сондай-ақ, ерекше білім
беру қажеттілігі бар балаларды қосымша білім берумен қамту пайызын ұлғайту;
– Сыныптан тыс
ғылыми іс-шараларды көптеп өткізу, себебі, халықаралық зерттеуде ғылыми
жұмыстарымен айналысқан мектептер PISA зерттеуінде
жоғары нәтиже көрсетті;
– қосымша
білім беру ұйымдарының
әдістемелік,
кадрлық жұмыстарын нығайту;
– мектептерді
аттестациядан өткізуде мұғалімдердің күнделікті күйзеліске ұшырауы мен үрейлену
деңгейін төмендетуге байланысты әдістемелік көмек көрсету, қолдау тетігін
жасау. Аттестаттаудың мазмұны мен нысанын қайта қарау;
– оқушылар
арасында кәсіптік бағдар беретін ұстаздарды арнайы дайындық курстарынан өткізу.
Бұл жұмыс мектепке дейінгі жастан басталуы тиіс, кәсіптік диагностика мен
бағдарлау дағдыларына мұғалімдер оқытылмаған;
–
мұғалімдердің мансаптық өсуінің жаңа жүйесін (педагог, педагог-модератор,
педагог-сарапшы, педагог-мастер) енгізудің арқасында жалақы базалық лауазымдық
жалақыдан 30-50%-ға дейін өсті;
– сондай-ақ,
ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне базалық лауазымдық жалақысы 30% қосымша ақы
төленуде;
–
мұғалімдердің алдағы 4 жылда жалақысын 2 есе өсіру жоспарланды.
– Сұхбатыңыз
үшін көп рахмет! Алға қойған жоспарларыңыздың жүзеге асуына газет оқырмандары
атынан тілектестігімізді білдіреміз!
Сұхбаттасқан
Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Ońtústik Qazaqstan».