ҰҚК генералы Ержан ИСАҚҰЛОВ: «Бабадан қалған мұраны елге жеткiзу – қастерлi борышым»

ҰҚК генералы Ержан ИСАҚҰЛОВ: «Бабадан қалған мұраны елге жеткiзу – қастерлi борышым»
Біздің
ұстаздарымыз мықты болды
– Сұхбатымыз
не туралы болады дейсіз бе? Сұхбат, қысқаша айтсақ, сіз өмірден не көрдіңіз, не
түйдіңіз, жас ұрпаққа қандай ой-тәжірибеңізді бөліскіңіз келеді, сол жайлы
болады.
– Менің
туып-өскен өлкем Түркістан облысының Төлеби ауданы, қазіргі аты Кеңесарық,
бұрынғы аты Қарасора деген елді мекен. Ол өзі бір табиғаты өте тамаша жер,
әлемге әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығының жанындағы үш өзеннің – Сайрамсу, Қасқасу
және Қарасора – қосылған жерінде орналасқан ауыл. Ол жер Қазақстанның ең бір
киелі және қасиетті жерлерінің бірі саналады: 47 жыл бойы хандық құрған Еңсегей
бойлы Ер Есімнің ордасы, данышпан Төле би мен Бекасыл әулиенің ата-қонысы да
сол жерде орналасқан, Абылай ханның жастық шағы да сол жерде өткен. Ол жерден
1927-1934 жылдары Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы болған Елтай
Ерназаров, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары болған
Қалық Абдуллаев, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының әкімі, Құрылыс министрі,
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Амалбек Тшанов, еліміздің атын
дүние жүзіне паш еткен Тоқболат Тоғысбаев бастаған 17 суретші шыққан.
Мен сол
қасиетті жерде Бекбау деген кісінің отбасында дүниеге келдім, анамның аты –
Баршакүл. Әкем дүкенде меңгеруші, шешем почтальон болды. Әкем он шақты шақырым
жердегі Блинковка деген ауылдан, қазіргі атауы – Тасарық, күніге атпен барып,
тауар әкеліп тұратын. Сол жердегі почтадан біздің ауылдың газет-журнал, хатын
да ала келетін. Мен 4-5 жасымнан бастап есімді анық білемін, көргенімнің көбі
жадымда. Әкеміз ауылдағы беделді адамның бірі еді. Оған мәгәзіншілігін қосыңыз.
Ол кезде мұғалімдер ғана айлық жалақы алады, ал, колхозшыларға еңбеккүн
жазылады. Әкеміз ауыл адамдарының қарызын бір дәптерге жазып қоя беретін.
Ауылда бірінші болып біздің әкеміз «плановый» үй салды. Онысы бәрінен бұрын
бізге, балаларға жақсы болды – мектеп үйдің жанында, теп-тегіс ағаш еденді
залда жиналып асық ойнаймыз да жатамыз...
Мектеп
демекші, оқуға барғаным да қызық. Алты жасымнан оқығым келді, бірақ, мені
«жасың жетпейді» деп алмай қойды. Бәрібір, сөмкеме оқулықтарды толтырып алып
мен де барамын, терезенің алдына шығып алып, тақтадағы жазылған нәрселерді
өзімнің дәптеріме көшіріп шимайлап отырамын. Бір күні арт жағымнан біреу
шақырады, қарасам мектеп директоры Арапбай Кембаев екен. Өте сауатты адам еді,
соғыс ардагері, менің әкем де ардагер, екеуі дос. «Әй, балам, неғып отырсың?»
«Сабақ оқып отырмын!» «Неге кірмейсің онда класқа?» «Кіргізбейді, жасым жетіге
толған жоқ». «Жүр онда». Астындағы атын қазығына байлады, мені қолымнан
жетектеп класқа келді. Қандай көргенді десеңізші, директор болса да, сыпайылық
сақтап, есікті қағып кірді. Сабақ өтіп тұрған Қалжан Жамбаев деген мұғалім еді,
соған сұрақ қойды: «Мына баланың талабы зор екен, неге қабылдамадыңдар?» «Жасы
жетпеген. Әрі бала да көп». «Бір есебін табармыз, оқытыңдар». Бойым
кішкентайлау, бір баланы артқа жіберіп, мені соның орнына, ең алдыңғы партаға
отырғызып қойды. Қалжан ағайымыз бізді 4 жыл бойы – бірінші кластан бастап
бесінші класқа дейін оқытты.
Мектебіміз
сегізжылдық еді, оны өте жақсы бітірдім. Онжылдық мектеп 5 шақырым жердегі
Қасқасуда, соған барып оқыдық. Интернаты бар. Бірінші класта әкем қайтыс
болған. Соңымнан екі қыз, бір ұл ерген. Ағам әскерде. Мал бар, бау-бақша бар,
үйге көмектесу керек, қыс түскенше қатынап оқып жүрдім. Менен басқа да дәл
сондай менің Мықтыбек және Несіпбек деген немере ағаларым бар, екі-үшеу боп
бірігіп барамыз, өйткені, жалғызаяқ көпірі бар екі судан өтеміз ғой. Бірнеше
рет қасқырды да көрдік. Айқайлаймыз, кетеді. Екі мектебіміздің де мұғалімдері
өте білімді кісілер еді. Исақ Омашев, Тасболат Қарсыбаев, Егембай Омаров, Қанат
Пошатаев, Жамал Қозыбақов, Ибадулла Омаров, Исатай Дүйсебаев, Әсет Кембаев,
Құрбан Нұрымбетов деген ағайларымыздың оқыту әдістері әлі күнге есімде. «Ұстазы
жақсының – ұстанымы жақсы» демей ме, оқушылар да шетінен мықты болды. Мен
9-10-класта интернат советінің председателі («кеңес», «төраға» деген сөз жоқ ол
кезде) болдым. Оны интернатта жататын оқушылар қол көтеріп, өздері сайлайтын...
–
Ұйымдастырушылық қабілетіңіз мектепте-ақ көрінген екен ғой...
– Иә...
Математикадан Тасболат Тоғысбаев ағайымыз сабақ берді. Атақты суретші Ерболат
Төлепбайдың ағасы. Химия пәнінен Махиянова Алевтина Кошевоевна деген апай
беретін. Мектеп бағдарламасынан тыс көп нәрсе берді олар бізге. Әдебиет пәнінің
мұғалімі Пазыл Есжановтың есімі жазушы, ақын ретінде республикаға таныла бастап
еді.
Мен 8-класты
бітіргенде бухгалтер болғым келді. Математика сабағынан үздікпін. Бірақ, оған
оқытатын оқу орны тек Жамбыл (Тараз) қаласында бар екен. Ал, ол жерде туыс
ешкім жоқ. Шешем «онжылдық мектепті бітір» деді...
Мектепті
бітірерде ұшқыш болғым келді. Тасболат ағаймен ақылдастым. «Ұшқыш болам деген
арманың өте жақсы. Оған түсуге саған жеңілдік те берілер. Бірақ, оны оқытатын
оқу орнының бәрі алыста, Ресейде. Ал, сенің іні-қарындастарың бар, шешең болса
күні бойы колхоздың жұмысында. Бұны да ойламасаң болмайды» деді. Сонан соң
геолог болғым келді.
– Ұшқыш,
геолог болуды сол заманда армандамайтын ұл бала аз еді ғой. Бүгінгі оқушылар
үшін романтикаға толы мамандық бар ма екен?..
– Геологтарды
Фрунзе мен Алматының политехникалық институттары даярлайды екен, досым Тұрысбек
Дәкпіртов екеуміз соларға хат жаздық. «Стипендия, жатақхана бар ма, оқуға түсу
тәртібі қандай?» Қазіргі балалар солай ойлай ма екен?.. Екі институттан да
жауап келді. Алматы – оқушы біткеннің арманы, соған тарттық.
Бізге құда
болып келетін Хантеміров деген кісі өмір бойы Алматыдағы жоғары партия
мектебінде оқытушы болып істейтін, адресі бар қолымызда, үйін тауып алдық. Біз
сол үйде отырған кезде КазГУ-де оқитын екі студент келіп қалды. Олар бізге
қазіргі Алматы қалалық әкімшілігі тұрған жердегі орыстың үйінен жалға бөлме
тауып берді. Институтқа жақын, жақсы болды.
Құжат
тапсыруға келсек, сұмдық, бір орынға 20 шақты бала... Ішіндегі ең аздауы
металлургия екен, соған тапсырдық.
Алғашқы емтихан
химиядан болды. Емтиханды Салибаев деген кісіге тапсырдық. Мен жауап бере
бастағаннан ол кісі қалың ұйқыға кетті. Сұрақтан қиналып отырғанмын. Бір
уақытта көзін ашып алды да, «айта бер» деді. «Ағай, мен бәрін айтып болдым»
дедім. Ағай «3» қойып берді, мен қуана-қуана шығып кеттім...
– Қиындықтан
құтқарар сәтті пайдаланып қалар тапқырлық – бұл екінің біріне беріле бермейтін
жақсы қасиет қой. Біреудің тапқырлығы болса да, батылдығы жетпей қап жатады...
– Екінші
емтихан – физика. Билетті алған бойда «жауапқа дайынмын» дедім. Оқытушы апай
сеніңкіремей қарады, «дайынмын» дедім. Жауап бердім, «4» деді апайым. «5» керек
маған, сұрақтарыңызды қойыңыз» дедім. Аттестатымда бір ғана «4» бар, ол да орыс
тілінен, несіне қорқамын? Сол кезде аудиторияға бір кісі кірді. Емтихан алушы
апайдан «қалай жауап беріп жатыр?» деп сұрады. «5 алмасам болмайды» дейді...»
«Е, онда тыңдайық» деді әлгі кісі. Апай екі-үш сұрақ қойды, сартылдатып айтып
бердім. «Комиссия» ағай қай жақтан келгенімді сұрады, айттым, мені мақтап қойып
ол кісі кетті, бес алып мен шықтым аудиториядан. Сөйтсем, келген адам Әшім
Омаров деген ректор екен және өзі біздің Ленгір қаласынан болып шықты, оны
кейін білдік қой...
Үшінші
емтиханнан да «5» алдым. Оқуға түсетін болып, қуанып, ауылға барып қайтайық деп
жүргенімізде досым екеумізді деканатқа шақырды. Ол да мен секілді 13 балл
жинаған болатын. «Не болып қалды екен...» деп бардық. Сөйтсек, абитуриенттерді
іріктеп Мәскеу, Ленинград секілді орталықтағы институттарға жіберетін тәртіп
бар екен. Темірханов деген деканның орынбасары досым екеумізге «Мәскеудің
«Болат және балқыма» институтына барасыздар» дейді.
– Иә, «Ұлттық
кадрларды даярлау» деп аталатын, кеңес өкіметінің бір жақсы бағдарламасы
болатын. Ол менің де басымнан өткен, 1970 жылы дәл сол МИСИС-ке жібергенде,
әкем жалғыз баласының алысқа кеткенін қаламаған...
– Үрпиіп
отырған біздің реңіміз кіріп сала берді, «Москвада оқитын боламыз!», бірақ,
балалықпен қанша қуансақ та, екінші жағынан «барғызбасың – барғызбас» дегендей
болып, орыс тілін мүлде білмегендіктен, барудан бас тарттық...
Ол кезде
барлық лекция мен семинарлар орысша өтетін. Орыс тілінен о баста қатты қиналсақ
та, кейіннен төселіп кеттік. Сабаққа зерекпін, қызығып оқыдым. Институттың
маңдайалды студенті болмасам да, толыққанды білім алдым. Дипломды «5-ке»
қорғадым. Досым екеуміз Целиноград облысының Шортанды ауданындағы Бестөбе елді
мекеніндегі «Казақалтын» мекемесінің алтын шығаратын руднигіне тап болдық. Рас,
жолдаманы Шымкентке алғымыз келген, бірақ, оған екі-ақ орын бөлінген екен,
біреуі атақты академик, ҚазГУ-дің көп жыл ректоры болған жерлесіміз Өмірбек
Жолдасбековтің жиеніне (біз онымен жатақханада бірге жатқанбыз), екіншісі
Шымкентте обком хатшысы болған адамның қайнысына бұйырды... Ауысым шебері болып
орналастым.
– Алтын
өндіретін кәсіпорында істедіңіз. Алтын – байлықтың символы. Осы өндірістен өмір
бойы кетпей істейін деген ой болмады ма?
– Ондай ой
болды деп айта алмаймын. Бірақ, жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарадым.
Бір жылдан
кейін қызметтен көтеріп, Ақтөбедегі дәл сондай «Юбилейный» деген рудниктің
техникалық бақылау бөліміне басшы етіп жіберді. Тұрысбек те қасымда, ол
лабораторияның меңгерушісі болды. Тағы бір жыл істедік. Елге қайтқымыз келеді.
Еңбек демалысына шықтық-тағы Алматыға, министрлікке барайық деп шештік.
Шымкенттегі «Қырғы базардан» әрқайсысы 11 келі тартатын екі қауын сатып алдық.
Шымкентте анамның туған сіңлісі тұратын, жездеміз обкомда бөлім меңгерушісі,
жағдайлары жақсы, обкомдағыларға арналған дүкен бар, сол жерден әпкем арқылы
екі армян коньягін алғыздым. Министрліктің 1-қабатында кезекші отыр, «қайда?»
дейді, «кадр бөлімінің бастығы шақырыпты, сол кісіге» дедік. Кабинетін тауып
алдық. Қауынның иісі аңқып тұр, мұрын жарады. Қасында ораулы екі бөтелке...
Пакет деген жоқ, торға (сетка) салып алғанбыз. Ақсақал кісі екен, «осылай да
осылай, елге қайтпасақ болмайды». Жақсы қабылдады, біраз әңгімелестік.
«Алтайалтынның» бастығы болған екен. «Сен екеуің үйге бара беріңдер» деп
адресін жазып берді. Түскі асқа ол кісі де келді. «Ақтөбеге министр
Тәкежановтың қолын қойдырып, телеграмма жібердім, «открепление» береді, ал,
Шымкентте жұмысты өздерің тауып аласыңдар» деді. Татар апамыздың сорпасына
тойып алып, біз де қайттық...
– Бүгінгі
заманның лауазымды шенеунігіне екі коньяк, екі қауынмен барып, өтінішіңді
айтсаң «мазақ қылып отырсың ба?» деп қуып шығатын шығар...
– Солай болуы
да мүмкін... Ақтөбеден Шымкентке келдік, қорғасын зауытына бардық. Кадр
бөлімінің бастығы Батырбеков деген кісі екен, «инженерлік тұрмақ, жұмысшылық
бос орын жоқ, келіп хабарын біліп тұрыңдар» деп шығарып салды. «Жазған құлға
шаршау жоқ», күніге таңертең зауыт кеңсесіне келеміз, еститініміз бір жауап,
сонда да түстен кейін тағы келіп, кеңсе алдындағы орындықта кешке дейін отырып,
үйімізге қайтамыз. Осымен бір айға жуық уақыт өтті. Бір күні әлгі Батырбеков деген
ағамыз, ол кездегі зауыттың әйгілі директоры Ырзабай Қобдабергеновпен бірге
оқыған екен, шақырып алды-дағы, «сен мына цехқа, сен мына цехқа барасың» деді.
Мен барған гидроцехтың бастығы да директормен бірге оқыған түлкібастық
Сейсенәлиев ағамыз екен, демалысқа кеткен ауысым шеберінің орнына қойды. Бір
жылдан аса солай жұмыс істедім, заводтың комсомол комитетінің бюро мүшесімін.
Сөйтіп жүргенде бір күні күтпеген жерден майор Болат Әлиұлы Датқаев деген кісі
мені КГБ-ге жұмысқа шақырды...
Сөйтсем, олар
мені студент кезден сыртымнан бақылап жүрген екен. Тегім, білімім, ой-өрісім,
мінез-құлығым, болмысым сәйкес келе ме деп көп толғандым. Олардың өзіне де осы
сұрақтарды қойдым. Бірақ, Бекасыл әулиенің шөбересі екенімді айтпадым. «Біз
бәрін білеміз, ата-анаңыз, өскен ортаңыз жағынан ешқандай сұрақ жоқ, жас
болсаңыз да қиын өндірісте неше түрлі жастағы, неше түрлі мінез-құлықты
адамдармен тіл табысып, оларға ықпал етіп, айтқаныңызды істетіп жұмыс істеп
жүрсіз, жетпеген жері болса көмектесеміз, бір жылдық курсқа жіберіп оқытамыз,
ол курста сізге керек нәрсенің бәрін үйретеді, бізге өңдірісті жақсы білетін,
сіз сияқты жалынды жастар керек» деді. Ойлана, ақылдаса келіп, келісімімді
бердім ғой...
Жаңа сала мені
жинақылыққа үйретті
– Енді
сұхбаттың негізгі бөліміне, ұлттық қауіпсіздік саласына келейік. Сізге ұсыныс
түскенде шешуші рөл ойнаған нәрсе не болды? Романтика ма? Әлде өзіңізді жаңа,
бейтаныс салада сынап, өзгелерге мойындату ма?
– Мен аз
ойланған жоқпын. Таразының басын менің өжеттігім басты ғой деймін. Мысалы, мен
сол Бестөбедегі алтын кенінде істеп жүріп, оны ғылыми жағынан да игергім келді.
Алматыға, бұрын политехта ректор болған, дипломдық жұмысымның жетекшісіне,
Ғабдісләм Мұхамедиұлы Есіркегеневке барған едім. Ол кісі аспирантураға алмақшы
болды, мен арыз жазып қалдырдым. Бірақ, күтпеген жерден КГБ-ге ауысып, ол
арманым іске аспай қалды...
– Өндірістің
болашағы үлкен, жас, жігерлі, ізденімпаз командирі едіңіз. Өндіріске бармай
жатып, оны ғылыми тұрғыдан зерттесем деген ой жас инженердің көбінің басына келе
бермейді. Бүгінгі 66-жас тұрғысынан, жедел уәкілден генералға, ҰҚК төрағасының
орынбасары мансабы биігінен «өндірістен кетпегенімде министр болуым әбден
мүмкін еді-ау» деген титтей де болса ішті тырнайтын өкініш жоқ па?
– Мен еңбек
демалысымда Мәскеуге де барып, бір апта жатып, баяғыда студент болып бара алмай
қалған «Болат және балқыма» институтының аспирантурасына түсудің жай-жапсарын
сұрастырдым. Өндіріс пен ғылымды қатар алып жүрсем, зауыттың директоры, министр
болсам деген ой болды. Ол ойдың бәрі жаңа қызмет жолында құрбан болды ғой...
Комитетке
жұмысқа тұрған бойда мені бір жылдық оқуға Минскіге жіберді. Бұл оқу орны сол
кездегі қауіпсіздік саласына керекті қызметкерлерді даярлайтын ең алдыңғы
қатарлы оқу орны еді. Американың арнаулы қызметтері ол оқу орнына кезінде
«осиное гнездо» деген атауды тектен-тек бермесе керек. Мен онда өте жақсы
оқыдым. Алдыңғы партада отырамын, лекцияның бәрін жазып отырамын. Оқуды
бітіргенде курс бастығы маған жазған мінездемесінде «обладает феноменональной
памятью» деп жазғаны бар. Жақсы жад дегені жазғанымды қайталап оқығаннан туған
ғой.
– Сіз «Щит и
меч» кинофильміндегі Иоган Вайстың өзі болыпсыз ғой...
– Курстан
келген соң бар жан-тәніммен іске беріліп кеттім. Таңертең 6-да тұрам-дағы
жұмысқа келіп, алдыңғы күнгі істеген жұмыстарымды қағазға жазып, бүгінгі күні
немен шұғылдану туралы жоспарымды дайындап, сағат 9-дан кейін оларды бастығыма
баяндап, ол кісінің рұқсатымен сол күнгі жұмысыма кірісемін. 17 шақырым жердегі
салынып жатқан «Шымкентшина» зауытына автобуспен кейде бір күнде 4-5 рет барып
келемін. Бастығымыз генерал Асқар Ғаббасұлы Мұстафин менің ынтамды, жұмысымның
нәтижесін көріп, маған қызметтік көлік бөлгізіп қойды. Бөлімде тек маған ғана
электр самауырды пайдалануға рұқсат етілді. Кешкі 9-да телевизордан Мәскеуден
«Время» басталады, мен сол уақытта үйге жетуге тырысамын. Кешке шаршап
келетінім сондай, тамақты тек шынтақтап жатып ішем. Талай рет ұйықтап қалған
жерімнен келіншегім оятып алатын.
– Осы жерде
сіздің өмірлік серігіңіз, аты да Ботагөз, заты да Ботагөзбен қалай бас
қосқаныңыз жайлы айта кетсеңіз.
– Жоғарыда
айтқан әпкем, анамның сіңлісі, Минскіден келгеннен кейін мені «мына өсіп қалған
бөлелеріңе бас-көз боласың» деп үйінде тұруға өтініш жасады. Әпкем маған жүз(!)
шақты қыздың тізімін көрсетіп, соларды шетінен таныстыра бастады. Ешбірі
көңілге қонбайды... Бір күні әпкем өздерінің көршісі, облыстық комсомол
комитетінің 1-хатшысының Шардарада тұратын, сессияға келген балдызын өзінің
туған күніне шақырды. Көрген бойда жүрек солқ ете қалғандай болды... Сол бірінші
танысқан кеште үйленейік дедім ғой. Соның алдында жұмыстан маған 3 бөлмелі
пәтер берген. «Үш бөлменің бәрін бірдей не етемін?» деймін ғой. Орыс бастығым
бір сыбап алды да «дети пойдут!..» деді. Қолыма кілт пен екі кілемге талон
берді. Сонымен 1980 жылы 5 сәуірде музыкалық училищенің директоры, менен бірер
жас үлкендеу досым Байтеміров Қасымханның жаңа машинасымен «алып қаштық» қой.
«Қасеке, біз алып қашып бара жатқан қыз обкомның бюро мүшесінің балдызы»
дегендегі оның, коммунистің түрін кейін күліп еске алып жүрдік... Біз 1980 жылы
17 сәуірде той жасадық. Оған бүкіл облыстық басқарманың ұжымын шақырдым. Маған
дейін де, менен кейін де ондай ұжым түгел барған той болмапты...
Кеңес өкіметі
тарқады. Басқа ұлт өкілдері тарихи отандарына кете бастады. Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылы 13 шілдеде
Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті (ары қарай-ҰҚК) құрылды.
– ҰҚК ішінде
қарсы барлау бар ма?
– Бар. Онда
тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қандай құрылымдар керек болса, солардың
бәрі бар! Сыртқы барлау бөлініп шыққан еді, қазір қайтадан комитеттің құрамына
кірді.
– Шекара
күзеті де ҰҚК-ға қарайды, осы тұрғыдан келгенде кеңес кезіндегідей «шекара
құлыптаулы» деп айтуға бола ма?
– Тиісті,
жеткілікті дәрежеде олай айтуға әбден болады.
– Қызметте ең
ауыр тиген және ең қызық оқиғаларды есіңізге түсіріңізші.
– Қызметімнің
ең қиыны мен қызығы, менің 1995-2001 жылдар аралығында ҰҚК Ақмола және Астана
қаласы бойынша департаменттерді басқарған кездер болды деп ойлаймын. Ол жылдары
біздің департамент еліміздің жоғарғы билігі мен басқару органдарының Алматыдан
Ақмолаға көшіп келуіне керекті жағдайды жасап, 1998 жылғы 10 маусымда жаңа
Астананың халықаралық тұсаукесерін жоғарғы деңгейде өткізуді қамтамасыз еткен
болатын. Менің де еңбегім бағаланып, Елбасының қолынан генерал шені мен «Даңқ»
орденін алдым және қызметім жоғарылап, ҰҚК төрағасының орынбасары болып
тағайындалдым.
– ҰҚК-дегі
қызмет сіздің болмысыңызға қандай өзгеріс әкелді?
– Өте ұқыпты
және жинақы болуға, отансүйгіштікке, адамдарды тез арада танып-білуге, олармен
қарым-қатынас жасауға, қажетті ақпаратты жылдам және толық ала білуге үйретті.
Көп, өте көп нәрсеге үйретті ғой...
– Қандай да
бір ірі оқиға туралы айтып бере аласыз ба?
– Ммм...
«Шымкентшина» туралы сізге әңгімеміздің басында айтып бердім. Атырау облысында
Теңіз мұнай-газ кен орны бар, онда әлемнің алпауыт компаниялары келіп, 15
мыңнан асатын шетел мамандары жұмыс істеп жатты. 1989 жылы сол жерге мені
облыстық басқарманың бөлім бастығының орынбасары етіп жіберді. (Айтпақшы, ҰҚК
Түлкібас аудандық бөліміне бастық болу мен Атырауға бару деген дилемма туғанда
«Атырауға баруың керек!» деген Ботагөз болатын...) Мен бүкіл әлемге әйгілі кен
орнында салынып жатқан зауыттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті
жұмыстарға басшылық еттім. Жұмыс орнымыз Атыраудан 350 шақырым жерде болатын.
Оған тікұшақпен немесе пойызбен баратынбыз. Жергілікті мамандар маған сынай
қарайтын. Ал, мен бастықпын деп шікірейіп отырмай, қарамағымдағы
қызметкерлермен бірдей жұмыс істеп, оларға, қазіргі тілмен айтқанда,
«мастер-класс» өткізуші едім... Зауытқа керекті жабдықтың бәрі шетелден
келетін. Оларды монтаждау жұмысында қандай кемшіліктер бар және олар қалай
жүріп жатыр, шетелдіктер тарапынан қаскүнемдік (диверсия) ойластырылып жатқан
жоқ па, осы секілді «нәзік» мәселелер көп болатын. Біздің міндетіміз, солар
туралы керекті ақпараттар жинап, табысты жұмыс істеу еді. Ең бастысы, аталған
өндіріс орнын дер кезінде және сапалы етіп іске қосуды қамтамасыз ету болатын.
Қазір сол
зауыт жылына 25 млн. тонна мұнай мен миллиардтаған текше метр газ өндіріп,
еліміздің экономикасына елеулі үлес қосуда. Жақын жылдары оның қуаты 32 млн.
тоннаға дейін өседі.
Атырау
облысындағы Қарабатан деген жердегі дүние жүзіндегі ең үлкен мұнай өнімдерін
өндіретін кәсіпорынның құрылысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де
атсалыстым. Ол зауыттың да келешегі өте зор.
Осы аталған
өндіріс орындары әлемдік деңгейдегі үлкен кәсіпорындардың қатарына жатады.
Атамыз Мәшһүр
Жүсіп әулиемен Бұқарада бірге оқыпты
– Бүгінгі
таңда ұлтымызға төніп тұрған басты үш қатерді атаңызшы.
– Меніңше,
бірінші қатер – халқымыздың денсаулығына байланысты. Байқай бермейміз, мән бере
қоймаймыз, денсаулық – негізгі мәселенің негізгісі. Екінші қатер – білімсіздік.
Оның бастауы балабақшадан басталады. Оқуға түсе алмаған бала ақша төлейді де,
оқуға түсе береді. Оқымай, курстан курсқа өте береді. Сонда біз қандай
мамандарды даярлап жатырмыз?.. Үшінші қатер – бейбіт өмір мен тұрақтылықтан
айрылып қалу.
– 1989-90
жылдары «Комсомольская правда» газетіне «егер мен президент болғанымда...»
деген айдармен жеке адамдардың ұсыныстары жарияланып тұратын. Сіз де, президент
бола қалсаңыз дейік, ең маңызды қандай үш шаруаны қолға алған болар едіңіз?
– Ең бірінші –
еліміздің бюджетінің дұрыс жоспарлануын және бөлінуін, бөлінген қаржының әрбір
тиынына дейін көзделген жерге жетуін қадағалауды қолға алар едім. Өйткені,
біздің елімізде жасалатын жұмыстың барлығы дерлік осы бюджеттен бөлінетін
қаражат арқылы жасалады. Ал, оның айналасында сыбайлас жемқорлық та,
жауапсыздық та, бәрі де жетіп жатыр. Біз осы мәселеге жеткілікті деңгейде көңіл
бөлмейміз және істелуі тиіс іс-шараларды істемей отырмыз.
Екіншіден және
үшіншіден, жоғарыда айтқан денсаулық пен білім саласын қолға алар едім. Оның
ішінде бірінші кезекте халықты таза сумен қамтамасыз етуді және дұрыс
тамақтандыруды жолға қояр едім. Меніңше, адам дені сау болуы үшін күніне қанша
ет, сүзбе жеуі керек, қанша айран-сүт, қымыз-шұбат ішуі тиіс деген мәселелер
мемлекет тарапынан жүйелі түрде қадағалануы тиіс. Пепси-кола және сол сияқты түрлі
сусындар мен зиянды дәрі-дәрмектерді, алкогольдік ішімдіктер мен темекі
шығаруға түбегейлі тосқауыл қою керек деп ойлаймын.
– Сөзіңіз
жаныма майдай жағып барады... Соғыстан кейін халықтың денсаулығы үшін балдың
орны ерекше екенін зерттеп-білген жапондар әлі күнге дейін мектеп оқушыларына
тегін бал беріп келеді...
– Денсаулығы
бар, білімі бар адам, бейбіт және тұрақты елде тұратын адам қалай жаман өмір
сүреді, айтыңызшы?!
– Білім,
білімсіздік демекші... Бекасыл бабаңыздың «ЗикЗал» кітабын оқыған адамның таң
қалмауы мүмкін емес! Мәшһүр-Жүсіп атамыздың «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе
де, Бекасыл хазірет бола ма?» деуі де бекер емес екен... Сол теңдессіз туындыны
ғылыми тұрғыдан зерттеп жатқан ғалымдар бар ма? Сіз өзіңіздің жеті атаңызды
білесіз бе? Осы жайлы бір-екі ауыз сөз айтсаңыз.
– Дұрыс
айтасыз, Бекасылтану орталығын ашып, сол арқылы зерттеулер жасап, олардың
нәтижелерін халқымыздың игілігіне айналдыру керек деп ойлаймын. Бірақ, ол үшін
алдымен ол кісінің мұрасына деген қызығушылық тудыру керек. Өйткені, ол кітапта
адам өміріне қажетті барлық ақыл-кеңес жазылған. Сондықтан мен «Зикзалды»
интернетке қойдым. Қазір кез келген адам bekasyl.кz деген сайтқа кіріп, оны толықтай интернеттен оқи да және көшіріп те ала
алады. «Зикзал» – діни сараптамадан өткен еңбек. «Зикзалды» басқа тілдерге,
оның ішінде орыс пен ағылшын тілдеріне аудару мәселесі жоспарда тұр. Өзбекшеге
аудартып қойдым, енді оны баспадан шығару керек. Бекасыл бабамыздың атында қор
аштым. Себебі, қай істе де бірінші қаржы мәселесін шешіп алу керек. Соны
шешсек, көп іс атқара аламыз. Оған дейін халықта қызығушылық туғыза беру керек.
Міне, қараңыз. Мынау, әйгілі «Зафар-нама», Шараф Ад Дин Иаздидің бұдан 1400 жыл
бұрын Әмір-Темір туралы жазған кітабы. Мұнда мынадай дерек бар: «Нұх (ә.с.)
(Алладан аян болған) «Исм Ағзамды» үйретті және «Есімді» тасқа қашап жазып,
Яфасқа берді. Осы мұғжизадан Яфас қашан жаңбыр жаууын қаласа, (дереу) жаңбыр
жауар еді. Ол (мұғжизалы) тас осы күндерде (кезде) түріктердің ортасында (құпия
сақталуда)». Ал, сол дұға Бекасылдың «Зикзал» еңбегінің 551-556-беттерінде
тұр...
Бекасыл
бабамыз жылда Түркістанға, Ясауи бабамыздың басына барып, мінажат етіп қайтады
екен. Бірде Мәшһүр Жүсіп атамыз қылуетке кірейін деп жатса, Бекасыл әулие шығып
келе жатқан көрінеді. Екеуі кезінде Бұхарадағы «Мир Араб» медресесінде бірге
оқыпты. Бабамыз Мәшһүр Жүсіпті ауылына ертіп барып, он күн қонақ етеді. Бұдан
біраз жылдан кейін Мәшһүр атамыз ақ патшаға қарсы шығып, істі болған кезінде де
біздің елге келіп, тағы да 5 жылдай жүрген көрінеді.
Он екі ата Ұлы
жүздің жеті атасы Бәйдібектен тарайды ғой. Біз сол жетеудің біреуі Дулаттан,
оның ішінде Жаныстан, оның ішінде Жантудан тараймыз. Жантудан – Қожамберді би,
одан Құдайберді би. Есім ханның тұсында Құдайберді бабамыз орда биі болған.
Есім хан жорыққа кеткенде орнына Құдайберді елді басқарады екен. «Тоғыз ұлды
Құдайберді» атанған, үлкені – Түгелбай, кішісі – Әлібек би, Төле бидің әкесі. Түгелбайдан
– Мырзакелді, Мырзакелдіден – Сары батыр, Сары батырдан – Биболат. Оның үш ұлы
болған – Байшымыр, Бишымыр, Бекасыл. Мен Бекасылдың шөбересі боламын. Ал,
Бекасылдың дарынды шәкірті Қазанғап Байболов Төле би мен Есім хан жайлы дастан
жазып, артында өшпес із қалдырған ақын.
– Ал, бүгінгі
діннен бір емес, көпке бөлінушілігімізге қалай қарайсыз?
– Қазақстан
зайырлы мемлекет, дін мемлекеттен бөлінген. Біз ата-бабамыздан келе жатқан
діннің жолын ұстауымыз керек. Елімізде дін саласына қатысты қыруар шаралар
атқарылып жатыр. Бір ғана «Жусан» операциясының нәтижесінде Сириядан елімізге
600-ге жуық қазақстандық қайтарылды. Бірақ, проблемалар да баршылық. Мәселен,
діни салада жұмыс істейтін барлық адам да біздің мемлекетіміздің азаматы болып
табылады. Ал, олар айлық алмайды, әлеуметтік жағынан қағажулы, көбі басқа
жерлерге барып жұмыс істейді, баспаналары жоқ. Сондықтан имамдардың жұмысын да
мемлекеттік қызметке теңестіру керек деп ойлаймын. Оларға ай сайын жалақы төлеу
керек. Бұл мәселе шешілген сияқты еді, арнайы қор құрылған болатын. Кейінгі
кезде оның жұмысы туралы ештеңе естілмей қалды. Шамасы ақша таусылған болар.
Зайырлы ел болсақ та, оларға жалақыны мемлекет тарапынан төлеудің мың-сан жолы
бар деп ойлаймын. Сонымен қатар, елімізде деңгейі жоғары діни оқу орындары
болуы тиіс, оларда барлық мешітте жат діни ағымдарға тойтарыс бере алатын
білімді имамдарды дайындау керек. Сол дәрежеге жеткен кезде мектептерде
дініміздің негіздерімен таныстыратын пәндерді оқытуға болады. Жастарымызға
ата-бабамыздан келе жатқан діни ұстаным қалыптастыруымыз керек.
– Бекасыл
әулиенің шөбересінің діни ұстанымы қандай?
– Мен исламның
парыздарын түп-түгел орындап жүрмін дей алмаймын. Шамам келгенінше ораза
ұстаймын. Бірақ, Алланың бар екеніне иманым кәміл. Бекасыл бабамнан жеткен
мұраны көзімнің қарашығындай сақтап, елдің игілігіне жеткізу – менің перзенттік
парызым деп білемін.
– Жас
отаулардың ажырасуы 40 пайызға жақындады. Бұл мәселе сізді толғандырмай ма?
–
Толғандырғанда қандай! Ажырасу меніңше 40 пайыздан асып кетті! Неге? Бұның
бәрінің өзіндік себебі бар. Әйелге деген қазақы көзқарас, оған жағдай жасау
деген ұғым, отбасыға деген жауапкершілік өзгерген. Үйлене салып, ажыраса
салады. Екі ортада тірі жетім бала қалады...
– Міне, міне,
баланы ойлайтын ешкім жоқ! Тірі жесірді айтпағанда...
– ...Ешкім жоқ
ойлайтын. Қазақта екі ғана дау болған – жер дауы, жесір дауы. Қазақ бауырын,
ұрпақты бәрінен жоғары қойған. Ол жесіріне үйленгенде екі әйелді болуды
ойламаған, ол өте ауыр жауапкершілікті мойнына алған – менің бауырымның
балалары әкесі жоқтығына бола ешкімнен қағажу көрмеу керек деген. Оларға өз
балаларынан артық қараған! «Атасы бірге атқа мін, атасы бөлек аттан түс!» деген
мақал осыдан шығады.
Ал, Мөде қаған
бабамыздың көрші елдің патшасы тұлпарын сұрағанда «бермеңіз» деген уәзірлерін
тыңдамай бергізгені, келесі жылы жас тоқалын сұрағанда, тағы да «бермеңіз»
деген уәзірлерін тыңдамағаны, үшінші жылы дәндеген патша «жеріңнің бір бөлігін
берші» дегенде «беріңіз» деген уәзірлерге «мал да, адам да көбейе алады, ал,
жер көбейе алмайды, атқа қонатын кез келді!» дегені – мемлекетшілдіктің шыңы!
– Рахмет,
Ереке! Амалбек Тшанов ағаңыз сізге «Ержан деген – ерен жан» деп баға берген
екен. Ерен еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Сұхбаттасқан
Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik Qazaqstan».
Дарханбеков Әділжан 87055860499
Ұқк не жұмысқа тұрғым келеді