«Ежелгі Оқсыз қаласына пароммен барасыз»

Келер жыл бүкіл қазақ елі үшін ерекше даталы оқиғаларға толы болғалы тұр. Соның бірі, әлемдегі екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамыздың мерейтойы.
«Киіз кімдікі болса, білек соныкі» демекші, ұлы
ойшылдың туған жері Отырар ауданы бұл мерейлі мерекені айрықша атап өтуді
жоспарлап отыр. Аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Пердехан
Жаппарқұловпен болған сұхбатымыз осы мәселелердің төңірегінде өрбіді.
– Пердехан Абайұлы, 2020 жылы тойланатын
әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына дайындық қалай жүруде?
– Мерекеге әзірлік жұмыстары қызу
жүргізілуде. Осы мерекеге орай Отырар ауданында өткізу жоспарланған 3-4 шара
бар. Бұдан бөлек қосымша іс-шаралар ауданда жыл бойы өткізіле береді.
Негізгілеріне тоқталсақ, «Фараби зерттеулері» атты облыстық форумды келесі
жылдың наурыз айында әл-Фараби музейінде облыстық мәдениет басқармасымен
бірлесіп өткіземіз. Ғұламаның ғылыми жетістіктері мен еңбектеріне арналған
қысқаметражды деректі фильм маусым айында түсіріледі. Онда қосымша бейнеграфикалар
пайдаланылады. Қыркүйекте «Әбу Насыр әл-Фарабидің әлем өркениетіне қосқан
үлесі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізгелі отырмыз. Оған
облыстық мәдениет, адами әлеуетті дамыту басқармалары мен аудандық әкімдік
атсалысады. Аудандық Мәдениет сарайының жанынан құрылған халық театры бар.
Соған Шахмардан Құсайыновтың «Әл-Фараби» тарихи драмасын қайталап қоюға
ниеттеніп отырмыз. Қазір қаражат тауып, әртістерді, сахна киімдерін дайындап
жатырмыз.
Мәдениет сарайы демекші, ол ғимарат
күрделі жөндеуден өткізіліп, қасбеті қазақи нышанда көрнекіленіп, әрленуде. Ол
осы желтоқсан айында бітуі тиіс. Содан кейін Даңқты бабалар аллеясын
абаттандырудың эскиздік жоспарлары берілді. Қаржы қарастырылып, келесі жылы
аллея абаттандырылатын болады. Алаңдағы әл-Фараби ескерткішінің маңайы
жаңартылады. Одан соң Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Руханият музейін жөндеуден
өткізіп, қасбеттерін ретке келтіріп, экспозицияларын қайта жасақтаймыз. Өткенде
аудан орталығындағы археологиялық қорық-музейіне Премьер-министрдің орынбасары
Бердібек Сапарбаев арнайы кіріп шықты. Ол кісінің берген тапсырмасына сәйкес
музей ішінара жөнделіп, жанындағы этнографиялық ауыл қайта жабдықталады.
Шәуілдір – Арыстан баб туристік бағыты бойынша үш аймақ: Қоғам ауылындағы және
Шәуілдірден шыға берістегі аймақтар абаттандырылып жатыр. Ол да келесі жылға
дайын болады деп отырмыз. Биыл қаражат бөлініп, Арыстан баб кесенесінің кіре
берісі жөнделіп, 1 желтоқсан – Президент күні қарсаңында пайдалануға берілді.
Арыстан баб кесенесінің ішкі аумағын абаттандыру жөнінде облыс әкімі Өмірзақ
Шөкеев арнайы тапсырма берген. Соған сәйкес тиісті жобалар жасалынып,
басқармаларға ұсынылды.
Әл-Фарабидің туған жері – Сырдарияның арғы
бетіндегі Оқсыз қаласы. Аудан орталығынан өзен үстімен төтесінен барса 25
шақырым, айналып көпірмен жүрсе 70-80 шақырым жер болады. Онда Мәдениет
министрлігінің бұйрығымен қазба жұмыстары жүргізілді. Әлі де жалғасады.
Саяхатшыларға баруға ыңғайлы жағдай жасалады. Соның бірі Үкімет басшысының
орынбасары Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай Арыстан баб мешітінің арғы
жағынан Сырдария өзеніне дейін жол тартылып, әрі қарай Оқсыз қаласына адамдар
пароммен баратын болады. Аудан әкімдігі осы жобаларды жасап, күні кеше облыс
әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың алдында қорғап қайтты.
– Елбасы тапсырмасы бойынша көне Отырар
қаласын қалпына келтіру жұмыстары қалай жүруде?
– Тапсырмаға байланысты Мәдениет
министрлігіне ұсыныстар бергенбіз. Онда қаланың орнын көрсету үшін шаң-тозаңмен
емес, таза жермен жүретін жолаяқтар салуды ұсынғанбыз. Олар да «Қазрестоврация»
мекемесі арқылы бірнеше жоспар түзіп, қала төбесіндегі қазба орындарда жазға
қарай реставрация жүргізіп, тұрғын үй орамдарын қайта қалпына келтіріп,
туристерге барынша жағдай жасамақ. Аудан әкімдігінің Отырар қалашығының ішкі
жұмысына араласуға құқығы жоқ. Дегенмен, өзімізге қарасты жерлерді
абаттандырып, қазір Отырартөбенің кіре берісіне үлкен қақпа қойылып, ескі
қорғандар қайта тұрғызылып, туристерге автотұрақтар, дәретханалар, сауда-саттық
орындары салынды. Сервистік қызмет көрсетуді осылайша жақсартып жатырмыз.
Тәуелсіздік күні қарсаңында аталған нысандар толық пайдалануға беріледі деп
жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, Отырартөбенің қасынан Мәдениет
министрлігінің жоспарымен Сапар орталығы бой көтерді.
– Отырар ауданы туризмге сұранып тұрған
аймақ. Ал, туризм бүгінде кез келген ел экономикасының локомотиві. Ауданда бұл
саланың даму қарқыны қалай? Жылына аймаққа қанша адам саяхаттап келеді?
– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық
көлік дәлізінен 50 шақырым қашықтықта жатырмыз. Сол аралыққа дейінгі жол бойына
көрсеткіш тақтайшалары орнатылды. Және демалыс орындары мен автотұрақтар
салынды. Жол-жөнекей бір ірі туристік сервистік орталық дайындалды. Одан кейін
аудан орталығында да туристерге қызмет көрсететін бірнеше орталық бар. Оған
мәдени нысандарды, Арыстан баб кесенесін, Отырартөбені қосыңыз. Осылардың
барлығын кейінгі уақытта жөндеп, әрлеп жатырмыз. 2011-2012 жылдары ауданға
шетелдерден және өзімізден 100-150 мыңдай турист келетін. Ал, қазір ішкі туризм
есебінен 500 мыңнан аса адам келіп кетеді. Шетелдік туристер бұрын екі мыңдай
еді. Бүгінде төрт мыңнан асты. Түркістан қаласына жылына миллионнан аса турист
келеді. Негізінде соның тең жартысы бізде болады. Күндіз сағат 9-дан 18.00-ге
дейін жұмыс істейтін мәдени нысандардың есебі солай. Ал, былайша басқа
уақыттары келіп-кетіп жатқан туристер саны одан да көп болуы мүмкін. Отырартөбе
мен Арыстан баб кесенесі аралығындағы 1,7 шақырым жерге инвесторлар үшін арнайы
орын бөлгенбіз. Оны абаттандыру бойынша жобалар дайын. Биыл тиісті орындарға
ұсындық. Әл-Фараби бабамыздың мерейтойы қарсаңында сол аумақ көріктендірілсе,
инфрақұрылымы қолға алынса, сол жерге біз қонақүй, сауда орындары, ескі қалашық,
этноауыл, автотұрақтар, басқа да сервистік қызметтердің жобаларын жасар едік.
Ауданға туристер негізінен көне Отырар қаласын, Арыстан баб кесенесін көруге
келеді. Содан кейін ауданда жалпы аңшылық туризмін де дамытуға болады.
Туристерге көлдерді, Сырдарияның бойын тамашалаған да ұнайды. Біздің ауданның
адамдарды қызықтыратын осындай тартымды тұстары бар.
– Ұлттық мәдениетімізді насихаттау
мақсатында қандай іс-шаралар атқарылды?
– Ауданда жыл сайын «Отырар таланттары»
атты өнер фестивалі өтеді. Мықты әншілер, бишілер осы фестивальде іріктеліп,
облыс, республика көлеміндегі байқауларда бақ сынайды. Солардың ішінде бүгінде
есімдері елге белгілі өнер иелері Хадиша Шалабаева, Елтай Үмбет кезінде осы
«Отырар таланттарында» өнер көрсетіп, жүлдегер атанған. Фестиваль аясында
қолөнер шеберлерінің де байқауы өтеді. Сырмақ, жүзік, құмыра секілді ұлттық
қолөнер бұйымдарын жасап жүрген шеберлер арамызда аз емес. Саз мектебінің
базасында айтыс және қолөнер мектептері ашылып, жұмыс істеуде. Айтыс мектебінің
шәкірттері өздерінің мықтылығын әрдайым мойындатып жүр. Мәселен, күні кеше
жастар арасында республикалық айтыс өтті. Сонда ауданнан талантты айтыскер
ақындардың келгендігін көрдік. Осы мектеп ашылғалы ауданда айтыс өнерін
дамытуға ерекше мән беріле бастады. Ал, ауданның орталығынан бастап Арыстан баб
кесенесі маңындағы барлық сауда орындары мен дүңгіршектерге, үлкен іс-шараларға
қолөнер мектебі шәкірттері жасаған бұйымдар қойылып, келушілерге ұсынылады.
Мақсат – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын үлкен абыроймен атап өту.
Бұған аудан осы бастан тиянақты дайындық жұмыстарын жүргізуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Ońtústik
Qazaqstan».