Шын талант атақты сатып алмайды

Мен үзбей оқып тұратын «Оңтүстік Қазақстан» газеті көптің ойындағы келелі мәселелерді жиі-жиі көтеріп тұрады. Сондай мәселенің бірі бүгінгі қоғамдағы мақтангершілік пен атаққұмарлықты ашып айтыпты.

Газеттің №134 (20792) санында жарық көрген «Құрметтілер» құрметті ме?» деген мақаланы оқып, талайлардың көкейіндегі ойды дөп басқан екен-ау дедім.

Орден, медальді сатып алу белең алғаны сонша, ол бір жарысқа айналып барады. Адамдарда «Анау алды, мен де барымды сатсам да алуым керек» деген пиғыл пайда бола бастады.

Осынша қаржы жұмсап, жалған атақты сатып алу кімге, не үшін қажет? Жалпақ жұрт ол атақтың сатылатындығын жақсы біледі. Солай бола тұрса да соны сатып алып, лентасын тағыну атаққұмарлықтың нақ өзі дер едім.

Мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет атқарған, бұл саланың қызығы мен қиындығын жақсы білетін адам ретінде мені толғандыратыны сахнаның нағыз шеберлері, мәдениет саласының нағыз майталмандарының біразы әлі күнге мемлекеттік наградасыз жүр. Еңбектері ерен бола тұра кезінде ұсынылмаған олардың еңбегін халық жақсы біледі.

Ал, енді осы күні бағасы 15 мыңнан басталатын «Мәдениет майталманы» деген медальді оңды-солды сатып жүр дегенді естіп, тіптен қынжылдым. Шын таланттар атақты сатып алмаса керек.

Сонымен қатар, кейінгі кезде «Әлем жазушыларының одағы» дегенді оқып қалып жүрмін. Атына қарасаң Қазақстан Жазушылар одағынан да жоғары, оған мүшелікке ең мықты деген ақын-жазушылар ғана алынады екен ғой деп қаласың. Ал, осы одаққа мүше адамдардың шығармашылық потенциалына көз жүгіртсеңіз, кәдімгідей ойланып қаласыз...

Бірді айтып екіншісіне өтіп кеткендей болмайын, ілгеріде еңбегі ерен азаматтарға зейнет демалысына шыққанда республикалық немесе одақтық деңгейдегі зейнеткер деген атақ берілетін. Осы күні «Ел ардақтысы» деген атауынан ат үркетін марапат пайда болыпты. Тағы да сол бизнес үшін шығарылған марапат.

Ұят емес пе?!

Бастар ПІРІМБЕТОВ, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері.

 

Пікір қалдырыңыз