Мектеп және жатақхана салудың жаңа тәсілдері түсіндірілді

Шымкент қаласында 13 жоғары оқу орны бар. Демек, мегаполисте мектеп қана емес, студенттік жатақханалар да жетіспейді.

Қазір 8 400 студент жатақхана керек деп өтініш берген. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен биыл бұл көрсеткіш азаюы мүмкін. Себебі, қолға алынған жоба аясында 600 орынды 2 жатақхана салынды. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін тағы 361 орынға арналған 2 объектіні пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында баспасөз брифингінде ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері баяндады. «Білім беру саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында өткен жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов, сала мамандары мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Шаһардағы білім ошақтарында оқитын оқушылардың стандарттық мөлшерден артып кеткендігін ескерсек, жекеменшік мектептерге деген сұраныстың күрт өсуі заңды.

– Биыл Шымкент қаласында реконструкция жасау арқылы 3777 орынды 8 және 2 352 орынды 3 мектеп ашылды. Үкімет балалардың білім алуын еш кедергісіз жүргізу мақсатында бизнесмендерге жекеменшік мектептерді салуға барлық мүмкіндікті жасап отыр. Біздің мақсатымыз – осы мүмкіндікті пайдалана отырып, студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептерді салудың жаңа тәсілдерін халыққа түсіндіру, – деді «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов.

Баспасөз жиынында қаржы орталығының өкілдері атқарылған жұмыстарын баяндап, болашақта жүзеге асырылатын жобаларға да тоқталды.

Сонымен қатар, аталған орталық алдағы күндері «Атамекен» АКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ алаңдарында «Road Show» форматында ақпараттық түсіндіру акциясын өткізбек.

Альвира ПАЙЫСХАН, «Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз