«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ. ОЛ ӨТЕ ҚОРҚЫНЫШТЫ»
Ерлан НҰРСҰЛТАНОВ, математика ғылымының докторы, профессор: «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ. ОЛ ӨТЕ ҚОРҚЫНЫШТЫ»
Математика ойлауға үйретеді
– Сұхбатымызды математикаға мадақ айтудан бастасаңыз да
болады. Себебі,
ол түгелдей ғылым падишасына арналады. Бір қарағанда түсінуге ауырлау
математика не үшін падишалық мәртебеге ие? Сіздер математикаға келген кезде
«физиктер мен лириктер» деген ұғым бар еді, пікірталастың дәуірі еді. Қазір –
тып-тыныш заман...
Сізді
математикаға әкелген не – махаббат па, басқа ма? Математика сізге не берді? Сіз
ше?
–
Дұрыс айтасыз, математиканың бір қарағанда пайдасы аз сияқты. Сонымен қатар
оның маңызы да ерекше. Мехматты бес жыл оқып шыққан студент нені біліп шығады?
Оның қолынан не келеді? Теорема дәлелдеу қолынан келеді. Болды ма?
Математиканың мәнісі – ол мәселені қалай қоюды, анализ жасауды, сосын оны қалай
шешуді үйретеді. Әдетте, адам баласы белгісіз нәрсенің арғы жағын ойлауға
қорқады. Математика осы мәселені ойлаудан қорықпауға үйретеді.
–
...Сіз Қуаныш Айтаханов есімді керемет аналитик әкімнің, қоғам қайраткерінің
«біз не үшін жүрміз – мәселені шешу үшін жүрміз» деген сөзін есіме түсіріп
жібердіңіз.
–
...Математика адамның ойлау жүйесін өзгертеді. Интеллектіні (зерде, зият,
парасат) дамытады. Математик қай ортаға барса да – банк, ғылыми институт,
әкімшілік, т.т. – жарты жылдан кейін елдің алдына шығады. Математиканың басты
міндеті де осы – адамды ойлауға үйрету! «Математика – ғылым қызметшісі және
падишасы» деп аталады. Неге падишасы екенін айттық. Неге «қызметшісі» десеңіз,
бір инженер жаңалық ашты, ол әлемді шарлап кетті дейік. Бірақ, бұл – екінші
дәрежедегі жетістік.
Математика
дамыған жерде басқа ғылымдар да еріксіз дами бастайды. Мысалы, математика жақсы
дамыған Швеция жалпы зият деңгейі жоғары ел қатарына жатады. Материалистік
державалардың бірінші кезекте математиканы дамытуды қолға алатынының сыры
сонда.
–
Алматыда көп жылдар бойы бірнеше физматмектептің директоры болған марқұм Мәжит
Өтешов деген досым «барлық мектепті физмат мектепке айналдыру керек!» дейтін.
Сіздің ойыңыз соған үндес келді... Математиканың абстрактылығы бар ғой, ол –
қорқынышты, оны қайтеміз?
–
Мәжит досыңыз дұрыс айтқан!.. Ал, абстрактылық – математиканың артықшылығы.
Х,У,Z арқылы кез келген нәрсені белгілеп, теңдік құрып, есепке кірісе беруге
болады. Бір мультфильм бар, есептің соңында бір жарым кенші қалады. Адами
тұрғыдан қорқынышты болар, математик үшін ол тұрған қалыпты жағдай! Жалпы,
адамзат миды, ойды дамытуда математикадан артық ешнәрсе ойлап таба алған жоқ.
–
Ал, дәл осылай болу үшін істелуге тиістің бәрін істеп жатырмыз ба?
–
Жоқ! Өйткені, мектеп бағдарламасынан қисын (логика) мен ойды дамытатын,
абстрактылы ойлауға баулитын геометрия пәні түсіп қалып барады. Геометрия
есебін шешуге теңдеу құрып үйренген адам мен үйренбеген адамның ойлау қабілеті
екі түрлі қалыптасады.
–
Осы жерде оқулықтар жайлы әңгіме ете кетсек, Антонов, Выгодскийлердің
оқулықтары жоғары мектептерде қалды ма?
–
Иә, бар. Қолданыста.
–
Ал, Ларичевтің «Алгебрасы» математикадан әлемдегі ең озық мектеп оқулығы деп
танылған дейді. Рас па?
–
Білмедім... Бірақ, жалпы Кеңес Одағындағы оқулықтардың әлемдегі алдыңғы қатарлы
оқулықтар болғанын елдің бәрі айтады. Оның негізін салған мықты ғалымдар
болатын. Ал, бүгін біздің өміріміздің барлық негізін шенеуніктер салып жатыр...
Ғылым Академиясы шет қалды. Шеттетілді. Білімді басқарып отырған кім?
Шенеуніктер.
–
Сіздердің дауыстарыңыз естіле ме?
–
Естілмейді! Шынына келгенде білім ісінде басты рөлді біз, ғалымдар ойнауымыз
керек еді.
–
Кешіріңіз, Михаил Ломоносов та басында тек ғалым еді. Білімнің сапасы үшін
күреске кейін араласты. Жалғыз күресемін деп 54 жасында «жанып» кетті... Қайда
біздің жеке батыр «ломоносовтарымыз»?
–
Мен қалай күресерімді көз алдыма елестете алмаймын... Кезінде ұзақ уақыт Білім
министрлігінің математика бойынша эксперттік комиссиясын басқардым. Диссертация
атаулы менің қолымнан өтті. Ықпал етерліктей мүмкіндік болды менде. Бірақ,
жоғары жаққа хатты қанша көп жазғаныммен, сол ықпалымды байқамадым... «Ғылымды
қалай бағалау керек?» деген сұрақ – жалпыжаһандық сұрақ. Әрбір ғалым өзін
керемет көреді. Әлемде жаңа велосипед ойлап табудың қажеті жоқ – ғалым еңбегін
шынайы бағалау жұмысы жолға қойылып қойған. Түрлі коэффициенттер бар. Бірақ,
басты көрсеткіш – баспасөзде жариялануыңыз. Ол нені білдіреді? Сіз жақсы ғылыми
мақала жаздым деп санайсыз. Оны журнал осы мәселемен айналысып жүрген белгілі
ғалымдарға жібереді. Олар сыни пікір (рецензия) жазады. Оң баға алсаңыз –
жұмысыңыздың бағаланғаны.
–
«Адами фактор» басты рөл ойнап кетпей ме? Қай елден екендігіңіз, ұлтыңыз,
атыңыздың беймәлімдігі, т.т.
–
Әрине, ондай мәселелерді де жоққа шығаруға болмас. Бірақ, салмақты болса,
дәлелдеріңіздің қанаты қиылмайды. Себебі, эксперттер – танымал тұлғалар. Олар
ғылымдағы өз атын, өз абыройын сатпайды. Қиянатқа бармайды. Шынайы бағасын
береді. Оң баға алған жұмысыңыз жарияланады. Сіз мойындала бастайсыз. Мен өз
ұсыныстарымда нақ осыны ескерейік дедім.
–
Не өзгерді?
–
Он жылдан аса күрестім. Түптің түбінде өзгеріс жетті бізге де. Евразия ұлттық
университетіне жас ректор – Б.Әбдірайымов келді. М.Өтелбаев, Ы.Ойнаров үшеуміз
оған кіріп, ғалымдарға жарияланымы үшін сыйақы берейік дедік. Ол мақұлдады.
«Министрлікке қарамай, өзім ендіре беремін» деді. Ректор болып аз уақыт істеді,
бірақ аса маңызды мәселенің тоңын сетінетіп беріп кетті. Біздің бастаманы ҚазҰУ
қолдады. Министрлік содан кейін барып қимылдады.
–
Бұрын біліммен, ағартумен айналысатын 3 министрліктің, ғылыммен айналысатын
Ғылым Академиясының орнына жалғыз министрлік келді...
–
Мен де ағарту (білім) мен ғылымды біріктірген дұрыс емес деп білемін. Жоғарғы
білім мен ғылымды қосуға болады.
–
Ресей мен Қазақстан ғана бір шектен шығып екінші шекке ұрынады да жүреді. Ал,
біз теңескіміз келетін, мәселені шешуді бір қалыпқа түсіріп қойған Батыстың
үлгісі қандай?
–
Батыста өте маңызды «ғылыми әдеп» деген ұғым бар. Шығармашылық ұрлыққа жол
берілмейді. Ондай ұрлықпен бір рет ұсталған адам «қара тізімге» алынады. Енді
оған грант алу деген жоқ. Бізде әлі ондай емес... Тек біз, математиктер мұндай
бәледен тазалаумыз, одан сәл жоғары тұрмыз. Ал, басқа, ақпараттану деген сияқты
салаларда өте жаман.
–
Ғылым мен өнерде, әсіресе, жабық қоғам болғаны себепті ғылымда көре алмаушылық,
аяқтан шалу өте қатты дамыған десіп жатады...
–
Математикада бөлекше деген себебім, бізді құтқарып жүрген ғылыми семинарлар.
Соған қатысып, бәсекелесіңе қатесін ашық айтуыңа мүмкіндік бар. Сенікі қате
болса, онда тұрған ешқандай трагедия жоқ. Кезінде Мұхтар аға Өтелбаев Мәскеуде
осындай қателерді табумен аты қатты шыққан болатын. Оның аяғы бірлесіп қатені
жөндеуге, түптеп келгенде, бірлесе жұмыс істеп, нәтижелі еңбек жазуға әкелетін.
Мысалы,
Карлссон теоремасы деген бар. Соның шешімін ұсынған автордың еңбегін ММУ
(Мәскеу мемлекеттік университеті) талқылау үшін бір жыл бойы семинар жүргізумен
болды. Ақыры, дұрыс шешілген деген түйін жасалды.
–
Сіздің өзіңіздің алдыңызда математика мен физиканың қайсысын таңдасам екен
деген таңдау тұрды ма, тұрмады ма?
–
Сырттай ұқсас көрінгенмен, ол екеуінің айырмашылығы өте үлкен. Физикада
теориядан бөлек эксперимент бар. Олар он-он бес рет бір нәтиже алады-дағы
«міне, заң!» деп шығады. Эксперимент олар үшін дәлел. Математиктер үшін бұл
дәлелдегенге жатпайды.
–
Заңдылық жатпаса, қашан дәлелденген болып саналады?
–
Қашан оның теориясы жасалып, ол дәлелденіп, аксиомаға айналғанда.
–
Менің миым қабылдай алмай қойған бір нәрсе бар. Біздің кезімізде математика,
өзіңіз айтқандай, ойлауға үйретуші еді. Сол үшін ауызша да, жазбаша да
емтиханда есеп шығаратынбыз. Қазір «есептің жауабы мына төрт нұсқаның біреуі,
соны таңда» дейді. Есеп шығаруға уақыт берілмейді! Математика мен физиканың
есебін соғыстың қай жылы басталғаны секілді қалай таңдауға болады?
Сұрақтың
жалғасы – Ресейде жалғыз ММУ-да есеп шығаратын ескі тәртіп сақталыпты. Бізге де
сол жолмен жүруге не кедергі?
–
Дұрыс айтасыз! Бізде, ММУ-дың филиалында бәрі бұрынғыша, әлі жазбаша, ауызша
емтихан бар. ММУ-дің түлегі әрқашан сұранысқа ие. Әлемнің кез келген
бұрышындағы ғылыми орталықтан сіз міндетті түрде оларды кездестіресіз.
–
Сол Батыста жоғары оқу орнына қабылдау жүйесі ескіше, емтихан арқылы өте ме,
жоқ әлде тестілеу арқылы өте ме?
–
Шынын айтсам, анық білмеймін. Бірақ, оларда тестілеудің өзі басқаша, қабылдау
жүйесі эссе мен тестілеудің ортасында.
–
Осыдан келіп, біздің қазақтың ғылыми математика мектебі қалыптасқан ба,
қалыптасса бүгін қандай күйде деген сұрақ туады.
–
Қазақстанда ғылыми математика мектебі бар! Оның қалыптасуына үш мектеп – Мәскеу,
Новосибирск және Киев математика мектептері ықпал етті, әлі де ықпал етуде. Осы
үш бағыт өкілдері бүгін де жұмыс істеп жатыр. Мені қуантатын нәрсе, соңғы кезде
математик жастардың қуатты тобы өсіп келеді. Тоқсаныншы жылдары бізде ештеңе
қалмай жойылып кете ме деген қауіп болған еді. Сіз келгенде қасымда отырған
Қуаныш Бекмағанбетов – солардың бірі. Ғылым докторы.
–
Ал, ұрпақтар арасы үзіліп қалған жағдай болған жоқ па?
–
Болды!.. Дегенмен, жалғасып кетті. Біздің бұрынғы ғылыми кадрларды даярлау
жүйемізге қарағанда маған сол Батыстың жүйесі парасаттылау, жетелілеу көрінеді.
Неге? Бізде қашан докторлық дәреже қорғамай, сіз аспиранттарға, жобаларға
жетекшілік жасай алмайтынсыз. Тек 40, дәлірегі 50 жасқа жақындағанда ғана сіз
оны қорғайсыз. Сонда ғана өз бетіңізбен жұмыс істей аласыз. Ал, мынау «пижди
докторы» сізге сол мүмкіндіктің бәрін береді. Яғни, сіздің барлық ішкі
әлеуетіңіз, күшіңіз қайнап, ынтаңыз жанып тұрған жаста ашылады деген сөз. Бәрі
енді өз қолыңызда! Тек енді нағыз ғалым екеніңізді бір рет ғылыми кеңесте
қорғау арқылы емес, жұрттың бәрінің кімнің кім екені анықталатын баспасөзде
жариялану арқылы тұрақты түрде белсенділікпен, тынбай жұмыс істеп дәлелдеуіңіз,
растауыңыз ғана қалады. Бұл сіздің үнемі бабыңызда болуды, өсіп отыруыңызды
қамтамасыз етеді.
–
Мұндай жағдайда біздің бұрын барлық ғылымымыз дамыған Ұлттық Ғылым
Академиямыздың орны қайда деген сұрақ туады.
–
Академия бар. Бір нәрсе істеуге талпынады. Бірақ, қызметтен бос. Қоғамдық ұйым
ретінде даусын шығаруға, пікірін білдіруге хақысы бар. Грант бөлуге қатыссам
деп басы қатуда.
–
Өндіріске байланған институттардың жағдайы қалай қазір?
–
Олар да грант алу арқылы жұмыс істейді ғой.
–
Осы грант бөлудің тағдырын шешетін кім?
–
Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті бөледі.
–
Тағы да шенеуніктер шешеді екен ғой ғылымның
тағдырын?
–
Ол жерде Ұлттық ғылыми кеңес бар. Соған мүше ғалымдар бар.
Мен өз орнымды тапқан адаммын
–
Сыртта жүрсе де мамандығы инженер болған соң ғылымға бей-жай қарамайтын адам
ретінде байқағаным, Ғылым комитетінің басынан дау арылмайды. Мен бірде ерінбей
2003-2008 жылдарда Стратегиялық индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік
бағдарламасы аясында грант бөлінген ғылыми жобаларды қарап шықтым. Остап
Бендердікі ойыншық екен!..
–
Дұрыс айтасыз, небір күлкілі жобалар бар. Бұрын ғылыми институттың жылдық
жиналысында тақырып жетекшісі қол жеткен нәтиже жайлы есеп беретін. Кейін сол
жүйені жойды... Таза жемқорлық деген осы. Бұл өзгерісті ұсынғандар, оны қолдап
өткізгендер кімдер? Олардың аты-жөндері белгісіз. Міне, сол есеп беру тәртібін
қайта кіргізу керек.
–
Бізде ғылымға бөлінетін жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі ешқашан 0,3 пайызға жеткен
емес! Сіздер қалай, қайтіп 0,19 -0,29 пайызға күн көріп жатырсыздар?!
–
....
–
Жарайды. Сіз ғылыммен қай жерде айналысасыз?
–
Мен ММУ-дың филиалында да, ЕҰУ-да да дәріс оқимын. 2-курстан соң біз
студенттерімізді Мәскеуге жібереміз. Ғылыммен ЕҰУ-де айналысамын.
Аспиранттарым, докторанттарым бар. Жүктемем нағыз профессорлық деңгейде.
–
Дұрыс, қаржыны қайдан аласыздар деп отырмын ғой?
–
Ғылымның, оның ішінде математиканың тірі келе жатқандығының бір құпиясы мынада:
ақша бересіз бе – ғылыммен шұғылданамын, ақша бермейсіз бе – бәрібір ғылыммен
шұғылданамын! Жеке өзім шұғылдана беремін. Ақша бөлінбесе, шәкірттер тәрбиелей
алмай қаламын, міне, ең жаманы – осы! Математикаға тым көп нәрсе керек емес,
басыңда миың, қолыңда қаламың болса жетеді. Ал, физиктерге тәжірибе жасауға
лаборатория керек, аспаптар керек.
–
Ғылымдағы жағдай белгілі болды, ал, білім саласындағы, мектептегі жағдай
қандай, одан хабардарсыз ба?
–
Тұтынушы ретінде ғана хабарым бар. Ал, білетінім – абитуриенттердің деңгейі
жылдан-жылға төмендеп барады... Бұрын үздік оқушы Мәскеуге, Новосибирскіге
барып түсетін. Бізге, Қарағанды мемлекеттік университетіне, олардан таланты
кемдер келетін. Сол кемталанттардың деңгейі мен бүгінгі абитуриенттердің
деңгейін салыстыруға келмейді – айырмашылық жер мен көктей...
–
Ереке, онда біздің қаптаған ФММ (физматмектептеріміз), «Дарын», ҚТЛ
(қазақ-түрік лицейлері) секілді мектептеріміз не бітіріп жатыр?
–
Біріншіден, ғылымның беделі, мәртебесі төмендеп кетті. Мықты оқушылар
математикаға барып жатқан жоқ. ФММ олимпиадаларға дайындайды. Олар шынында да
мықты. Менің өзім де олимпиадаларда төрағалық еттім. Ол балалар бізге емес,
басқа жаққа, басқа елдерге кетіп жатыр. Басты мәселе – мектептегі жалпы білім
деңгейі төмендеп кетті. Осы өкінішті...
–
Сіз өзіңіз қайда оқыдыңыз? Нені бітірдіңіз?
–
Қарағандыда тудым. Сонда орыс мектебін, Қарағанды мемлекеттік университетінің
математика факультетін бітірдім. Аспирантураға Мәскеуге жіберді. Кандидаттық
диссертация қорғадым. Жетекшім Костюченко Анатолий Гордеевич еді. Университетке
қайтып оралдым. Мұхтарбай Өтелбаев ағамыз қолданбалы математика институтын
ашқан кезде шақырды, лабораторияға жетекшілік еттім. ММУ-дың филиалы құрылғанда
осы жақтан сұраныс түсті. Осында келдім.
–
Сіз бұл жолды саналы түрде таңдадыңыз ба?
–
Мен басында Қарағандыдағы политехникалық институтқа түскім келген. Бірақ,
сызуды өте нашар сызатын болғандықтан инженер болу туралы ойдан бас тарттым.
Бардым да матфакқа құжат тапсырдым...
–
Таңдаудан жаңылысқан жоқсыз ғой?
–
Жоқ. Ұстазымыз Исмаилов Есмұхамбет Сейдахметұлы, ақын, әнші, сегіз қырлы, бір
сырлы азамат мені студент кезден қамқорлығына алды, ғылыми жұмыстар берді.
2-курста жүргенде 4-ші, 5-курстың лекцияларын тыңдайтынмын. Мамандығым ұнайды.
Мен өмірден өз орнымды таптым. Бақытты жандардың қатарындамын.
–
ММУ-дың филиалын ашудағы түпкі мақсат не еді – оның қазақ ММУ-ның деңгейіне
өсіп шығуы ма?
–
Иә, иә. Мақсат – мықты ғылыми кадрлар даярлайтын орта жасау еді. Баста есептеу
математикасы мен кибернетика, механика мен математика және физика факультеттері
болуы көзделді. Өкінішке қарай, алғашқы жылы физиктерді жия алмадық. Оның
үстіне кейін экономфак қосылды, экология, ең ақырында филология да пайда болды.
Оның қосылуына Мырзатай Жолдасбеков ықпал жасады...
–
Филиалдың ашылғанына – 19 жыл. Аз мерзім емес. Ойларыңыз орындалды ма –
мамандар даярлайтын ұстаханаға айналдыңыздар ма?
–
Орындалды – кафедраның бәрі өз түлектеріміз. Бәрінің ғылыми дәрежесі бар.
Тіпті, лаборанттың өзі – философия докторы. Жиырма шақты адам шетелдерде PhD
докторы дәрежесін қорғады.
–
Олардың бәрі бірдей жұмысқа орналаса алды ма?
–
Ымм... Олардың көбі әлі ғылыммен шұғылданып жатыр. PhD докторлығын
қорғағандардың бәрін бірдей ұстаздыққа тарту дұрыс емес. Себебі, адам әлі жас,
оның жаңа идеясы көп, сондықтан «постдок», докторлықтан кейінгі деген ұстаным
бойынша әлемде оларға грантпен ақша төлеп, тек ғылыммен айналысуына мүмкіндік
берілген. Осы кезде олар қатты өседі. Біліктілігі аса жоғары маманға айналады.
Ал, ұстаздыққа бұдан соң даңғыл жол.
–
Ғалым еңбегінің бағалануы біз бен Батыста қалай екенін сұрамай-ақ қояйын...
Сізде де Батысқа кету деген ой болған жоқ па?
–
Жоқ. Біріншіден, Батыста қанша жерден демократия, толеранттылық болғанмен, ол
жерде сізді құшақ жая күтіп отырған ешкім жоқ... Сіз бөтен адам күйіңізше
қаласыз. Екіншіден, мұндағы табысым маған, отбасымның қажеттілігіне молынан
жетіп жатыр. Үшіншіден, қазақтың болмысы басқа. Біз мыңдаған жылдар бойына
қауымдасып өмір сүріп келген халықпыз.
–
Бізде бұрын кандидаттық сауын сиырыңыздай еді. Ғалымның табысы Батыстағыдай
болмаса, біз ұлттық идеологиясы жоқ елде жас ұрпақты ғылымға қалай тарта
аламыз? Кетем деуші жастар көбейіп келеді...
–
Ымм... Жалақысы керемет болмаса да жас ұрпақ ғылымға келіп жатыр. Ата-анасының
көмегімен болсын, үй-жай сатып алып жатыр. Бұл – әлгінде айтқан болмысымыздың
бөлектігінің дәлелі.
–
Математика біздің барлық мәселемізді шешіп бере ала ма?
–
Жоқ, әрине! Ол әлеуметтік, т.б. мәселелерді шеше алмайды. Ол тек сіздің ойлау
жүйеңіздің өзгеруіне көмектесе алады.
–
Бұл сұрақты қойған себебім, сексенінші жылдардың аяғында Явлинский-Шаталовтың
кеңес экономикасын қайта құруға бағытталған бағдарламасы болды. Ондай
бағдарлама кейін, тоқсаныншы жылдары Қазақстанда да болды. Біреулері, «ұлы
реформатор» Қажыгелдин секілді «таза нарыққа» қойып кетуді ұсынса, екіншілері,
Қытай жолымен жүруді қолдады. Күрес алғашқылардың пайдасына шешілді. Нәтижесі
көз алдымызда – етті Аргентинадан тасып жатырмыз... Бүгін ғалымдарға «экономикамызды
түбегейлі қайта құрудың ғылымға сүйенген бағдарламасын жасаңдар» десе, олар
соны істеп бере ала ма?
–
Математиктер, әрине, өз септігін тигізе алады. Бірақ, бұл мәселе тек осымен
ғана шешілмейді. Экономиканың өзінің экономикалық моделі бар да, математикалық
моделі бар. Математика экономикалық мәселелерді шеше алмайды. Ол тек шешуге
көмектесе алады.
–
Экономистер дегеніміз математиктер ғой, солай емес пе? Математикалық біліміңіз
болмаса сіз экономист бола алмайсыз. Солай ғой?
–
Міне, міне, мәселе осында – білімде. Біздің экономистер шын мәнінде экономистер
емес.
–
Кім онда олар?
–
Өйткені, оларда математикалық базалық білім жоқ! Батыста экономистер
математикалық статистика мен ықтималдық теориясын ММУ-дың мехматы деңгейінде
оқып, біліп шығады. Өте күшті негіз! Ал, Кеңес Одағында оның орнын саяси
негізбен алмастырды. Экономика бізде саясат негізінде дамыды, Батыста
математика негізінде дамыды.
–
Ол математика негізінде дамуға тиіс қой, солай емес пе?
–
Әрине, тек солай дамуы тиіс болатын. Тіпті, қазір ММУ-дың өзінде экономфактағы
математика бірте-бірте азайып барады. Басқа жер жайлы сөз жоқ. Дэн Сяо Пин –
нағыз реформатор сол! КСРО да сол Дэн Сяо Пиннің жолын таңдағанда бәрі басқаша
болар еді.
Ғылым бір өзі ешнәрсе істей алмайды
– Неге Америка «айға қонамыз!» деді ме, қона алады. 1979
жылы көлемі жағынан 7-орындағы Қытай экономикасы әлем алдына шығамыз деді ме –
шыға алады, біз неге солай ете алмаймыз?
–
Бұл жерде ғылым бір өзі ешнәрсе істей алмайды. Өндіріс те, қоғам да соған сай
болуы тиіс. Жеке адам мен мемлекеттің талап-тілегі бір жерге тоғысуы, бір
арбаға қатар жегілуі тиіс. Кеңестік ғылым өте жоғары дамыған еді ғой. Тек
бастама қолдау таппайтын. Оны айтасыз, жазаланатын! «Инициатива – наказуема!»
деген мәтел де тудырған заман ғой ол. Дэн Сяо Пин болса халықтың бастамасына
кең жол ашты. Математикаға алгоритм шеңберін кигізу қандай кесірлі болса,
есепті шешудің көп жолы болмайды, бір жолы ғана болады деп алгоритмдендіруге
ұрыну қандай қатерлі болса, адам әлеуетін сыртқа шығармай тежеу, сол үшін жазалау
– одан да зиянды. Қытай қазір ғылымды, математиканы ерекше дамытуда!
–
Америка математикалық қоғамы шығаратын 16 ғылыми журнал негізінде түзілетін
әлем математиктерінің рейтингі бар ма?
–
Иә, ол қоғамның журналдары бар. 16-дан да көп шығар. Жалпы, ғылыми журналдар
кейбір коэффициенттермен – Q-1, Q-2, т.т. болып кете сараланады. Әлгі журналдар
негізінен Q-1, Q-2 санатына кіреді. Рейтингі жасала ма, жоқ па, ол жағын
білмедім.
–
Мұхтарбай, Тынысбек ағалар (Қалменов) «рейтинг бар және соның 3 пайызын қазақтар
алып жүр» дейді.
–
Ол кісілер айтса, біледі. Нағыз мақтаныш тұтуға болар дерек екен!
–
Мемлекетті қанша дегенмен дамытатын техника мен технология ғой. Ал, бұл
екеуінің негізінде математика жатыр. Математика мен техника-технологияны дамыту
үшін не істеуіміз қажет?
–
Бақытжан Жұмағұлов министр болып келгенде ғылыми жобаларды шетелдік ғалымдарға
саралауға жіберуді, соның негізінде гранттық қаржыландыруды енгізді.
Математиктер қолына тұңғыш рет ақша алды. Сол аз жылдың өзінде көп жұмыс
істелді. Сондай-ақ, ол шетелдік ғалымдарды лекция оқуға шақыру ісін де қолға
алды. Кей жерде «ет жеумен» жүргендер де болды, ал, математиктер оны жақсы
пайдаланды. Кейінгі кезде бұл іс сәл тоқырай бастады... Алайда, жастарымыз ірі
ғалымдармен таныса бастады. Маған ғана емес, сол ғалымдармен жалғасты.
Шетелдерге барып қорғап жатты.
–
Демек, шетелге мыңдап жіберіп оқытқаннан, І Петрдің жолымен ұстаздарды жүздеп
шақырған дұрыс дейсіз ғой?
–
Әрине! Екінші жағынан, бұл жақта да тиісті орта болуы тиіс. Олар келгенде өзін
түсінетін, ойын іліп әкететін жастарға лекция оқуы керек ғой!
–
«Болашақты» оқып келу арқылы сіздердің саптарыңызға қосылғандар бар ма?
–
Мен ондайларды әлі кездестірген жоқпын.
–
Біздегі ММУ филиалы қазақтың ең алдымен математиктерімен әйгілі болатын өз
университетіне айналады деген сеніміңіз бар ма?
–Жақын
болашақта айнала қояды деу қиын.
–
Сұхбатты неден бастасақ, сонымен аяқтайық. Мемлекет ғалымдарға жердегі жұмақты
жасап беріп, «енді сіздер бізге атом бомбасын жасап беріңіздер» деген Сталин
секілді тапсырма қойса, оны орындап шыға аласыздар ма?
–
Нақты ғылыми мәселені шешуге болады. Ал, бүгінгі таңдағы оның ең бастысы –
жасанды зият, жасанды зердені қолға алу.
–
Таратыңқырап айтыңызшы, оқырмандарға түсініктілеу болсын.
–
Ол дегеніміз өзін-өзі оқытып, дамытып кете алатын жүйе. Адамның миы қанша
жерден керемет болғанымен, ол көлемді базаларды игеріп кете алмайды. Ал,
жасанды зерде – игеріп кете алады. Болашақ – сонікі. АҚШ, Еуропа, Жапония,
Қытай, бәрі сол бағытта аянбай жұмыс істеп жатыр.
–
Біз ше? Бізде бірнәрсе істесек деген талпыныс бар ма?
–
Біз... Сұрайсыз-ау сіз де!
–
Қазақстанның болашағына деген сенім бар ма сізде?
–
Сенім болмаса жұмыс істер ме едім?..
–
Жұмысты сіз инерциямен де істей бересіз. Инерциямен матфакқа оқуға түскен
секілді.
–
Сенім жоқ, үміт бар. Сенімнің болмауы Қазақстанға емес, жасанды интеллектке
қатысты. Ол өте қорқынышты нәрсе. Эксперименталды физика, химия деген болмайды,
бәрін жасанды зерде істейді. Қорқыныштылығы – жасанды зерде көп адамның жұмысын
бір өзі істеп, жұмыссыздықтың күрт көбейетінінде. Соны сезген Қытай жұмыс
сағатын, жұмыс күнін, зейнетке шығар жасты азайтып жатыр. Математиктер үшін ең
басты мәселе – осы іске араласу. Ол дамыған сайын адамдарды мыңдап, жүз мыңдап
алмастыра беретін болады.
–
Қараңызшы, мен неше жылдан бері қанша ғалымнан сұхбат алдым, ешкім бұл жайлы
айтпаған еді... Бізде бұл мәселені ешкім ойланып та жүрген жоқ-ау.
–
Ал, дәл сол кезде жеке компаниялар шахмат ойнай алатын ЖЗ жасады. Ол жақсы
ойнауды бір-ақ күнде үйреніп алды. Артынша шахматтан әлем чемпионы компьютермен
ойнады. 100 партияның 52-ісін жеңіп, 1-ін тең аяқтады. Анау – тек шахмат
ойнауға арналып жасалған, Каспаровпен, басқалармен ойнаған, көбін жеңген
компьютер. Мынау – өзін-өзі оқытып, үйретуге ғана арналған компьютер! Тек
шахматта ғана емес, қай салаға салсаңыз да нәтиже енді біреу болады! Алғашқы
адым бұл. Он шақты жылдан кейін не боларын ойлаңызшы?!..
–
2005 жылы Мұхтарбай ағадан «біз кешікпеген бір сала қалды ма?» деп сұрағанымда
«роботтандыру қалды» деп еді, көріпкел екен ғой... Былтыр сұхбат алғанда «қай
мәселе қатты толғандырып жүр?» десем, не жауап бергенін білесіз бе? «Қытайды
әскери тұрғыда қалай жеңуге болатыны» деді. «Қалай жеңеміз?» десем, «әр қазақта
бір мини-истребитель болуы керек» дейді. Минимиландыру дәуірі, оны істеуге
болады-ау деп қалдым...
–
Мұхаң расында да ғұлама адам... Дегенмен, истребительден басқа да жолын іздеу
керек шығар...
–
Екі алыптың ортасында отырған Қазақстанды аман алып қалар жалғыз жол математик
Асқар Жұмаділдаев неше жылдан бері шырылдап жүргендей (оған біз де, басқалар да
үн қосуда) – білім жолы, техника мен технология жолы екеніне тағы бір рет көз
жеткіздік. Іздесеңіздер – табасыздар. Оған күмән жоқ. Ең талантты, ең дарынды
ұлттың ұлдарысыздар. «Ізденген жетер мұратқа». Сол мұраттарыңызға жетулеріңізге
тілектеспін!
–
Сау болыңыз! «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырмандарымен дидарласқаныма мен
де қуаныштымын!
Сұхбаттасқан
Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik
Qazaqstan».