Ғылым мен өндіріс байланысы – дамудың жаңа көкжиегі
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің
басқарма төрағасы-ректоры:
– Мұхтар Әділбекұлы, бүгінде жоғары оқу орындары мамандар даярлап қана қоймай, жаңалық ашатын, білім көкжиектеріне тереңдеп бойлайтын ғылыми орталыққа да айналды. Осы ретте сіз басқарып отырған университетте нендей жұмыстар, ілкімді ізденістер бар?
– Рас айтасыз, қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен адами капиталдың сапасымен, ғылым мен технологияның даму деңгейімен және жоғары білім беру жүйесінің әлеуетімен айқындалады. Білім экономикасы үстемдік құрған бүгінгі кезеңде университеттердің миссиясы да жаңаша сипат алып отыр. Ендігі жерде жоғары оқу орындары тек кәсіби маман даярлайтын білім беру ұйымы ғана емес, ғылыми жаңалықтар ашатын, инновациялық шешімдер ұсынатын, технологиялық дамуға серпін беретін және қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды орталыққа айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын» деп атап өтті.
Осы тұрғыдан алғанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің даму бағыты да ғылым мен білімнің сабақтастығын қамтамасыз етуге, ғылыми-зерттеу қызметінің тиімділігін арттыруға, халықаралық академиялық кеңістікке шығуға және сапалы адами капитал қалыптастыруға негізделеді.
Университеттің басты мақсаты – қалыптасқан академиялық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи зерттеу мәдениетін дамыту, ғылыми жаңалықтарды өндіріспен ұштастыра алатын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары білім ордасын қалыптастыру. Бұл ретте біз үшін ең маңыздысы – атқарылған жұмыстың сандық көрсеткіштері ғана емес, оның білім сапасына, ғылыми нәтижелерге және қоғамның дамуына тигізетін нақты әсері. Зерттеу университетінің басты ерекшелігі – білім беру үдерісінің ғылыми ізденістермен тығыз байланыста болуы. Сондықтан ғылымды дамыту, зерттеу инфрақұрылымын жетілдіру, ғылыми кадрлардың әлеуетін арттыру және жас ғалымдарды қолдау университет қызметінің негізгі басымдықтары болып саналады.
– Ендеше, ғылымды қаржыландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталсаңыз.
– Ғылыми қызметтің ауқымын кеңейтуде қаржыландырудың тұрақтылығы өте маңызды. Былтыр университетте жалпы құны 2,5 млрд. теңге болатын 75 ғылыми жоба және коммерцияландырудың 4 жобасы орындалды. Оның 745,7 млн. теңгесі коммерцияландыруға бағытталды. Биыл қолданыстағы жобалар бойынша 1,77 млрд. теңге бекітіліп, қосымша 3,2 млрд. теңгеге жаңа өтінімдер әзірленді. Бұл қаражат толық көлемде игерілген жағдайда, ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемін шамамен
5 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік туады.
Университеттің ғылыми инфрақұрылымына 4 ғылыми-зерттеу институты, 5 ғылыми орталық, 1 ғылыми-өндірістік орталық және 15 ғылыми-зерттеу зертханасы кіреді.
2025 жылғы жобаларды орындауға 415 маман, оның ішінде 11 шетелден 19 ғалым қатысты. Мұндай әріптестік зерттеулердің сапасын жақсартуға және ғылыми нәтижелерді халықаралық деңгейде талқылауға мүмкіндік береді.
Университет ғалымдары Қазақстан Республикасының 80 патенті мен 550 авторлық құқықтық куәлігіне ие. Соның ішінде 2026 жылы 30 патент пен 300 авторлық құқық куәлігі алынды. Сонымен қатар 54 монография, 257 оқулық пен оқу құралы жарық көрді. Бұл нәтижелер оқу ордасының білім беру мазмұнын байытумен қатар, жаңа технологияларды әзірлеуге негіз болып отыр.
Университетіміз үшін маңызды жаңалықтардың бірі – математика ғылымы бойынша жаңа диссертациялық кеңестің ашылуы. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2026 жылғы 16 қазандағы №731 бұйрығына сәйкес «Математика және статистика» даярлау бағыты бойынша «Математика» білім беру бағдарламасы аясында докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес құрылды.
Алдағы уақытта ғылыми жобалардың нәтижелілігін арттыруға, іргелі және қолданбалы зерттеулердің аясын кеңейтуге, өндіріс орындарымен байланысты нығайтуға және ғылыми жетістіктерді экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағыттауға басымдық береміз.
– Мұхтар Әділбекұлы, енді ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, кәсіп-
орындармен, зауыттармен байланыстарыңыз жөнінде таратып айтып берсеңіз.
– Университет үшін ғылыми-зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта 2022 жылдан бері бизнес-серіктестермен бірлесіп, жалпы құны 2,5 млрд. теңгеден асатын коммерцияландырудың 7 жобасы игерілді. 2026–2028 жылдарға арналған конкурсқа тағы 6 жоба ұсынылды. Оларды іске асыруға серіктестер өз қаражаттары есебінен 533 млн. теңге салуға дайын. Бұл – бизнес тарапынан университет әзірлемелеріне деген сұраныстың нақты көрінісі.
Қазір өндіріске енгізуге 75 патенттен тұратын технологиялар портфелі дайын тұр. Онда тамақ өнеркәсібі, құрылыс, химия, энергетика, көлік және су тазарту салаларына арналған шешімдер бар. Мәселен, ет чипсыларын кептіру уақытын 32 сағаттан 9 сағатқа дейін қысқартатын технология, жылу электр стансаларының ұшпа күлінен ұялы бетон алу тәсілі, кремнийді төмен температурада тазарту әдісі, бір мезгілде алты және одан да көп электр көлігін қуаттайтын станса және табиғи цеолит негізіндегі сорбент өндіру технологиясы ұсынылады.
Ғылыми әзірлемелерді кәсіпорындарға берудің бірнеше үлгісі қарастырылған: лицензиялық келісім жасау, роялти төлеу арқылы пайдалану құқығын беру, патентті сату және бірлескен кәсіпорын құру. Әр технологияның артында ғалымдардың көпжылдық еңбегі, тәжірибелері мен сынақтары тұрғандықтан, зияткерлік меншікті қорғау және оны пайдаланудың өзара тиімді шарттарын белгілеу маңызды. Мұндай келісімдерден түсетін қаражат жаңа зерттеулерге және авторларды материалдық қолдауға бағытталады.
– Енді отандық өнім көлемін арттыру, бұл үшін өзімізде жасалған техникаларды пайдалану барысына тоқталсаңыз.
– Ғылыми жобалардың іс жүзіндегі тиімділігін импорт алмастыруға бағытталған жұмыстардан көруге болады. Еліміздің мақта кластеріне жыл сайын шамамен 3 мың тонна тұқым қажет. Ал, отандық өндіріс сұраныстың 40 пайызын ғана өтейді. Осыған байланысты «Ақ алтын» корпорациясымен бірлесіп, Жетісай ауданындағы цехты университет ғалымдары әзірлеген машиналармен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – тұқым дайындау технологиясын жетілдіріп, жергілікті өндірістің мүмкіндігін кеңейту.
«QAZZAT» ЖШС-мен бірлесіп стирол- акрил дисперсиясы мен отқа төзімді бояу өндірісін іске қосу және Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығына арналған УМНО-4/1 әмбебап құралы бір машинамен төрт операцияны орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл Alaqan биометриялық терминалдарын жергілікті жерде құрастыруды бастау жоспарланған. Осы жобалардың түпкі нәтижесі отандық өнім көлемінің артуымен, жаңа жұмыс орындарының ашылуымен және кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндігінің кеңеюімен өлшенеді.
Экологиялық міндеттерді шешуге бағытталған зерттеулер де осы жұмыстың құрамдас бөлігі. Фосфогипс, ферро-хром өндірісінің қалдықтары, жылу электр стансаларының күлі мен мұнай шламдарын қайта өңдеу технологиялары қалдықтарды жаңа өнімнің шикізатына айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіп- орындардың экологиялық жүктемесін азайтып, ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады.
2027–2029 жылдарға арналған ғылыми-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Шымкент – Бастау» экожүйесін қалыптастыру көзделген. Оның міндеті – мемлекеттік қаржыландыруды, бизнес сұранысын, факультеттер мен зертханалардың ғылыми әлеуетін бір арнаға тоғыстыру.
Біз кәсіпорындармен бірлескен ғылыми-қолданбалы жобалар санын 40-тан 80-ге дейін арттырып, коммерцияландырылған әзірлемелер санын жылына 10-нан 20-ға жеткізу және жылына 250-ге дейін патент пен қорғау құжатын алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қолданбалы жобалардағы жеке сектордың қаржыландыру үлесін 20 пайызға жеткізу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тартылатын бюджеттен тыс қаражатты екі есе арттыру, қолданыстағы құрал-жабдықтардың төрттен біріне дейін жаңартуды көздеп отырмыз. Осы бағытта университет әзірлемелері негізінде компаниялар мен ұжымдарға арналған зертханалар ашу, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға жәрдемдесу қызметтері де бар.
– Халықаралық ынтымақтастық әлемдік білім кеңістігіне шығудың бірден-бір кепілі. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде не дер едіңіз?
– Қазіргі жоғары білім жүйесінде халықаралық әріптестік университеттің академиялық беделін арттырып қана қоймай, білім беру мазмұнын жаңартуға, ғылыми-зерттеулердің сапасын көтеруге және отандық білім беру жүйесіне озық тәжірибелерді енгізуге жол ашады. Осы бағытта ОҚЗУ ұжымы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Осындай жобалардың бірі ретінде АҚШ-тың Arizona State University-мен жүзеге асырылып жатқан Honors College жобасын айтуға болады. Аталған жоба аясында «Информатика» бағыты бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасына 43 талапкер мемлекеттік білім беру гранты негізінде қабылданды.
Бұл бастама студенттерге халықаралық академиялық тәжірибені меңгеруге, заманауи білім беру технологияларын игеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация қарқынды дамып жатқан кезеңде мұндай бағдарламалардың маңызы зор.
Университеттің халықаралық білім кеңістігіндегі тартымдылығы шетелдік білім алушылар санының көбеюінен де байқалады. Бүгінде университетімізде 885 шетелдік студент білім алып жатыр, ал, Foundation дайындық курстарына 104 тыңдаушы қабылданған. Бұл көрсеткіштер университетіміздің халықаралық білім беру нарығындағы әлеуетін және шетелдік талапкерлер үшін қалыптасып келе жатқан тартымдылығын аңғартады.
Сонымен қатар университетке әлемнің ТОП-500 университеттерінен 12 ғалым дәріс оқуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және академиялық ынтымақтастықты дамытуға тартылды. Мұндай тәжірибе білім алушыларға халық- аралық ғылыми мектептердің жетістіктерімен танысуға, ал, профессор-оқытушылар құрамына жаңа зерттеу әдістері мен білім беру тәсілдерін игеруге мүмкіндік береді.
Халықаралық ғылыми әріптестіктің тағы бір маңызды бағыты – Қытайдың Donghua University-мен бірлесіп, халықаралық тоқыма ғылыми-білім беру зертханасын құру жөніндегі келісім. Тараптар құны 2 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұл бастама тоқыма және жеңіл өнеркәсіп саласындағы ғылыми-зерттеулерді дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге, инновациялық материалдар әзірлеуге және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Әсіресе, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін көтеру жағдайында мұндай ғылыми зертханалардың практикалық маңызы ерекше.
Университеттің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтудегі тағы бір жетістігі – Жапонияның Eurasia Foundation (from Asia) қорының грантын жеңіп алуы. Жоба аясында шетелдік сарапшылардың қатысуымен студенттерге арналған арнайы оқу курсы ұйымдастырылады. Бұл білім алушылардың халық- аралық тәжірибесін кеңейтіп, мәдениетаралық коммуникация мен академиялық білім деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Халықаралық ынтымақтастық университетіміздің екіжақты байланыстарымен ғана шектелмейді. Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан–Бельгия ректорлар форумына қатысуымыз жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты.
Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылған бұл форум екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды дамытуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды алаң болды.
Сонымен қатар университетімізде Дебрецен қаласының мэрі Ласло Папп бастаған Мажарстан делегациясымен мазмұнды кездесу өтті. Кездесуге Дебрецен университетінің проректоры, профессор Карой Петё бастаған академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Шымкент пен Дебрецен қалалары арасындағы бауырластық байланыстарды дамыту, жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Нәтижесінде екі университет арасында ұзақ мерзімді академиялық және ғылыми әріптестікті дамытуға бағытталған ниеттер туралы келісімге қол қойылды.
Халықаралық байланыстардың қолданбалы бағыты технологиялар трансферімен де толықтырылуда. Еуропалық және азиялық серіктестермен су технологиялары бойынша Smart Water халықаралық ғылыми-білім беру хабын және қос дипломды бағдарламалармен ұштастырылған экологиялық таза әрі зияткерлік тоқыма өндірісі зертханасын ашу жөнінде уағдаластық бар. Өзбекстан ғалымдарымен бірлесіп әзірленген мақта тұқымын дайындау желісінің Бұхара облысында енгізілуі – екіжақты технологиялар трансферінің нақты мысалы.
Сонымен бірге жалпы көлемі шамамен 1,6 млн. еуро болатын екі Erasmus+ жобасы іске асырылуда, ал, студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы 28 елге барады. Мұндай ынтымақтастық озық тәжірибені меңгерумен қатар, технологияларды жергілікті өндіріс жағдайына бейімдеуге мүмкіндік береді.
Мұндай халықаралық байланыстардың түпкі мақсаты – университеттің білім беру және ғылыми қызметін әлемдік стандарттарға жақындату, бірлескен зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты дамыту және отандық ғылыми жетістіктердің халықаралық деңгейде танылуына жағдай жасау.
Ғылым мен жоғары білімнің дамуы, ең алдымен, сапалы адами капитал қалыптастырумен өлшенеді. Сондықтан университет қызметінің негізгі бағыттарының бірі – студенттерге заман талабына сай білім беріп, олардың кәсіби және тұлғалық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік жасау.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».