«Бюджеттің әрбір теңгесі халық игілігіне жұмсалуы тиіс»
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали ӘЛІМҚҰЛОВ:
Экономикалық өсімнің шынайы нәтижесі халықтың тұрмысынан көрінуі керек. Осы ұстанымды негізге алған Төлеби ауданында Президенттің жақында жариялаған Жолдауында айтылғандай, өндірісті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жақсарту және туризмді өркендету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жуырда біз аудан әкімі Еркеғали ӘЛІМҚҰЛОВПЕН сегіз айдың қорытындысын саралап, шешімін күткен мәселелер мен алдағы жоспарлар жөнінде сұхбаттастық.
– Еркеғали Амантайұлы, әңгімемізді ауданның биылғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастасақ. Негізгі көрсеткіштер қандай? Оң өзгерістер бар ма?
– Биылғы сегіз айдың қорытындысы аудан экономикасында оң өзгерістер бар екенін көрсетіп отыр. Әсіресе, бюджет кірісінің өсуі, өндіріс көлемінің артуы және құрылыс саласындағы қарқын көңіл қуантады.
Алдымен, ауданның өзіндік кірістеріне тоқталайын. Есепті кезеңге 7,2 млрд. теңге жоспарланған еді. Нақты түсім 8,1 млрд. теңгеге жетті. Осылайша, жоспар 884 млн. теңге немесе 12,3 пайыз артығымен орындалды. Өсім қарқыны 113,5 пайызды құрады. Салыстыра қарасақ, ауданның өзіндік кірістері 2024 жылы 7,6 млрд. теңге, ал, 2025 жылы 9,6 млрд. теңге болған. Биыл бұл көрсеткішті 11,1 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Бюджет кірісінің өсуі, әрине, маңызды. Бірақ, одан да маңыздысы – сол қаржыны халықтың игілігіне жарату. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғанындай, «Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені, бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру» деген еді. Сондықтан шығыстардың басым бөлігін тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға және тұрмыс сапасын арттыруға бағыттап отырмыз.
Аудан экономикасының жай-күйін көрсететін негізгі өлшемнің бірі – жалпы өңірлік өнім. Биыл сегіз айда оның көлемі 118,6 млрд. теңгеге жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,4 млрд. теңге артық.
Құрылыс саласында да ілгерілеу бар. Жыл басынан бері 9,1 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары орындалды. Нақты көлем индексі 119,4 пайызға жетті. Осы кезеңде 30,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының нақты көлем индексі 125,4 пайызды құрады. Мұның бәрі аудандағы экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын аңғартады.
– Әкімдердің жұмысы экономикалық өсіммен қатар, жоспарлы көрсеткіштердің орындалуына қарай да бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, қай салаларда қиындықтар бар? Кемшіліктердің негізгі себебі неде?
– Ауданымызда жалпы оң динамика қалыптасып, негізгі бағыттар бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалды. Тіпті, кейбірінде межеден жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 51,7 млрд. теңгені, құрылыс жұмыстары
9,1 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға 25,7 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Жұмыспен қамту саласында да жоспардан жоғары нәтиже бар. «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында биыл 3 958 адамды жұмыспен қамту жоспарланған еді. Қазір бұл межеден асып, 3 999 жұмыс орны ашылды. Оның 2 875-і – тұрақты, 1 124-і – уақытша жұмыс орны.
Қазіргі таңда ауданда 2 328 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмыссыздық деңгейі – 4,6 пайыз. Жастар арасындағы бұл көрсеткіш 3 пайызды құрайды. Ал, NEET санатындағы, яғни жұмыс істемейтін және білім алмайтын жастар саны – 415 адам.
Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында ауданда 600 жұмыс орнын құру көзделген болатын. Нәтижесінде 1 113 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.
Дегенмен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Соның ішінде халықты ауыз сумен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын көбейту және инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру маңызды міндеттердің қатарында тұр.
– Өндіріс көлемін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту да әкімдік жұмысының басты көрсеткіштері. Осы бағытта қандай істер атқарылып жатыр?
– Дұрыс айтасыз. Экономикалық өсімнің нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмысынан көрінуі керек. Сондықтан жаңа өндірістер ашу, инвестиция тарту, тұрақты жұмыс орындарын көбейту және тұрғындардың табысын көбейтуге басымдық беріп отырмыз. Жүзеге асып жатқан жобаларымыз да бар. Мәселен, 2025 жылы ауданда жалпы құны 1,5 млрд. теңге болатын «KazPlast» ЖШС-нің тігін фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорын жылына 90 мың дана қысқы арнайы жұмыс киімін шығарады.
Биыл жалпы құны 4 млрд. теңге болатын екі ірі инвестициялық жобаны іске қосып,
19 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар ауданның инвестициялық әлеуетін күшейту жұмыстары жалғасуда. Киелітас ауылдық округінде 14,5 гектар аумақта «Төлеби» индустриалды аймағы құрылды. Бұл жаңа кәсіпорындар ашуға және өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
– Төлеби ауданында ауыз су мәселесі әлі де толық шешілген жоқ. Бұған қатысты тұрғындардың шағымдары да аз емес. Бақырауық бұлағының суын пайдаланатын 12 елді мекеннің халқы сапалы ауыз суға қашан қол жеткізеді?
– Халықты сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамту – аудан әкімдігінің күн тәртібіндегі басым бағыттарының бірі. Қазір бірнеше елді мекенде су жүйелерін жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр 12 елді мекеннің су жүйелерін ағымдағы жөндеуге облыстық бюджеттен 626 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Диқанкөлдегі су құбырының құрылысын аяқтауға 64 млн. теңге бағытталып, жұмыс толық аяқталды. Бұл жобаның жалпы құны – 637 млн. теңге. Биыл Абай мен Ақбастау елді мекендеріндегі су құбыры құрылысына 550 млн. теңге қарастырылды. Жобаның жалпы құны – 2,8 млрд. теңге. Ал, Жоғарғы Қасқасудағы су құбырының құрылысына 852 млн. теңге бөлінді.
Тұрғындар ерекше үміт артып отырған жобалардың бірі – Бақырауық бұлағының суын пайдалану. Жоба аясында Балдыберек өзеніндегі су тазарту имаратын қайта жаңғыртып, «Ақсу-Жабағылы» қорығы аумағындағы бұлақ суын 12 елді мекенге жеткізу көзделген. Нәтижесінде 25 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізуі тиіс. Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд. теңге. Жұмысты биыл бастауға облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қарастырылды. Жоба Ханарық, Мәдени, Оңтүстік, Тасарық, Қазақстан, Жамбыл, Төңкеріс, Қостөбе, Майбұлақ, Көксәйек, Балдыберек және Қаратөбе елді мекендерін қамтиды. Бұл бастама мыңдаған тұрғынның күнделікті тұрмысына оң әсер етуге тиіс. Құрылыстың нақты аяқталу мерзімі жұмыс кезеңдері мен қаржыландыруға байланысты. Басты міндетіміз – жобаны сапалы жүзеге асырып, тұрғындарға ауыз судың тұрақты әрі үздіксіз берілуіне қол жеткізу.
– Инвестиция тарту – аудан экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте қандай қиындықтар бар? Оларды еңсеріп, ауданның дамуына серпін беретін қандай ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр?
– Инвестиция – аудан экономикасының өсуіне ықпал ететін негізгі күштердің бірі. Биылғы сегіз айда негізгі капиталға 25,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 20,8 пайызы өнеркәсіпке, 13,4 пайызы ауыл шаруашылығына, 60,4 пайызы басқа салаларға, ал, 5,4 пайызы бюджет қаражатына тиесілі.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 51,7 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,9 пайызды құрады. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көңіл қуантады. Бұл салада 46 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 106 пайызға жетті. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық беріліп отыр. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен ауданда үш мектептің құрылысы жүргізілді. Олардың жалпы инвестициялық құны 15 млрд. теңгені құрады.
Алдағы уақытта аудан экономикасына серпін беретін ірі жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Биылғы Жолдауда атап көрсетілгеніндей, «Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады». Бұл талап біздің ұдайы назарымызда болады. Солардың бірі – Киелітас ауылдық округіндегі «QazCoilPro» ЖШС-нің алюминий орамдарын шығаратын зауыты. Жобаның инвестициялық құны – 115 млрд. теңге. Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Зауыт 120 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Энергетика саласында да маңызды жобалар бар. Қаратөбе ауылдық округінің Төңкеріс елді мекенінде «Тауэнерго» ЖШС шағын су электр стансасын салуда. Жобаның құны – 2,5 млрд.теңге, қуаттылығы – 3,2 МВт. Сондай-ақ, Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің Сарқырама елді мекенінде «Jasyl Quat» ЖШС-нің шағын су электр стансасы жобасы жүзеге асырылуда. Құны 1,5 млрд. теңге болатын нысанның қуаттылығы – 2 МВт. Бұдан бөлек, Шымкент қаласымен шектесетін Киелітас ауылдық округінде 100 гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге шамамен 3,9 млрд. теңге қажет.
– Енді туризм саласына тоқталсақ. Төлеби ауданы облыстағы туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Қазір бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Әсіресе, Қасқасудағы туристік-рекреациялық кешеннің құрылысы қай кезеңде?
– Рас, Төлеби ауданының табиғи ерекшеліктері туризмді дамытуға кең мүмкіндік береді. Таулы аймақтар, көркем шатқалдар мен өзендер демалыс орындарын ашуға өте қолайлы. Соңғы жылдары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, туристерге қызмет көрсететін нысандар санын көбейтуге көңіл бөлініп келеді. Қазір ауданда туризм саласында қызмет көрсететін 260 нысан бар. 2023 жылы олардың саны 175 болса, 2024 жылы 199-ға, 2025 жылы 256-ға жетті.
Туристер ағыны да көбейіп келеді. Былтыр алғашқы жартыжылдықта ауданға 15 755 адам келіп, туристік қызмет көлемі 892 млн. теңгені құраған еді. Биыл осы кезеңде 26 594 демалушы келді. Оларға 1,1 млрд. теңгенің қызметі көрсетілді.
Туристерге арналған демалыс орындары да көбейіп келеді. Мәселен, Біркөлік шатқалында 1,6 млрд. теңге инвестиция тартылған «PARADISE VILLAS» кешенінің жеті вилласы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1 млрд. теңгеге салынған «SkyRest» демалыс аймағы іске қосылды. Онда алты вилла бар. Ал, Қасқасу шатқалында құны 4 млрд. теңге болатын «TAU DASTAN» демалыс кешені ашылды. Биыл жалпы құны 4,1 млрд. теңге болатын тағы жеті туристік нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, Төңкеріс елді мекенінде 2,5 млрд. теңгелік «Baldyberek Village» коттедж қалашығы салынып жатыр. Жоба аясында 32 коттедж бой көтереді.
Туризмді дамыту үшін демалыс орындарын көбейту жеткіліксіз. Оларға баратын жолдар мен қажетті инженерлік инфрақұрылым да талапқа сай болуы керек. Осыған байланысты Біркөлік пен Ақмешіт шатқалдарындағы 211 демалыс орнына қызмет көрсететін инфрақұрылымды жақсарту жоспарланған. Қазір жолдарды кеңейту, амфитеатр мен кәріз нысанын салу, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарын жүргізу, автотұрақтар ұйымдастыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Ал, Қасқасу туристік-рекреациялық кешені – өңірдің туристік әлеуетін кеңінен ашуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Оны жүзеге асыруға қытайлық инвесторлар қатысады. Қазір жобаға қатысты келіссөздер мен қажетті жобалық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
– Еркеғали Амантайұлы, ауданның дамуына қатысты осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда қандай ұстанымды басшылыққа аласыз?
– Мен үшін ең бастысы – ауданның экономикалық көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, сол өсімнің халықтың күнделікті өмірінен көрінуіне қол жеткізу. Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін мәселелерді шешу маңызды. Соның бірі – ауыз су. Бұл бағытта бірнеше ірі жоба қолға алынғанымен, мәселе толық шешілді деуге әлі ерте.
Екінші маңызды міндет – тұрақты жұмыс орындарын ашу. Инвестицияның тиімділігі оның көлемімен ғана өлшенбейді. Ең бастысы, жаңа жобалар іске қосылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуы керек. Сондай-ақ, жаңа өндірістер ашу және басталған жобаларды соңына дейін жеткізуге мән береміз. Ауданымызда бұған қажетті әлеует бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, нақты нәтижеге қол жеткізу.
Менің ұстанымым қарапайым: әкімдік жұмысының нәтижесі қағаздағы көрсеткішпен емес, халықтың күнделікті өміріндегі өзгеріспен бағалануы тиіс. Экономика өссе, жаңа жұмыс орындары ашылуы керек. Инвестиция тартылса, өндіріс іске қосылуы қажет. Бюджеттен қаржы бөлінсе, оның пайдасын тұрғындар көруі керек. Сондықтан алдағы уақытта да экономикалық өсімді халықтың тұрмыс сапасын арттырумен ұштастыруға күш саламыз. Басты мақсатымыз – ауданның әрбір елді мекенінде нақты оң өзгерістерге қол жеткізу.
– Ендеше, ел игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».