Бегзада, дегдар – Астанам менің!

«Астана келбеті – ұлт келбеті. Мемлекет дидары, халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа Астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды екі есе арттыра түсері сөзсіз.

Оның біз жеткен биіктердей өрелі, біз орнатқан қоғамдай тартымды болып, көркейіп, өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз» деген еді Елбасы.

Қаланың айдай сұлу ажары, сәні мен салтанаты көрген жанды тамсандырып, өркениет өресінен өзінің лайықты орнын алып келеді. Елордаға өлең-жыр арнамаған ақын кемде-кем. Астананың туған күніне орай қазақтың танымал ақындарының айшықты жырларын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

 

Алты Алаш елiм егемен болып...

(«Көшбасшы» поэмасынан үзінді)

Ұлттық тұтастығымыздың мәселесi ең өткiр қойылған арғы Тоқтамыс пен Едiге, бергi Тәуке мен Абылай замандарында билiк ордасының бұл маңайға қайта-қайта көшiп келiп, көшiп кетуiнде де көп сыр бар.

Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

Кеткенiн талай басқаға кегiм,

Тастарға жазып тастаған едiм.

Жарқырап нұрың тұрсың ба жайнап,

Бегзада, дегдар – Астанам менiң!

 

Шашыңдар шашу, қырмызы кiлең,

Тойлаңдар мәңгi ұл-қызым, ерен.

Түн менен таңның арасындағы,

Сәрiде туған жұлдызым сен ең.

 

Байлық пен құтқа тегенең толып,

Төртеуiң түгел – төбеден қонып.

Айнала ұшқан алты қаз құсап,

Алты Алаш елiм егемен болып...

 

Тарқады шерiм, көне сарыным

Саябыр таппай неге арыным.

Құны кетсе де нұры шалқыды-ау,

Қан құсып өткен Кенесарының.

 

Алыста қалған сағымдай бiр күн,

Көңiлiн баурап лағылдай ырым.

Ақ Орда тұрған бүгiнгi жерге,

Ақ шатыр тiккен Абылай бұрын.

 

Арқаның мынау төсiн жайлаған,

Бабаң да талай шешiм байлаған.

Қала салсам деп Қасым қалаған –

Есiлдiң бойын... Есiм ойлаған...

 

Мақсатқа жеттiк мәнi кетпеген,

Жүректi жарып дәнi көктеген.

Аманат болған Астанам менiң,

Керей хан менен Жәнiбектерден.

 

Аспаған елiм, таспаған елiм,

Тарихын қайта бастаған дедiм.

Жұмыр Жер, кенет, жүзiк боп кетсе,

Гауһардай жанған – Астанам менiң!

 

АТАЖҰРТ

Қалайша ақиқатты жасыра алам,

Бiр кезде бытырадай шашыраған.

Алаштың алтын айдар ұл-қызының,

Қосты ғой Атажұртқа басын Аллам.

 

Аңсаған иек артып тiлегiне,

Атажұрт зарықтырған нұр өңiне.

Баяғы Бейбарыстай туған жердiң,

Жусанын тұмар етiп жүрегіне.

 

Нұрлы көш нұрлы өлкеге құйылса кеп,

Шыбын жан Атажұртта қиылса деп.

Бұл күнге жете алмады қанша боздақ,

Топырақ туған елден бұйырса деп.

 

Ел осы, жерiң осы – төрлет ендi,

Орын жоқ қайғы менен шерге тегi.

Тәуелсiз туған жердiң көк аспаны,

Жаныңды жауһазындай тербетедi.

 

Ел осы, жерiң осы – зарықтырған,

Ол күндер артта қалды қамықтырған.

Қолдасып, қауымдасып бет түзейiк,

Жұлдыздай Ертеңiме жанып тұрған.

 

Кiргiзiп аз қауымның берекесiн,

Елге ел қосылғаны – мереке шын.

Бiрлiгiм ажырамай тұрса осылай,

Тәңiрiм бiздi кiмнен кем етесiң.

 

Баураған Бауырларын сел сезiммен,

Бастаған болашаққа елдi өзiмен.

Жиылып Елбасының соңына ерiп,

Тұтасып Ұлт болатын келдi кезең.

 

Тұтасып ұлтқа айналу – ұлы мақсат,

Алашты Нұрсұлтандай ұлы бастап...

Сәбилер өсу керек елiн сүйiп,

Арманын бабалардың ұғып асқақ.

 

Бар болсаң бауырыңа саялайды,

Жоқ болсаң «достың» өзi аямайды.

Қазақты қазақ қана шын түсiнiп,

Қазақты қазақ қана аялайды.

 

Бейнет қыл, зейнетiн көр тiрлiгiңде,

Мың күнiң арзитындай бiр күнiңе.

Айтқан ғой бұрынғылар, бiз де айтамыз –

«Қазағым, сенiң күшiң – бiрлiгiңде!»

Несіпбек АЙТҰЛЫ

 

Бәйтерек (поэмадан үзінді)

Ақмола кеше ғана басқа қала,

Айналды Бәйтеректі Астанаға!

Еміреніп өз анасы емізбесе,

Сәбиге шайнап берген ас бола ма?

 

Бақытым басымда тұр талай күткен,

Сеземін келмегенін оңайлықпен.

Үзіле жаздап еді өндіршегім,

Өзекке тепкілеген өгейліктен.

 

Көңілге сәуле құяр Сарай нұры,

Астана – ел тірегі, ел айбыны!

Кемері шалқып жатқан Қазақстан –

Мұхиттың аласұрған көк айдыны.

 

Тіршілік түзегенде көркін жаңа,

Сұрапыл соқпаса екен толқын жара.

Армысың, Азаттықтың астанасы –

Талпынған арманына еркін қала!

 

Жаһанның жанарында жаңа қала,

Жұлдыздай туа қалған өліарада.

Бес жылда бой көтерген ғимараттар,

Жайнап тұр шомылғандай самалаға!

 

Жырламас ғажайыпты кім мұндағы,

Жеткенше сөздің дәмі, тілдің нәрі.

Алғысын жаудырады Елбасыға,

Болашақ бұл шаһардың тұрғындары.

 

Қарашы, шаңырағы жас қаланың,

Аспанның бұлтын серпіп тастағанын!

Бүгіннен басталатын шежіресі,

Авторы – Назарбаев Астананың!

 

Самсаған қара орманым – байтақ елім,

Сынға сап сан жақсыны байқап едің.

Еңсесін елдігіңнің биіктеткен,

Ортаңда бойлап өскен Бәйтерегің!

 

Өтінде арпалысқан өмір-майдан,

Бәйтерек – болашағың тамыр жайған.

Немесе Елбасының өр тұлғасы,

Қолымен өзі әкеліп Тәңір қойған!

 

Туыңдай қанат керген желді күнгі,

Танытты кең әлемге теңдігіңді.

Тұрғанда Бәйтерегің көкке шырқап,

Ұстай біл асқақтатып Елдігіңді!

Пікір қалдырыңыз