Мақсат – ауыл шаруашылығы табысын 40 млрд. теңгеден асыру

Қазығұрт ауданында өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 35 млрд. 508,4 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102 пайызды құраған. Жыл соңына бұл көрсеткішті 40 млрд. 421,4 млн. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Өткен жылы аймақта 83 983,1 гектар алқапқа егіс егіліп, 13 500 гектар суармалы жер толығымен игерілді. 2019 жылдың І тоқсанында егіс көлемі 74413,4 гектарға жетсе, жылдың аяғына дейін 84000 гектар жерді игеру межеленіп отыр. Ал, 13 500 гектар суармалы алқаптың 6780 гектарына дақылдар отырғызылып, жыл аяқталғанша жүз пайыз игерілетін болады. Тамшылатып суару әдісін 4048 гектарға ендіру көзделуде.

Бұдан өзге, биыл І тоқсанда жылыжай көлемі қосымша 9,1 гектарға ұлғайып, оның жалпы аумағы 139,1 гектарға жетті. Жылыжайлардан былтыр 38,8 мың, 2019 жылдың І тоқсанында 9,7 мың тонна көкөніс алынды. Сондай-ақ, 2018 жылы дәндік жүгеріден – 2570, көкөністен – 51500, бақшадан 14 200 тонна өнім жиналды. Ал, масақты дақылдардан түскен өнім 103 052,3 тоннаны құрады. Бидайдың орташа түсімділігі гектарына 24,5 центнерге артты. Ауданның көкөніс, бақша дақылдары өз нарығымыздан бөлек Өзбекстан, Ресей, Қытай және Иран мемлекеттеріне экспортталды.

Бүгінгі таңда «Қазығұрт» индустриалды аймағындағы жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаға жер телімдері қарастырылған. 2016-2017 жылдары 3 жоба іске асырылса, 2018 жылдың қараша айында «Көрік ШҚ» ЖШС-нің 589 млн. теңгеге «Алкогольсіз табиғи шырын сусындар шығару» жобасы іске қосылды. Мұнан бөлек биыл 1 жоба, ал, қалған 2 жоба келесі жылы қолға алынады деп күтілуде.

Ауданда бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 18 кәсіпорын бар. 2018 жылы өнеркәсіп орындарында 7 млрд. 427,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,2 пайызды құрады. Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемін 6885,1 млн. теңгеге жеткізіп, нақты көлем индексін 104,5 пайызға орындау жоспарлануда.

Ал, шағын және орта бизнес саласында өткен жылы 32 жоба жүзеге асырылып, 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл кәсібін дөңгелетіп отырған шағын және орта кәсіпкерлер саны 7792 адамды құрап, жоспарға сәйкес бұл көрсеткіш 121,1 пайызға өскен. Осы сала бойынша 12 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, жеке кәсіпкерлер өндірген өнім көлемі 50 млрд. 723,3 млн. теңгеге артты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Қазығұрт ауданы.

Пікір қалдырыңыз