Он бір жылғы еңбек сыналар шақ
Биыл Түркістан облысы бойынша мектепті 24 513 оқушы бітіреді. Жалпы, облыста 467 543 оқушы барын еске сала кетейік. Бітірушілердің 1472-сі «Алтын белгіден» үміткер. Әрине, соңғы жылдары жоғары оқу орнына қабылдану үшін «Алтын белгі» иегерлеріне анау айтқан жеңілдіктер қарастырылмағанымен, бұл баланың он бір жыл мектеп қабырғасында алған білімінің нәтижесін айқындайтыны анық. Түркістандық мектеп түлектері сапында биыл «Үздік аттестатқа» лайықтылар саны да аз емес. Олардың саны 1003-ті құрайды.
Жалпы, мектепте 9-сынып оқушылары да
түлектер қатарына жатқызылады. Себебі, дәл осы сыныптан кейін оқушылардың көбі
орта арнаулы білім мекемелеріне құжат тапсырып, колледж студенті атануға
мүмкіндігі бар. Олай болса биыл 9-сыныпты бітірушілердің 3604-і негізгі білім
туралы «Үздік аттестатқа» ие болуы мүмкін. Себебі, алда сынақ тұр.
Сынақ демекші, мектеп бітірушілер үшін ҚР
Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, биыл 9-сыныпты бітірушілер 4
пәннен мамырдың 27-сі мен 6
маусым аралығында, 11-сыныпты бітіргендер 5 пәннен мамырдың 28-інен бастап, 9
маусымға дейін мемлекеттік емтихан тапсырады.
Жоғарыда айтылған «Алтын белгі», «Үздік
аттестат» иегері атану оңай емес. Тек ерінбей ізденген, білімін шыңдай түскен
шәкірт қана жоғары жетістіктерге иек арта алады.
Мысалы, 2018-2019 оқу жылында оқу
жетістіктерін сырттай бағалау сынағына облыстағы 905 мектептің 107-сі
қатысқан. 4, 9, 11-сынып оқушылары арасында өткен сынақ жалпы алғанда 14 320
оқушыны қамтыған. Нәтижесінде 4-сыныптар арасында орташа балл 19,63-ті
көрсеткен. Бұл өткен оқу жылындағы көрсеткішпен салыстырғанда 3 балға жоғары.
Дәл осындай сынаққа қатысқан 9-сынып
оқушыларының орта балы облыс бойынша 39,07 болды. Ал, 2017-2018 оқу жылында бұл
көрсеткіш 31,09 болған.
Биыл мектеп бітіреді деген 11-сынып
оқушылары оқу жетістіктерін сырттай бағалау сынағынан 60,55 балл жинады. Бұл
өткен оқу жылымен салыстырғанда 10 балға жоғары. Демек, өңірімізде білім беру
сапасы артып келеді деген сөз!
Айта кету керек, биыл мектеп бітіруші
түлектер үшін тест тапсыру 4 кезеңге бөлінді. Қантар, наурыз (ақылы негізде),
маусым (ақысыз негізде), тамыз (ақылы негізде) деп бөлінген сынақтың
қорытындысы бойынша түлектер өз мүмкіндіктерін сынап көре алады. Дегенмен,
қаңтар, наурызда тапсырған және тамыз айында тапсыратын тестілеу нәтижесімен –
бітіруші ақылы түрде оқуға түсу мүмкіндігін алады. Ал, маусымдағы тест –
мемлекеттік грант негізінде тегін оқуға түсуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге ҰБТ
тапсыру ережесінде айтарлықтай өзгерістер жоқ.
– ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, Ұлттық бірыңғай тестілеу
2019 жылдың 20 маусым – 5 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ға құжаттар қабылдау биыл
1 сәуірде басталып, 10 мамырда аяқталды.
Түркістан облысында ҰБТ тапсыруға 15 пункт
дайындалды. Олардың біреуі жоғары оқу орнының, екеуі колледждің,12-сі орта
мектептердің базасында, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін
атқарушы Ардақ Садықова.
Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек,
қаңтар айында алғашқы рет ақылы түрде өткізілген тестке 5206
бітіруші қатысып, облыстың орта балы 58,3-ті құраған. Ал, наурыз айындағы
тестке 14375 түлек өтініш бергенмен, нақты қатысқаны 14 208 болған. Олардың
орта балы 79,5-ті құраған.
Негізгі рөл ойнайтын маусымдағы тесттің
нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді.
Жалпы алғанда мектеп оқушылары арасында
биыл халықаралық, республикалық ғылыми жобалар сарапқа салынған байқауларға
қатысып, пән олимпиадаларында үздік шыққан шәкірттер көп. Мұндай білім
бәсекелерінен Түркістан облысы бойынша 17 оқушы алтын, 25 оқушы күміс, 42 оқушы
қола медаль алған.
Ал, Алматының төрінде өткен республикалық
ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша Түркістан облысының құрама
командасы ең үздік топ атанды.
Әрине, оқырманның көкейінде
«жүлдегерлердің көбі Дарын мектебінің оқушылары болар» деген дүдәмал ойдың
туындауы орынды. Расында да, медальдің көбін Дарын мектептерінің шәкірттері
алған. Бірақ, ол мектептерде оқып жатқан сіз бен біздің, осы өңірдің балалары
екендігін де ұмытпайық. Ал, жалпы алғанда үздіктер сапында Түркістан, Кентау
қалалары мен Сарыағаш, Төлеби аудандарының қарапайым мектебінде білім алып жүрген
оқушылар да бар.
Мектеп оқушыларының бойына, әсіресе,
рухани байлықтың негізін қалау мақсатында облыс мектептерінде қазақтың айтулы
ақын-жазушыларының шығармаларын жаттау соңғы жылдары жандана түскен. Қазақ
әдебиеті классиктерінің шығармаларын талдауға құрылған байқаулар жиі өтіп
тұрады. Жүлдегерлер республикалық байқауларда оқ бойы озып келіп жүр. Мысалы,
Созақ ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Ақмарал
Досболқызы республикалық Ілияс Жансүгіров оқулары байқауында жүлдегер атанды.
Ордабасы ауданындағы М.Исламқұлов атындағы
мектептің оқушысы Нұрқожа Сағатхан Қадыр Мырза Әли оқуларында 2-орынды иеленсе,
бәйдібектік 11-сынып оқушысы Бексұлтан Отызбай осы байқауда Алғыс хатпен
марапатталды.
Ал, Сарыағаш ауданындағы №38 мектептің
оқушысы Арайлым Тілеубек республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларында 3-орынға ие
болды.
Биылғы оқу жылын өңір ұстаздары мен
оқушылары осындай нәтижелермен қорытып отыр. Алдағы сынақ – ҰБТ білім сапасының
қаншалықты жақсарғанын тағы да бір айқындап бергелі тұр. Олай болса, түлектерге
сәттілік тілейміз!
Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Ońtústik Qazaqstan».