Тәжiрибелi реформатор Тоқаев Қазақстанды дағдарыстан қалай алып шықты?

Қасым-Жомарт Тоқаев – Премьер-министр бола отырып мемлекеттілікті нығайтуда маңызды рөл атқарған тұлға. Ол 1999-2002 жылдары еліміздің Премьер-министрі болған кезде Қазақстанның экономикасын сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерді.

Тоқаев Премьер-министр болған шағында ұлттық экономикамыздың хал-ахуалы тым нашар болатын. Кеңес Одағынан мұра болып қалған зауыт-фабрикалар қаңырап тұрған, өзге елдермен экономикалық байланыстар да күрт нашарлап кеткен еді. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай ел экономикасының құрылымын қайта құру мақсатында жаңа реформаларды қабылдау керек болатын. Десек те, сол реформалар кезінде елімізде күтпеген қиындықтар орын алып, жалпы ішкі өнім күрт төмендеп кетті. Ол аздай, 1998 жылы Азия елдерінде дағдарыс басталды. Ал, Ресейде тарихта «қара сейсенбі» деп аталған экономикалық құлдырау орын алды. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы төмендеп кетті. Сөйтіп, Қазақстанға солтүстік көршімізден келетін тауарлардың бағасы тым арзандап шыға келді де, Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын қабылдауға, тіпті, теңгенің девальвациясын жүзеге асыруға мәжбүр болды.

Қарап отырсақ, Қазақстан тоқсаныншы жылдардың соңында күрделі экономикалық дағдарысты бастан кешірді. Саяси сарапшылар сол кездері «Қазақстанның жаңа деңгейге көшуіне ұзақ жылдар керек» деген пікір айтып жатты.

Тап сол кезде Үкіметке тұла бойы құлшыныс пен күш-қуатқа толы Тоқаев сынды басшы келді. Елбасы сол уақытта дәл осындай жас әрі айтарлықтай тәжірибелі саясаткер мемлекеттік маңызы бар шешімдерді дұрыс қабылдай алатынын бағамдай білді.

Расында, өткен күндерге көз жүгіртер болсақ, 2000 жылдан бастап еліміздің жалпы ішкі өнімі өсе бастады. Мәселен, ЖІӨ көлемі 1999 жылы – 2,7% өссе, 2000 жылы бұл өсім – 9,8%, 2001 жылы - 13,5%, 2002 жылы 9,8%-ды құрады. Кейбір адамдар бұл жетістікті мұнайдан түскен табыспен шатастыруы мүмкін. Бірақ, іс жүзінде олай емес. 1999 жылы мұнайдың бір баррелінің бағасы 17 долларға дейін құлдыраған. Ал, 2002 жылы қара алтынның бағасы тек 25 долларға дейін ғана қымбаттады. Энергоресурстар құнының шарықтаған кезі бертінде болатын. Тек 2005 жылы ғана мұнай бағасы 54,3 долларға дейін жетті.

Демек, Қазақстанның экономикалық өрлеуінің сыры басқада еді.

Жалпы алғанда, Тоқаев пен оның орынбасарлары Елбасының барлық тапсырмаларын мүлтіксіз орындады. Нақты айтар болсақ, Тоқаев бастаған Үкімет посткеңестік кеңістікте бұрын-соңды болмаған екі ауқымды стратегиялық жобаны жүзеге асырды. Біріншісі – астананы Алматыдан көшіріп, жаңа заманауи қаланы салу. Назарбаевтың басшылығымен 1999-2002 жылдары жаңа астананың үлкен құрылысы басталды. Астана ірі құрылыс алаңына айналды.

Екіншісі – мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау және оны толықтай нарық заңдылықтарына сәйкестендіру. Міне, осы реформалар еліміздің алдағы онжылдықтардағы экономикалық өрлеуінің негізін қалады. Бір ғана көрсеткішті айтайық. Тоқсаныншы жылдардың соңында нөлге жақындаған шағын және орта бизнес 2002 жылдың өзінде жалпыұлттық ішкі өнімнің 18 пайызын құрайтын дәрежеге жетті. Мұның бәрі Тоқаев Үкіметінің дұрыс шешімдер қабылдап, нәтижелі жұмыс істегенін көрсетеді. Міне, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің білікті дағдарысқа қарсы менеджер екенін іс жүзінде осылай дәлелдеген.

Жобалардың әрқайсысының масштабын айтпаған күннің өзінде елдегі басқару жүйесінде мұндай ауқымды істерді орындау бойынша тәжірибенің болмауы Үкіметтің жұмысын қиындатқан еді. Міне, осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлының өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы Қытайда қызмет атқарған кездегі тәжірибесі пайдасын тигізді. Өйткені, Тоқаев ҚХР-да еңбек еткен жылдары «аспан асты» елі өз экономикасын жоспарлы жүйеден нарықтық қатынасқа көшірген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-2030» стратегиясын іске асыруға елеулі үлес қосты. 1999-2002 жылдарға арналған бірқатар заңнамалық түзетулерді енгізу нәтижесінде стратегиялық жоспарлаудың жаңа тәсілдері негізінде мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылды.

Дегенмен де, мұндай реформаларды, қабылдап жатқан заңнамаларды «тарихи кезең» немесе «жаңа үрдіс» деп атасақ та, мұның барлығына өз септігін тигізіп отырған Үкімет болды.

Үкімет елдегі инвестициялық ахуалды дамыту үшін шетелдік инвесторлармен қарым-қатынастарын нығайтты. Соның арқасында ел экономикасы едәуір нығайып, жаңа кезеңге қадам басты. Мұнда Тоқаевтың Сыртқы істер министрі болған шағындағы халықаралық тәжірибесі өте пайдалы болды. 2000 жылға қарай Премьер-министр өз тәжірибесіне сүйене отырып, ел экономикасына 15 миллиардтан астам АҚШ долларын тартты. Бұл Қазақстанның сенімді және табысты инвестициялық серіктес ретінде танылуына жол ашты.

Тоқаевтың Үкімет басшысы болған шағында мемлекеттік қызметкерлер, саяси және әкімшіліктерде жұмысшылар саны артты. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетте бірқатар жұмыс орындары ашыла бастады. Сонымен қатар, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдірілді. Үкімет халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды, кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күресу бағдарламасын іске асыру үшін бірнеше шараларды қолға алды. Сол кезде республиканың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуі басталды.

Жалпы алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр болған шағында Қазақстанда мемлекеттік жүйенің контурын қайта құрып, оны посткеңестік жүйеден заманауи, нарықтық бағытқа бұра білген қайраткер.

Дерек көзі: sn.kz

Пікір қалдырыңыз