Соғыс жылдарындағы ауыл трагедиясы: балалар мен аналар ерлiгi

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan». «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» дегенді алғашқылардың бірі болып Бауыржан Момышұлы айтыпты. Расында да ауылда қалған белі қатпаған бала мен жер таянған қарттың, үйге де, түзге де бірдей болған әйелдің Ұлы Жеңіске қосқан үлестері ересен. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажымас қайсарлықпен көтере білді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. 1944 жылы колхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20 пайыз, әйелдер – 58 пайыз, жасөспірімдер 22 пайыз болды. Яғни майданды азық-түлікпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.
Қазақстандықтар соғыс жылдары майданға өз қаржыларына қару-жарақ, техника да жіберіп тұрды. Мысалы, Шымкент теміржол жүйесінің комсомолдары Мәскеу түбіндегі майданға танк колоннасын жабдықтау үшін қаржы жинайды. Шымкент комсомолдарының бұл бастамасын бүкіл Қазақстан қолдап, жиналған 11 650 мың сомға жасалған 45 танк 1942 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан комсомолы» деген жазумен Сталинград майданына жөнелтіледі. Атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов ұшақ құрастыруға 100 мың сомын аударған. Жүздеген оқушы егіс алаңдарында жұмыс істеп, металл қалдықтарын жинап, «Қазақстан пионері» қорына 4 млн. сом ақша жинады. Бұл ақша «Қазақстан пионері» атты колоннаны жабдықтауға жұмсалды.
Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә? Майданда қорғасын оқ жауса, елде «қара қағаз» жауған кез еді ол. Ер азаматын, баласын жоқтап, аза тұтқан аналар жылап-сықтап, ертеңіне көздері ісіп, жұмысқа баратын. Көңілде мұң-шер, көзде жас болса да күн-түн қатып еңбек етті. Қазақ әйелінің сол бір қайсарлығы мен төзімділігіне қалай қайран қалмассың?!
Ал, күткен адамыңнан сол «қара қағазы» құрғыр да келмей, хабар-ошарсыз, мүлдем із-түзсіз кетудің қасіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Жетісай ауданының тұрғыны, жасы 80-нен асқан кейуана Ұлжай Әзімханқызы әкесі майданға аттанғанда 4-5 жаста екен.
– Менің әкем Әзімхан Тілеубекұлы соғыста мүлдем хабарсыз кетті. Өзімен бірге аттанған Сүттібай ақсақал оқ пен оттың ортасында төрт жыл жүріп, елге аман-есен оралды. Айтуынша, ауылдан алып кеткен соң олар үш ай дайындықта болған. Содан кейін алдымен пойызға отырып, кейін жүк көлігіне ауысып, әскери бөлімшеге бара жатқан жолда жау ұшақтары бомба жаудырған. Бомба көліктің жанына түсіп, көліктерінен сау тамтық қалмапты. Сүттібай көке үш күннен кейін госпитальда есін жиыпты. Екі ай емделген соң, қанды майданға қайта аттанып, төрт жыл соғысып, 1945 жылы елге оралған. Сол кезде ол жүк көлігінде әкеммен қатар отырған екен. Кейін Әзімхан Тілеубекұлының есімін не тірілер, не өлілер санатынан көре алмапты, – дейді Ұлжай әже.
Мұндай мысалдар аз емес. Соғыс сәбилерді тым ерте есейтті. Бала болса да Ұлжай әже тылдағы өмірдің ауыртпалығын көзбен көріп, жадында сақтап қалған.
Ал, әйелдер шаруашылықтың барлық саласында ер адамдардың орнын басты. Зауыттар мен фабрикаларда, рудниктер мен шахталарда, колхоз-совхоздарда күні-түні жұмыс істеді. Шамалары келгенінше майданға азық-түлік, киім-кешек жіберіп отырды. Бәрі де майдан үшін қызмет етті. Ал, Түркістан өңіріндегі қыз-келіншектер Ащысай, Ленгір шахталарында еңбек етті. Қорғасын зауытында да маңдай терін төккен қыз-келіншектер жетерлік. Себебі, ер азаматтар майданға аттанған соң, өндіріс орындары бос қалды. Сол себепті әйелдер слесарь, токарь сияқты кәсіптерді игерді.
Бүгін бейбіт аспан астында шалқып жүргеніміз – кешегі аталарымыз бен апаларымыздың қайтпас қайсарлығы, ерлігі мен төзімділігінің арқасы. Ендеше, жас ұрпақ сол ерлікті өнеге тұтуы тиіс.