Қасиет қонған Қаныш Сәтбаев салған жол ұрпаққа ұлағат

Әр адам өз ұлтымен мақтана алады. Қазақ деген ұлттың өкілі болу – мен үшін зор бақыт. Берекесі тасып жатқан ұлан-байтақ елге еміренер ер керек. Бір қуаныштысы, бізде ер де бар, «ерім» дейтін ел де бар. Тіршілігінде ұлтының тағдыры үшін алаңдаған қазақ ғылымының атасы, ұлт мәдениетінің көшбасшысы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты өз басым мақтаныш тұтамын.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қанышты өзгелерден дараландырып тұратын қасиеті – шәкірттерін жұмылдыра білген ғажайып ұйымдастырушылық қабілеті. Ол – ұлт мәдениетінің көшбасшысы» деп баға берді. Тау тұлғалы, барлық саналы ғұмырын жер асты байлығын зерттеуге арнаған қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев сан қырлы талант иесі.
Қазақ жерінің қатпар-қатпар тау жоталары, сылдыраған бұлақтары, «үп» етсе бас изеген жусаны мен изені өткен күндерден сыр шертіп тұрғандай.
Жер-ананың біз білмейтін құпия сырларын ұғып, онымен сөйлесе білген Қаныш атамыздың көңілі қазақтың дарқан даласындай кең, жүрегі жұмсақ екенін аңғарамыз. Сәтбаевтанушы Медеу Сәрсеке өз зерттеуінде Қаныш Сәтбаевтың тоғызыншы атасы атақты Бұқар жырау екендігін айтады. Қаныштың әншілігі мен әдебиетші ретіндегі «Ер Едіге» жырындағы түсініксіз сөздерді жаңа орфографиялық ережеге сай түзету жасауы – ол кісінің асылдың сынығы екенін айғақтап тұр емес пе?!
Қаныш Имантайұлы Алаш қайраткерлерімен дос болған, бірін-бірі көп жағдайда қуаттап, қолдап отырған. Сондай-ақ, ғалым 20 жасында Киселевтің алгебра оқулығын қазақ тіліне аударған. Осыдан-ақ біз Қаныш Сәтбаевтың ғылымды түгелге жуық игерген түпсіз терең ғұлама екендігіне көз жеткіземіз. Қазақ жерінің кен байлығын алғаш зерттеп, оны әлемге Жезқазған мыс комбинаты арқылы танытқан ғалымның еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі таңда мұнай, түсті металл, көмір, газ, мыс, темір, тағы да басқа жер байлықтарының қажеттілігі ғаламдық маңызға ие болып отыр. Ғұлама ғалым осы байлықтың қайнар көзін, оны кәдеге асыру жолдарын ғылыми түрде анықтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстады.
Қаныш Сәтбаевтың ел өмірінің қиын сәттерінде халықпен бірге күйзеліп, қанатымен су тасыған қарлығаш секілді елге көмегін ұсынып, бірнеше ұрпақты аман алып қалуы – оның кісілік келбетін одан әрі нұрландыра, биіктете түседі. Мұны Жезқазған жерін алғаш зерттеген жылдары халықты ашаршылықтан аман алып қалу үшін атқарған қажырлы еңбегінен таныдық. Ғұлама ғалымның қасиеттерінің бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байытып тұратынына Сәтбаев өмірімен танысқан сайын көз жеткізе түсеміз. «Кімге қарап бой түзеу керек? Кімнен үйрену керек?» деген сауалға тынымсыз ізденіп, Қаныш Сәтбаев өмірін зерттеу арқылы жауап таптым. Сәтбаевтың сайрап жатқан жолымен жүрген әрбір жас ұрпақтың ісі өнегелі де өміршең болмақ. «Мен қазақтың ішіндегі ең кішкентайымын, халқым менен де биік» деп Қаныш Сәтбаев өз халқына шексіз құрметін, тағы да бір ізгілігін көрсетеді. Бұл ғалымның кейінгі толқын талантты жастарға қалдырған ұлағатындай сезіледі.
Нәзира ӨМІРЗАҚ, «Әңгірата» жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Төлеби ауданы.