Көкек келмей, көктем жоқ

«Диқанға құт болғанмен, малшыға сарыуайым» сәуір айы да келді. Сәуір айы – қазақтың тәуір айы, көктемнің нағыз толысқан шағы. Табиғаттың тамаша кезеңінде айнала жаңарып, тіршілік мәре-сәре күйге еніп, мал төлдеп, көктеу кеңейеді. Ал, кей жерлерде қардың көбесі енді ғана сөгіліп, ызғар қариды. Осыған байланысты малшылар «наурыз – суымен, сәуір – нуымен, мамыр – гүлімен» деп айтады.
Сәуір айының ертеден келе жатқан қазақша аты – көкек. Оның себебі, көктемнің бір белгісі – көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілі. Бұл айда құстың үні ерекше байқалған. Бірақ, ұшқалақ, жеңілтек, өз атын өзі шақыратын құстың аты жағымсыз мәнде айтылған соң сәуірмен ауыстырған. Ал, Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Май мол болады деп көкек қонған бұтақты сүт құйған сабаға салып қояды екен.
Халық аузында бұл айдың сәуір, көкек деген атауларына байланысты мынадай өлең жолдары кездеседі:
Суға толар сай-сала,
Сәуір болмай, жауын жоқ.
Нуға толар айнала,
Жауын болмай, тәуір жоқ.
Көкек келмей, көктем жоқ, –
Көктемнің дер шағы бар.
Айдың – төлдер көкке тоқ –
Көкек аты тағы бар.
Сәуір айы – шаруа айы.
Еңбек етіп жатыр ел.
Сәуірде болатын табиғат құбылыстарына байланысты түрлі атаулар бар. Мәселен, бесқонақ — көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез, амал. Бұл әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, күн райы қанша тамылжып тұрса да малшы-шопандар жайлауға көшпеген. Өйткені, бұл кезде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр жаумай қалмайды. Сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи амалды «қызыр қамшысы» деп атаған. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауып, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. «Тобылғы жарған» – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл – тобылғы бүршік жарған, яғни, өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз. Сондай-ақ, қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауын-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңін отамалы деп атаған. Бұл кезде шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады. «Отамалы оңына бақса, от алғанша өте шығады, ал, жаманына бақса, ойылған жұт болады» деген тәмсіл сөз содан қалған.
Қазақ жұлдызшыларының есебі бойынша сәуір амалы осы айдың жиырмаларына кіреді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек «жаз бұлты» шығады. Қариялар сәуір амалы кіргенде жаз бұлттарын бақылаған. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге дейін жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. «Сәуір болмай тәуір болмайды» деген мәтел де осыдан қалған болса керек. Сәуір амалы кезінде табиғи құбылыстардың шаруашылыққа қолайлылығы туралы «Сәуір айы – малшыға тәуір ай», «Сәуір айы – жауын айы», «Сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн» деген мақал-мәтелдер бар. Сәуір амалы өтпей, сәурік (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге болмайды. Аяқ-астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран болуы мүмкін. Болжаушылардың тұжырымы бойынша бұл амал мамыр айының онында кіреді екен. Қазақ халқы сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де сәуір деп атаған. Мысалы,
«Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша» деп ақын Төлеген Айбергенов жырласа, Мұқали Мақатаев:
«Жылап тұр, жылаңқы бұлт сабылып тұр,
Сағынып тұр күн нұрын, жабығып қыр.
Бірде жауын, біресе қарға айналып,
Сәуір айы малшыға қағынып тұр.
Шопан жүр малыменен, көптен бөлек,
Төпеп тұр, келер емес көктен көмек.
Сәуір айын сықпыртып, сыбайды кеп,
– Құрғырдың түбі түсіп кеткен бе?! – деп
Ойында – әрі ашу, әрі уайым,
Әйтеуір оңдырған жоқ сәуір айын.
Сәуір айы – малшыға сарыуайым,
Малмен бірге бағады ауа райын, – деп табиғаттың бір сәттік құбылысын жыр жолдарына айналдырады.
Ал, биылғы сәуір «Қазгидромет» орталығы синоптиктерінің болжауынша, түні салқын, күні жылы өтеді. Жауын-шашын күтіледі, айдың ортасы мен соңы дауылды, кей жерлерде найзағай ойнауы мүмкін. Үшінші онкүндіктің соңында ауа температурасы төмендейді деп болжануда.
Баспасөз материалдары бойынша дайындаған Лаура ТАСТАНБЕК.